Облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көріп, қолға алынып жатқан құрылыс жұмыстарының сапасына және қаланы көркейтіп, көгалдандыру мәселелеріне назар аударды.
Өңір басшысы алдымен, «Бурабай» спорт сарайында болып, «Арлан» хоккей командасының ойыншыларымен кездесіп, оларға үміт артатынын, әрқашан қолдайтынын атап өтті. Қазақстан Республикасы чемпионатының ақтық кезеңінде Атыраудың «Бейбарыс» хоккей командасымен ойнайтын арландықтарға сәттілік тіледі. Облыс басшысы «Оқжетпес» футбол клубында болып, стадионды аралап көрді. Футбол алаңының маңын тәртіпке келтіруді, жеңіл атлеттер жолын жөндеуді тапсырды. Мұнда жанкүйерлер отыратын трибуналарға жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Облыс әкімі бұл жұмысты 5 мамырға дейін аяқтауды міндеттеді.
Одан әрі өңір басшысы Пушкин көшесінің №18 көп пәтерлі тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстарына назар аударды. Қазір «Аңсат kz» серіктестігі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған ғимараттың сыртқы сылақ жұмыстарымен айналысуда. Облыс әкімі көршілес көп қабатты үйді жөндеуді және ауланы абаттандыруды тапсырды.
Өңір басшысы Капцевич көшесінде болып, жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жұмыстарды «Көкше жолдары» мен «Инженер дор проект» серіктестіктері атқаруда. Вавилов көшесінен көпірге дейін созылып жатқан бұл жолдың ені 9 метр, ұзындығы 4 шақырымға жуық. Көше бойымен екі жаяу жүргінші жолы салынады. Жаңадан электр бағаналары орнатылады. Облыс басшысы жаяу жүргінші жолды жылу құбырының сыртына салуды, көше бойына ағаш көшеттерін отырғызуды және жол жөндеу жұмыстарын 5 қыркүйекте аяқтауды тапсырды.
Көкшетау қалалық әкімдігінің маңындағы 8 жер үй бұзылып, оның орнына «Шаңырақ» тұрғын үй кешені салынады. Бұл жұмысты «Алуа строй» серіктестігі атқаруда. Облыс әкімі өз сөзінде Қопа көлі таза болуы үшін жер үйлердің орнына көп қабатты тұрғын үйлер салу қажеттігін атап өтті. Жер үйлердің тұрғындары өз таңдауын жасайды. Бұл жерге көп қабатты үйлер тұрғызылып, маңайы абаттандырылса қала көркейе түседі. «Алуа строй»
серіктестігінің басшысы
Самат Бекетов орталықтандырған газ қондырғысын орнату үшін қосымша жер сұрады. Өңір басшысы бұл мәселені осы жерде шешіп берді. «Ақжелкен» мейманханасының маңында Неке сарайының құрылысы басталған. Оның құрылысын «Ақсәуле» серіктестігі жүргізуде. Облыс басшысы бұл маңайдағы жер үйлерді бұзып, оның орнына көп қабатты тұрғын үйлер мен парк аймағын салуды тапсырды.
Рамазан ТІЛЕУОВ
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.