Көкшетау қаласының дамуы және халыққа жайлы болуы – басты назарда

 Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Достар» мәдениет сарайында өткен Көкшетау қаласы тұрғындарының  алдындағы есеп беру кездесуін өңіріміз төрт айдың қорытындысы бойынша республика аймақтары арасында әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісінде бірінші орында тұрғандығы туралы жағымды жаңалығымен бастады.

Әрине, облысымыздың  мұндай көрсеткіштерге  жетуі  бірінші  жыл емес. Ермек Боранбайұлы бірнеше жылдың көрсеткіштерін салыстыра отырып, ақмолалықтардың осы жетістіктерге қалай жеткенін саралап шықты.

– Бүгінде біз бірнеше ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Облыс аумағында «Аксу Technology», «Enki Plus», «Kazrost Engineering» сынды республикаға танымал ірі кәсіпорындар бар. 2022 жылы жалпы құны 260 миллиард теңгені құрайтын 118 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осыған орай, 4 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, – деді Е.Маржықпаев.

Баяндамашының айтуынша, егіс науқаны оңтайлы мерзімде аяқталып, оны жүзеге асыру үшін шаруаларға жеңілдетілген бағамен 72 мың тонна жанар-жағар май бөлінген. 5,1 миллион гектарға дәнді дақылдар, көкөністер және басқа да дақылдар егілген. Ендігі жерде егінді баптау, одан мол өнім алу міндеті алға шығып отыр. Өйткені, Ақмола егістік алқабы еліміздегі астықтың төрттен бір бөлігін құрайды.

– Ақмолалықтарды толғандыратын негізгі мәселелер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты. Үшінші жыл қатарынан кемінде 600 мың шаршы метр тұрғын үй салудамыз, бұл шамамен 5 мың пәтер. Биыл мұны 700 мың шаршы метрге дейін ұлғайтып, 36 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұрын негізгі құрылыс облыс орталығында жүргізілсе, енді Шортанды, Ерейментау, Бұланды, Қосшы және тағы басқа елді мекендерде де салынады – деді облыс әкімі.

Өңірді дамытудың маңызды факторының бірі – жол құрылысы. Өткен жылы 800 шақырым жолды жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл 1000 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған. Өңір басшысы барша азаматтарды бұған немқұрайлы қарамауға және жол құрылысы саласындағы заң бұзушылықтар немесе мардымсыз істелген жұмыстар туралы дер кезінде хабарлауға шақырды.

– Өскелең ұрпақтың жақсы жағдайда сапалы біліммен қамтылуы өте маңызды. Қазір облыста 200 мыңнан астам бала бар. Біз қазірдің өзінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтуға қол жеткіздік. 2025 жылға дейінекі жастағы балаларды толық қамтуды аяқтаймыз. 2025 жылға дейін облыста 25 жаңа балабақша ашу, 25 мың орындық 43 заманауи мектеп салу, 376 мектепті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау жоспарлануда. Өткен жылы 1700 орындық 6 мектеп пайдалануға беріліп, тағы 15-і жөндеуден өтіп, оған қоса, 4500 орындық 7 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биылғы жылы жазғы демалыспен 65 мың ақмолалық мектеп оқушылары қамтылса, оның 1,5 мыңы тегін демалатын болады. 610 мектеп жанында жазғы демалыс лагері, шатырлы және киіз үй лагерьлері ұйымдастырылған, – деп атап өтті Ермек Боранбайұлы.

Бизнес барлық салаларда белсенді түрде көрініс табуда. Мәселен, Қосшы қаласында меценат есебінен 600 орындық «Дара» жекеменшік мектеп-лицейі, Көкшетау қаласындағы Сарыарқа шағын ауданында «Viamedis» ЖШС-ның қаржысымен 500 келушіге арналған емханасымен біргеклиникалық-оңалту орталығының құрылысы және  Бестөбе ауылында бір ауысымда 50 келушіге арналған отбасылық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. «ҚазМұнайГаз» серіктестігі «Сұңқар» сауықтыру кешенін пайдалануға берсе, «Шуйское» серіктестігіФОК салып, оны Атбасар ауданының балансына берді.

– Өкінішке орай, коронавирус инфекциясымен күресу барысында денсаулық сақтау саласындағы кейбір маңызды тұстар төмендеп қалды. Өлім-жітім 10 пайызға, жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының саны және  туберкулез ауруы 30 пайызға артты. Біз бұл мәселелерді шешуіміз керек және шешеміз. Бірқатар жаңа медициналық мекемелер салынып жатыр, олардың барлығы заманауи диагностикалық қондырғылармен жабдықталған, – деді өңір басшысы.

