«Жүре берсең – көре бересің, көре берсең – біле бересің» демекші, жақында бір естіген әңгімем үлкен ой салды. Соны баян етейін.
Жасында би, болыс болып, ел билеген, аты көпке мәшһүр ақсақалға келіп, сәлем берушілер көп. Бұрын алдына кіре алмайтын, жанына жақындай алмайтын, сонау төрден ғана көретіндер де келіп, естіген-білген әңгімелерін, арыз-шағымдарын даурығып айтушылар жиілейді. Келгеннің бәрінің сәлемін алып, әңгімесін тыңдаған қария оларға жақ ашпай, тек «Ммм» деп деп қана қояды. Келгендер біреуді мақтап, біреуді даттап , айтатындарын айтып-айтып кете барады.
Соны байқаған немересі бірде:
–Ата, келген кісілер сізге әңгімелерін айтады, арызданады-шағымданады. Сіз ешқашан үндемейсіз. Білетініңіз көп қой, неге бірдеңе демейсіз? – деп сұрайды. Бір жағынан атасының жауап қатпағаны намысына да тиетіндей. Сонда көпті көрген ақылман қария былай дейді:
–Маған келетіндер ат үстінде, беделі асып-тасып жүргендерге айтар тұшымды сөздері жоқтар ғой. Сондықтан да, үйде отырған маған келеді. Айлалары – мені арқа тұту. «Сол айтты» деп жеткізу. «Иә» десем жақтады, «Жоқ» десем қарсы болды демек. Сондықтан мен келгендерді не «иә», не «жоқ» демей, «Ммм..» деп қана шығарып саламын. Қояр сауалы дұрыс болса, дұрыс жауабын да айтар едім ғой…
Атасының бұл сөзі немересі ойында мәңгі қалыпты. Кімге не айтуды біледі. Өнеге деген осы!
Серік Жетпісқалиев.