Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Орда бұзар отызында Еңбек Ері атанған - АРҚА АЖАРЫ

Орда бұзар отызында Еңбек Ері атанған

Көгілдір Көкшенің мақтанышына айналған Социалистік Еңбек Ері, Көкшетау облыстық тәжірибе станциясының бір кездегі атақты шопаны Мәнтай Сәрсенұлы Әлкебаевты ел ардақтысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің өзі туған бауырындай құрметтеп, мәртебелі жиындарда төрге шығарып, үнемі ілтипат білдіруші еді ғой. Өз заманында атақ-даңқы асқақтаған, кеудесіне адал еңбектің қайтарымындай 1966 жылғы 22 наурызда, яғни, орда бұзар отызында Алтын Жұлдыз таққан Мәнтай Сәрсенұлының есімін бүгінгі ұрпақ білер ме екен?! Жоқ іздеген жолаушыдай ғибратты өмір шежіресінен абзал азаматтың ерлік дастанын ежіктей оқысаңыз, ұлылықты сезінгендей боласыз. Ендеше, кешегі күні Көкшенің абырой-даңқын асырған есіл ер Мәнтайдың өмір жолдарын тағы бір ой елегінен өткізіп көрелікші.

  Талай тұлғалы азаматтарды түлеп ұшырған Қарауыл – Шұнғырша әулетінің тумасы Мәнтай Сәрсенұлы еңбек әліппесін 1951 жылы қабырғасы қатып, буыны бекімеген он бес жасында №111 жылқы заводында бастаған. Төрт түлік малдың ішіндегі тегеуіріні қатты, бағуы мен бабы шиыршық атқан жылқы ішіне кіруі бозбаланың бозөкпе еместігін аңғартса керек. 1956 жылы жиырмаға толған Мәнтай сол уақытта екінші тың аталып, елдің бәрі жаппай иінін илеп жатқан қойшының құтты таяғын қолына ұстайды. Тегін таңдау емес еді. Өйткені, әкесі Сәрсен де атақты шопан болған.

Елімізге сіңірген еңбегі, ажарлы азаматтық бейнесі мен кісілік қасиеттері  мол болған Мәнтайдың Баратайдың арғы бетінде ұйыса өскен қалың қайың шоқтарының бауырында ата қоныстарынан қалған белгі әлі жатыр. Әкесі Сәрсеннің еңбек десе ішер асын жерге қоятын жансебіл адам болғандығын біздің елдің көнекөз қариялары әдемі аңыз қылып айтатын. Тіпті, кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде Сәрсен атамыз майданнан броньмен босатылған. Ол уақытта бронь әскери зауыттың мамандарына, ірі лауазымды қызметкерлерге берілсе керек қой. Ал, қойшыға бронь берілуі кездесе бермейтін жай. Соған қарағанда, қан майданға қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, қой басын өз төлі есебінен көбейтіп, игіліктің иесі болып отырған атамыздың еңбегін бағалаған ғой. Ал, Мәнтай өз заманында, атақ-абыройы аспандап тұрған шағында ешқашан асып-таспаған, мақтануды білмейтін марқасқа еді. Бар білері – ел қамын ойлау. Осындай азаматтардың ерлікке толы ғұмырын қайта жаңғырту, есімдерін ұмытпайтындай шаралар қарастыру кейінгі ұрпақтың парызы.

Көкшетау қаласынан таяқ тастам жердегі  Ұялы ауылында шопанның аға көмекшісі болып қой бағуды қолға алған Мәнтай Сәрсенұлы арада аз уақыт өткен соң тындырымды еңбегімен көзге түсіп, өзі де жеке отар қой алып, аға қойшы атанады. Қазіргі күні ғой, еңбектің қадірін елеп-екшей бермейтін біреулер, құдай-ау, аға қойшылық та айтуға тұратын лауазым болып па деп ойлауы мүмкін. Білетіндердің айтуына қарағанда, бар шаруашылық бетіне қарап отырған бір отар қойды жөпшеңді кісіге сеніп тапсыра қоймаған екен. Өйткені, ол дегеніңіз, күллі шаруашылықтың ортақ табысына қосылатын қомақты үлес.

Әкесі де қой баққан, мал жайын жақсы білетін Мәнтай Сәрсенұлы 1964 жылы қарамағындағы 2217 қойдың әрқайсысынан 7,1 килограмм жүн қырықты. Осы көрсеткішті бағамдау үшін көне газет тігінділерін, өткен замандағы қойшылардың еңбегін қаужайтын естеліктерді сүзіп, сараладық. Кейде екі жарым-үш килограмнан жүн қырыққандар болған екен. Бәлкім бұл орта, әйтпесе ортадан төмен көрсеткіш. Әр қойдан 4-5 килограмм жүн қырқу да кез-келген қойшының маңдайына жазыла бермейтін сыбаға. Ал, жеті килограмнан асырып жүн қырқу ерен жүйріктің ғана шығандай шапқанда қол жеткізетін көрсеткіші.

Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қараған Мәнтай Сәрсенұлы 1965 жылы өзінің алғашқы рекордтық көрсеткішін жаңғыртып, отарындағы әр қойдан 7,8 килограмнан жүн қырқады. Дәл сол дәуірдегі статистиканың қасаң тілімен өрнектейтін болсақ, қырқылған жүннен тұп-тура мың дана ерлер костюмін тігуге болады екен. Бір отар қойдың жүнінен мың костюм. Міне, осы табысы үшін Мәнтай Әлкебаев КСРО Жоғары Кеңесі Президиуымының Жарлығымен 1966 жылдың 22 наурызы күні Социалистік Еңбек Ері атанып, кеудесіне Алтын Жұлдыз қадады. Алтын Жұлдыз бар мұратын адал еңбекпен тапқан адал жүректі, қарапайым қойшының кеудесінде күн нұрындай жарқырап, шуағын төгіп тұрды. Өзі де алтын жұлдызға лайық парасатты, кісілігі мол азамат  болатын. Бір қызығы, Еңбек Ері атанып, даңқы аспандап тұрғанда Мәнтай Сәрсенұлы небары отыз жаста ғана екен. Отызында орда бұзып, асқар таудай атаққа шығуы, абырой арқалауы ғажап көрініс емес пе?!

Әр жыл сайын тамаша табыстарға жетіп жатқан таяғы құтты қойшының абыройы одан әрі де аспандай берді. Алтын Жұлдыздың жанына Ленин, Құрмет Белгісі ордендері мен әлденеше медальдар қосылды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған еңбекқор азамат қарапайым ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға білек сыбана кірісті. Бұл кезде қолынан қой бағу ғана емес, халықпен тілдесу, үлкен істерді ұйымдастыра білу қабілеті де келген Мәнтай Сәрсенұлы  бөлімше меңгерушісі болып тағайындалған болатын. Осы жылдары Ұялы ауылына автобус жүргізілді, тұрғындарға мәдени қызмет көрсететін кең де жарық клуб үйі салынды. Бастауыш білім ошағы орталау мектепке айналды.

Абзал азамат ауылда тағдырдың жазуымен жетім қалғандарды балалар үйіне жібермей, бауырына басып өзі баққан екен. Өз перзенттерінен кем көрмеген. Тіпті, кейін әлгі балалар ат жалын тартып мініп, жігіт атанғанда да қамқорлығынан қағыс қалдырмаған. Еңбегі аңызға айналған, кісілік келбеті, адамгершілік қасиеті кейінгі жастың темірқазық нысанасы болған Мәнтай Сәрсенұлы небары 59 жасында өмірден озған.

Көрнекті қаламгер, жерлесіміз Естай Мырзахметов «Тынымсыз жігіт» деп аталатын очеркінде Еңбек Ерінің қол жеткен табыстарымен қоса, ішкі жан-дүниесінің, рухани әлемінің таңның мөлдіреген шығындай тазалығын да қоса өріпті. Бәлкім, ерлік іс рухы биік, жаны таза адамның ғана қолынан келетін шығар. Арада жылыстап жылдар өтті. Бір кезде есімі елге мәлім болған Еңбек Ері туралы тіс жарып айтып жатқан да ешкім жоқ. Қапылған тірліктің жетегінде жүріп өткеннен өгейсіреп бара жатқан соң қарымтасын қайтарар бір ұсыныс айталық. Мәнтайдай есіл ердің есімін ел есінде сақтау үшін өзі жан аямай еңбек етіп, маңдайының терін сіңірген Зеренді ауданының орталығындағы бір көшеге есімі берілсе екен дейміз. Кезінде жалғыз ғана Ұялы ауылының, Көкшетау облыстық тәжірибе станциясының абырой-даңқын барша елімізге мәлім еткен Социалистік Еңбек Ерлері Мәнтай Әлкебаев пен  Фрида Литау, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Петр Рау, Шайдолла Хасенов, Сейілбек Ғабдуллин сынды озаттарға шынайы құрметтің белгісіндей Көкшетау қаласындағы музейдің бірінде мемориалдық «Даңқ тақтасы» қойылса, нұр үстіне нұр болар еді. Еңбек адамын дәріптеу жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де сан мәрте айтқан жоқ па. Өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай шаруаны тезірек қолға алсақ, елдің енсесін бір көтеріп тастар едік.

Шияп ӘЛИЕВ,

Көкшетау қалалық ардагерлер

кеңесінің төрағасы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар