Бүгін «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанынан «TALQYLAU» диалог алаңы ашылып, өз жұмысын бастады. Онда өңірдің зиялы қауым өкілдері, журналистер, тарихшылар мен заңгерлер «Референдум — Жаңа Қазақстанға алғашқы қадам» тақырыбында өз ой-пікірлерін ортаға салды. Диалог алаңын облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова ашып, жүргізіп отырды.
«TALQYLAU» алаңында сөз сөйлеген партияның референдумды қолдау бойынша құрылған республикалық штаб мүшесі, «Ақмола-Тіршілік» серіктестігінің директоры, жазушы Жабал Ерғалиев референдумның бізге не қажеті бар деген сауалға жауап берді. «Біз, Қазақстан халқы тарихтың жауапты кезеңінде тұрғандығымызды айқын сезінуіміз керек. Алдағы айдың 5-ші маусым күні өтетін референдум мемлекетіміздің жаңа болашағын анықтайды. Бұл референдум неге керек деген бос сөз қазіргі уақытта қажеті жоқ. Өйткені, қазіргі қолданыстағы Конституциямыздың 99 бабының 33-іне өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Осы өзгертулер арқылы біз дамудың жаңа сатысына түсетін боламыз»,- деп алдағы референдумның халық үшін маңыздылығына тоқталды.
Тарих ғылымдарының кандидаты Аманай Сейтқасымов пен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің құқық кафедрасының аға оқытушысы Ерлан Наурызбаев Конституцияға енгізілетін өзгертулер жайлы нақты ақпарат беріп, әр тармағына жеке-жеке тоқталып, өзгертулердің маңыздылығын айқындап берді. «Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум –– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының нақты жүзеге асуының дәлелі. Мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуі – сайлаушылардың республикалық қана емес, жергілікті жердегі де мүддесін жіті қорғауға мүмкіндік туғызады. Партиялық жүйені дамыту мен олардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында – саяси партияны тіркеу талабы 20 мың адамнан 5 мың адамға төмендейді. Бұлардың барлығы Әділетті Қазақстанды құрудың алғышарты. Енді осы өзгерісті Парламент депутаттары өздері дауыс беріп, бекіте алмайды. Ол үшін халықтың қолдауы қажет. Сондықтан әрбір азаматымыз 5 маусымда дауыс беріп, осы тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесін қосуы тиіс»,-деген ой-пікірімен тарих ғылымдарының кандидаты Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі Аманай Асылбайұлы бөлісті.
«TALQYLAU» алаңына жиналғандар өз ойларын ортаға салып, сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік алды. Тікелей эфирде өткендіктен, әлеуметтік желі бойынша көрермендерден сан түрлі сұрақтар келіп түсті. Мәселен, референдум қабылданған жағдайда, ең басты өзгеріс қандай болмақ деген сауалға жауап берген Аманай Асылбайұлы бірден өзгеріс бола қоймайтынын айтып түсіндіріп кетті. «Референдум бірден өзгеріс әкеледі деп қате түсінік болмауы тиіс. Себебі, Конституциядағы өзгерістер негізінде жер болсын, басқа да барлық сұрақтар бойынша заңдар қабылданады. Бұл келесі жыл бола ма, екі жыл өте ме, әйтеуір заңдар қабылданған соң барып, нәтижесін көре аламыз. Ал жалпы, Екінші республика деп айтып жатырмыз. Бұл кезеңге көшу 5-10 жылға созылуы мүмкін. Сондықтан асығудың қажеті жоқ. Ең бастысы, саяси реформаларды жасап алсақ, бұл халықтың тұрмысына да, жалпы ел экономикасына да әсер ете бастайды, сонда барып оң өзгерістерді көреміз»,-деді.
Ал, жазушы, әрі журналист Жабал Ерғалиұлы референдум өткеннен кейін болатын оң өзгерістерді тізбектеп берді. «Жақсы өзгеріс болады. Президент пен әкімдердің саяси партияда болмауының өзі жақсы қадам. Биліктегілердің жақын туыстарының саяси қызметтерде, квазимемлекеттік секторда лауазымды қызметте болмауы -жемқорлықты, парақорлықты заңсыздықты тыяды. Соңғы жылдары халық неге көшеге шығып кетті?! Олар әділеттікті іздеді. Соттардың шешімімне риза болмай, сот алдына тұрып алған жағдайлар көп кездеседі. Енді конституциялық сотқа жүгінуге әрбір қазақстандық азаматтың құқығы болады. Ендеше, Жаңа Қазақстан құру дегеніміз — әділетті қоғам құру»,-деп өз ойын жеткізді.
Сөйтіп, диалогтық алаң арқылы алдағы референдумның мән-маңызын халыққа жеткізу мақсат етілді. Мақсат орындалғандай.
Айта кетейік, «TALQYLAU» алаңы бір реттік эфир емес. Тұрғындарды толғандыратын түйткілді мәселелер алдағы уақытта да осы алаңда талқыланатын болады.
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі
#ReferendumAMANAT
#AMANATпартиясы
#ЖаңаҚазақстан