Референдумды ойдағыдай өткізу – баршаға ортақ жауапкершілік. Бұдан бизнес өкілдері де тыс қалмақ емес. Бүгінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен кәсіпкерлер де алдағы референдум туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Палата Конституцияға енгізілетін түзетулерді шағын және орта бизнес субъектілері арасында жан-жақты түсіндіру үшін арнайы жоспар әзірлепті.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, түзілген жоспар аясында сауда және ойын-сауық орталықтарында, дүкендерде, басқа да шағын және орта бизнес нысандарында түрлі кездесулер ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының консультанттары да түсіндіру жұмыстарына атсалысуда. Онлайн-вебинарлар да өткізіліп жатыр. Бұл арқылы 265 мың адамды қамту көзделіп отыр.
– Қазірдің өзінде түсіндіру жұмыстары арқылы 4 мыңнан аса кәсіпкерлік нысанын аралап, 90 мыңға жуық адамды қамтыдық. Атап айтқанда, 220 желілік дүкенді, тұрғын үйлерде орналасқан 1 300 дүкенді, сауда-саттықпен айналысатын 328 нысанды, 200 нарық пен 1 300-ден аса басқа да нысандарды араладық, – деді Райымбек Баталов.
Оның айтуынша, дәл қазіргі уақытта түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Әсіресе, орта, шағын және микро бизнес субъектілерінде еңбек ететіндерді қамту керек. Өйткені, халықтың көп бөлігі дәл осы салада шоғырланған.
– Өкінішке қарай, көп жағдайда бизнестегі адамдар мұндай түсіндіру жұмыстарынан сырт қалып жатады. Оларға елдегі саяси оқиғалар туралы ақпарат та дұрыс жеткізілмейді. Біз бұл жолы осы олқылықтың орнын толтыруды жөн көрдік. Оның үстіне ұлттық палатаның халықпен жұмыс істеуде қалыптасқан өзіндік тәжірибесі бар, ресурсы да жеткілікті. Түсіндіру жұмыстарына палатаның өңірлік филиалдары, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары тегіс жұмылдырылды және бұл дұрыс қадам болды деп есептеймін, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы.
Оның пікірінше, қазірдің өзінде елімізде оң өзгерістер басталды. Халық осының бәрінен уақытылы хабардар болуы керек.
– Референдум әшейін науқан емес. Ол – болашағымызды таңдау. Сондықтан оның маңыздылығын бәріміз түсінуіміз керек, – дейді Р.Баталов.
Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаевтың айтуынша, халықты референдумға шақыру, Конституцияға енетін өзгерістерді халыққа түсіндіру жұмыстары үшінші мегаполисте де қарқынды жүріп жатыр.
– Осы аптада шаһардағы ірі сауда орындары мен үй іргесінде орналасқан дүкендерді араладық. Халықтың дені алдағы саяси шарадан хабардар. Дегенмен өзгерістерді егжей-тегжей түсіндіруге тырыстық. Шын мәнінде, бұл референдумда халықтық азаматтық белсенділігі байқалатын болады. Сондықтан оған бизнес өкілдері де тегіс қатысады. Жаңа Қазақстан – жалаң ұран емес. Ол жаңа һәм әділетті қоғам құру қағидаты. Демек халық өз пікірін ашық айтуы керек. Соған берілген үлкен мүмкіндіктің бірі – алдағы референдум. Ондағы өзгерістердің ауқымын ескерсек, референдумға ел тұрғындарының тегіс қатысуы маңызды, – дейді Нұрлан Қабыштаев.
«Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» АҚ вице-президенті, конституциялық реформаларды түсіндіру мәселелері жөніндегі республикалық штабтың мүшесі Марат Мұстафиннің пікірінше, халық, оның ішінде бизнес өкілдері бұл референдумды ұзақ күтті.
– Қаңтар қасіреті елдегі өзгерістерге жол ашты. Бұл өзгерістерді бизнес те ұзақ күтті. Әсіресе шағын және орта бизнес. Осы күнге дейін ірі бизнеске ерекше назар аударылып келді де, шағын және орта кәсіпкерлікке бертін ғана мән беріле бастады. Ал дамыған елдер ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға тырысады. Себебі экономиканы көтеретін де сол сектор. Меніңше, алдағы өзгерістерден соң, елдегі кәсіпкерлік саласының тынысы ашылады. Сондықтан алдағы референдумнан үлкен үміт күтеміз, – дейді Марат Мұстафин.
https://egemen.kz/article/313944-biznes-okilderi-de-belsendi