«Жауынгерлердің ұрпақтарын іздейміз»

дейді «Атамның аманаты» атты республикалық қоғамдық қордың Ақмола облысы бойынша үйлестірушісі Жадыра Әубәкірова

 М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының кітапханашысы Жадыра Әубәкірованы оқушы бала кезінен танимын. Көкшетау қаласындағы № 18 орта мектебінде оқи жүріп, газеттің «Жауқазын» деп аталатын балалар шығармашылығына арналған арнайы топтамасына өзінің балауса жырларын әкеліп, біз соны жүйелі жариялап тұратынбыз. Сол кезде-ақ, Жадыраның бойынан әдебиетке деген зор қызығушылық, кітапқұмарлық, еңбексүйгіштік сияқты жақсы қасиеттер байқалатын. Ойдан сөзжұмбақ құрастыра алатын қабілеті де көпті тәнті ететін. Мақала жазып, машықтанып та жүрді. Жадыра өзінің ғана емес, сыныптастарының да, құрбыларының да өлеңдерін редакцияға әкеліп, қамқорлық танытатын. Кіп-кішкентай кезінен-ақ, жұдырықтай жүрегімен біреуге қамқор болуға құштар қызғалдақ қыздың талпынысына біз де риза болатынбыз. 

Жадыраны қашан көрсеңіз де үнемі бір игі істің басы-қасынан табылады. Білсем, үйренсем деген ниетпен үнемі ізденіс үстінде жүреді. Таяуда әлеуметтік желіден аңғарып, байқап қалдым, бүгінде біз білетін Жадыра тағы да бір игі  істің ұйытқысы болып жүр екен. Сөйтсек, ол «Атамның аманаты» деп аталатын республикалық қоғамдық бірлестіктің Ақмола облысы бойынша алғашқы болып ерікті боламын деп ниет білдіргендердің бірінен екен. Тарқатып айтар болсақ, аталмыш қоғамдық бірлестік екінші Дүниежүзілік соғысы кезінде хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлердің тізімін жасап, олардың көзі тірі туыстарын іздестіру шараларын қолға алған. Қан майданға аттанып хабарсыз кеткен сарбаздардың туған-туысын табуға ниет білдірген Жадыраның ізгі ниетіне қалай ғана тәнті болмайсын!

— Өз басым кез-келген бала өзінің тегін, атажұртының тарихын тереңінен  біліп, зерделеуі керек деп есептеймін. Себебі, бабалар салған сара, дара ұлы мұрат жолында мол тағылым, зор ғибрат бар. Өзге жерден, өзге елден идеал, я болмаса еліктер тұлғаны іздестірудің қажеті жоқ. Тұғырлы тұлғалар жанымызда. Бір ғана мысал, бейбітшілік жолында жанын пида еткен бабаларымыздың ғұмыр жолы, олардың Отанға, елге деген сүйіспеншілігі бізге мәңгілік мирас емес пе?! Кешегі екінші Дүниежүзілік соғысы кезінде ерлікпен қаза тапқан, Отан үшін отқа түскен батыр бабаларымызды біз қалайша ұмытамыз? Біз бала кезімізден үлкендердің өнегесін, тәлімін бойымызға сіңіріп өстік. Ертең кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген оймен мен де өнген ортам туралы шағын кітап жазып шықтым, онда Итжановтар әулетінің шежіресі толық басылған. Кешегі қан майданда өз атасының қаза тапқаны туралы хабарсыз жүрген жандар қаншама? Бір уыс топырағын көруге зар болып жүргендер де көп. Сондай жандарға қолұшын бергім келді. Сол себепті де қолым қалт еткен сәтте қоғамдық жұмыспен айналысып,  республикалық «Атамның аманаты» деп аталатын қоғамдық қорға ерікті боламын деп ниет білдірдім. Бұл күнде осы қоғамдық қордың Ақмола облысы бойынша үйлестірушісімін, — дейді Жадыраның өзі.

Ол бұл қоғамдық қордың жұмысына өткен жылдың қараша айынан бастап, белсене кіріскен. Қазіргі таңда Жадыра жанына өзі сияқты ерікті жастарды тартуда. Көп жұмылса алынбайтын қамал жоқ. Архив құжаттарының негізінде қазіргі таңда кезінде із-түссіз жоғалып кеткен  екі жауынгердің   жерленген жері табылған. Атап айтсақ, олар Біржан сал ауданының Құдықағаш ауылы мен Зеренді ауданының Ортағаш ауылының тумалары екен.

— Біздің Итжан атамыздың алты ұлы мен бір қызы болған. Сол алты ұлдың төртеуі де Ұлы Отан соғысына қатысқан. Екеуі бала кезінде қайтыс болса керек. Серғали, Иманғали, Уәли үшеуі де соғыстан аман-есен оралғанымен Әубәкір атамыз қан майданнан оралмады. Біз әлі күнге дейін ол кісінің қайда жерленгенінен хабарсызбыз. Әубәкір атамыз Ақмола облысында құрылған 106-шы кавалерлік дивизия құрамында болғаны анық.  Әубәкір атамның қайда жерленгені туралы ойлар маған да маза бермеді. Әлеуметтік желі арқылы осы «Атамның аманаты» деп аталатын қордың жұмысын көріп, разы болдым. Атам туралы хабар іздей жүріп, менің де біреуге септігім тисе екен дегенді мақсат тұттым.  Көптеген деректерді зерделей жүріп, бір күні атам туралы хабар маған да жетті. Сөйтсек, Әубәкір атамыз 1944 жылы Киев түбінде қаза тапқан екен. Біз ол кісіден мүлдем хабар-ошарсыз едік, – дейді ол.

Жадыра Харьков қаласындағы «Бірлік» қазақ ұлттық қоғамдық бірлестігіне хат жазып, көмек сұрайды. Олар жауап қатып, ол хатта Әубәкір атасының 1943 жылы Сталинград шайқасында 212-ші кавалерлік полкқа жіберілгені туралы айтылған. Бірақ, бұдан басқа хабар жоқ. Жадыра әлі де болса Әубәкір атасының жерленген жері туралы ақпарат тауып алатынынан үмітті. Себебі, Иманғали атасы көзі тірісінде аманаттап кеткен екен. Атасы Иманғали өзінің Әубәкір бауырының соғысқа дейін бір қызы бар екендігі туралы айтып кеткен екен. Қыздың есімі Мапруза, ал қыздың анасының есімі – Мәрияш.

— 2010 жылы қалалық «Степной маяк» газетінде «Жди меня» деп аталатын бір айдар жүйелі жүргізіліп тұрды. Мен осы Әубәкір атамның артында қалған Мапруза әжей туралы хат жаздым. Бір қуаныштысы, Мапруза әжейден тараған ұрпақ бізді газет арқылы бірден тауып алды.  Біз әлі күнге дейін Әубәкір атамыздың көзіндей болған бауырларымызбен араласып тұрамыз. Өкініштісі Мапруза әжей дүниеден өтті. Құлпытасына Әубәкірқызы деп жазылды.

Бұл жалғанда бала әке-шешесінен ажырамаса екен деп тілеймін. Жалғанда жан баласы бауырынан көз жазып қалмаса екен. Ең бастысы Отан тыныш болсыншы дейді Жадыра сөзін түйіндеп.

Иә, Жадыра дұрыс айтады. «Атамның аманаты» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, сауапты істің басы-қасында жүрген жүрегі мейірімге толы  Жадыраға біз де бар жақсылықты тілейміз!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар