Белгілі қаламгер ағамыз Ғалым Қожабеков өзінің «Қанды көйлек қарулас» кітабында: «Ер елін қорғайды, ел ерін қолдайды» деген қағиданы ұстанған қазақстандық жауынгер-интернационалистер Ауғанстан алапатында, сондай-ақ сол соғыстың салдарынан қаза болған майдангер азаматтарымызды ардақтау шараларын жалғастыра бермек…» деген жолдар бар. Солай демекші, ағымдағы жылдың сәуір айында Жантеке ауылының жалпы орта білім беретін мектебінде «Балалар жылы-2022» аясында Жантеке, Қарғалы ауылдарының тумасы жауынгер-интернационалист Елеусіз Темешбаев пен Сағындық Смайыловты еске алу мақсатында баскетбол турнирі ұйымдастырылды.
Турнирге ауданымыздың Қорғалжын мектеп-гимназиясы, Арықты, Жантеке ауылдарының мектептері, Ш.Уәлиханов атындағы Қараегін ауылы мен Кеңбидайық ауылының мектептері және Ұялы ауылының негізгі мектеп оқушыларынан құрылған командалары қатысып, бақ сынасты. Баскетбол турниріне Қарашалғын ауылдық округінің әкімі Ә.Тажмаганбетов, Қорғалжын ауданы білім бөлімінің спорт әдіскері О.Мұсай, ардагерлер А.Махметов, С.Кабиев, С.Рамакупов, интернационалист жауынгерлердің бауырлары Бекболат Смайылов, Бекен Тұрсынбеков қатысты.
Игі іс-шара «Ардагерлерге тағзым» атты ерлік сабағымен ұштастырылды. Ардагер ағаларымыз оқушыларға ақыл-кеңестерін айтып, олардың қойған сауалдарына жауап беріп, өз ойларын ортаға салды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, тәлімі мен тәрбиесі мол осындай игі іс-шараға демеушілік көрсеткен қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары, Қорғалжын аудандық мәслихатының депутаты Бекет Досанбаев, Жанаевтар жанұясына мектеп басшысы Қ.Асанова шексіз алғыс білдірді.
Баскетбол турнирі өз мәресіне жетіп, Жантеке ауылының жалпы орта білім беретін мектебі, Қорғалжын мектеп-гимназиясы және Кеңбидайық ауылының жалпы орта білім беретін мектебі жеңіс тұғырынан көрінді. Қатысушы командалар арасында таңдаулы спортшылар «Үздік ойыншы» марапатын иеленіп, сыйлықтар табыс етілді. Жауынгер-интернационалист ағаларымыздың ерліктері осылайша еш уақытта ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ел есінде мәңгі сақталатыны анық.
Арай НАЗЫМБЕКОВА,
10 «а» сынып оқушысы.
Жантеке ауылы,
Қорғалжын ауданы.