Ауыл деген сөзді жиі ауызға аламыз. Олай болатын себебі, менің байқауымша, лауазымды адамдардың, қаладағы интеллигенцияның басым көпшілігі ауылдан шыққандар.
Халық даналығында «әркім өзінің шыққан төбесі биік болсын» демекші, қай-қайсымыз да ауылымыздың мәртебесі биік болғанын қалаймыз. Н.Ә.Назарбаев бұл мәселеге көп көңіл бөліп, ауыл шаруашылығын дамыту қажеттілігін жиі айтып, үлкен қаржы да бөліп жатыр.
Соған қарамастан, біраз ауылдарда ауыл шаруашылығының дамуы кенжелеу қалып тұр, әсіресе, қазақ ауылдарында. Парламент Мәжілісіндегі кейбір бұрынғы депутаттар ауылдардың проб-лемалары жөнінде ұсыныстар білдірмек түгілі, ауыздарын ашпағандары бар. Жақсы заң – ауылдың өркендеуінің бір кепілі. Ұлан-байтақ Қазақстанның жерінің халқымызды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге толық мүмкіншілігі бар. Еліміздің бір шетінен екінші шетіне сапар шексеңіз, ұлан-ғайыр жерді көресіз. Бірақ, маңыраған қойды, өз бабымен жайылып жүрген қара малды, тай-құлындай тебісіп жүрген жылқыларды байқау өте сирек. Осы сияқты, ауыл шаруашылығының басқа салаларында, айталық, егіншілікте де кемшіліктер бар. Бір ғана мысал. Қазір жемшөптің ажырамас бір бөлігі ретінде ауыл тұрғындарының көп жерде сабанға қолы жетуден қалды. Шетелдік жаңа техника оны үгітіп, алқапқа шашып тас-тайды. Осыдан келіп мал ұстайтындар зардап шегеді.
Қазақстанның ауыл шаруашылығының өнімдерін экспорттайтын бай елге айналуға жағдайы толық жетеді. Тек кінә соны дұрыс пайдалана алмай отырған өзімізден. Биылғы сайлауда ауыл мәселелерін көтереміз деген «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Парламентке өте ме деп едік, жеткілікті дауыс жинай алмады. Соған қарамастан, өкілетті биліктегі басқа депутаттар ауылдың жағдайын естен шығармаулары керек қой деп ойлаймыз.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Астана.