Халықаралық білім беру корпорациясында конституциялық реформаларды түсіндіру мәселелеріне арналған «Конституция – мемлекеттің негізгі заңы» тақырыбында вебинар өтті.
Іс-шара алдағы 5 маусымда өтетін Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыреспубликалық референдумға орайластырылған. Вебинарға Халықаралық білім беру корпорациясының 50-ден астам белсенді студенті қатысты.
Алматы қаласының мәслихат депутаты Әсия Ақанова республикалық референдумға ұсынылатын өзгерістер мен толықтыруларды түсіндірді. «Жаңа Қазақстан білімді, ізденімпаз және жасампаз жас азаматтың интеллектуалды ұрпағы түсінігіне сәйкес келуі тиіс. Сондықтан жастар түсіндіру жұмыстарына, іс-шараларға, оның ішінде пікірталастарға белсенді қатысуы маңызды», деп түйіндеді сөзін депутат.
Жалпы жиын ашық сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылды. Сонымен қатар жастар елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуы жолында қабылданатын конституциялық реформалар, сондай-ақ Конституцияны жетілдіру туралы өз пікірлерін білдірді. ХБК студенті Бағлан Лесбеков мүгедек жандарға көмек көрсету мәселесін атап өтсе, Айым Масабаева әрбір Қазақстан азаматы оң өзгерістерді өзінен бастау керектігін, яғни «әрқайсымыздың игі істеріміз бен оң бастамаларымыз Жаңа Қазақстанға айналудың алғашқы қадамы» деген пікірін қосты. Сондай-ақ вебинар аясында әлеуметтік желілердегі, оның ішінде TikTok-тағы ақпаратты сұрыптау мәселесі қозғалды.
https://egemen.kz/article/313951-zhastar-onh-ozgeristerge-dayyn