Әрі қарай Ермек Боранбайұлы бірнеше жылдан бері қала тұрғындарын толғандырып жүрген өзекті мәселелерге – жылу-электр орталығы, су тазарту құрылыстары мен газдандыру жұмыстарына тоқталды:

– Құны 240 миллиард теңгені құрайтын ЖЭО төрт-бес жыл ішінде толықтай іске қосылады. Дегенмен, ол 2026 жылы жұмысын бастайтын болады. Қазір су тазарту құрылыстары мәселелерін реттеп жатырмыз, оларды 2024 жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қаланы газдандыру – өте маңызды мәселе әрі нақты жоба. «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысы арқылы 2025 жылға қарай 400 мыңнан астам тұрғыны бар 200-ге жуық елді мекен, соның ішінде Көкшетау қаласы «көгілдір отынға» қосылады. Қазір салалық министрлік жобаны аяқтау жұмыстарын жүргізуде, – деді әкім өз сөзінде.Өңір басшысыКраснояр тас жолы бойындағы білім беру кешені, Сүлейменов көшесі бойындағы көпір құрылысы, жағалауды абаттандыру, Революция күрескерлері ескерткіші жанындағы саябақты қайта құру сияқты тағы бірқатар проблемаларды атап өтті.

Қала тұрғындары диалогқа белсене қатысты. Олар ағаштарды дұрыс отырғызу, суару және кесу, кальяндардың заңсыз жұмыс істеуі, Застанционный ауылын абаттандыру, қоғамдық көліктердің қозғалысы туралы сұрақтар қойды. Спортшы Теміртас Жүсіпов Краснояр ауылындағы сауықтыру кешені құрылысының мерзімін нақтылады. Сондай-ақ, облыстық поляктар қауымдастығының төрайымы Наталья Нагачевская «Сокол» балалар сауықтыру лагері туралы сауалын қойды. Қоғамдық кеңес мүшесі Мәлік Ахметқалиев электр энергиясының тарифіне қатысты жағдайды айтты. «Көкшетау жылу» кәсіпорнының қызметкері Сәуле Асылбаева жалақының аздығынан кадр тұрақсыздығына шағымданды.

– Қалаға ұқыптылықпен, іскерлікпен қарау керек. Әйнектерісынған аялдамалар, өртенген пластик урналар, сынған тренажерлар – мұның бәрі тұрғындардың өздерінің ісі. Қаланың тазалығына мемлекеттік қызметшілер ғана емес, қала тұрғындары да атсалысуы тиіс, – деп қадап айтты өңір басшысы баяндамасының соңында.

Есептік кездесуден кейін Ермек Маржықпаев азаматтарды қабылдап, онда тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй мәселесіне қатысты сауалдарыналға тартты. Сонымен қатар, Вернадский көшесіндегі №11 үйдің тұрғындары атынанқабылдауға келген Айгүл Әлжанова мен Юлия Резвановаөздеріне тиесілі жаңаүйдің пайдалануға беру мерзімі туралы сұрап білді.

– «Сарыарқа»шағын ауданындағы үйдің құрылысы аяқталды, бірақ аула аумағындағы абаттандыру жұмыстары әлі соңына жетпегендіктен, үйге тұрғындар қоныстанған жоқ. Алдағы күндері тұрғындардың жиынын өткізіп, олардың тезірек көшіп-қонуы үшін бірінші кезекте не істеу керектігін келісетін боламыз, – деп түсіндірді Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса. Ал, Тасболат Нұрғашев, саяжай кооперативтері мәселесімен келді. Ондағы жаңа көшелер ресми түрде қаланың бір бөлігіне айналғанда тұрғындардың көптеген мәселелері тезірек шешілетін болады.«Сарыарқа»шағын ауданындағы №6/3 үйдің тұрғындары әрлеу жұмыстарының сапасыздығы жөнінде шағымданды. Шамамен бір ай бұрын қаптама кірпіші 6-шы қабаттағы биіктіктен құлай бастаған. Апатты орын тазартылды, бірақ жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ.

– Егер, мердігер компания таба алмасаңыз, кәсіпкерлерді тартыңыз, тез арада адамдарға көмектесу керек, – деп тапсырды Е.Маржықпаев қала әкіміне.Азаматтарды қабылдауда қаралған мәселелердің басым бөлігі бұрыннан белгілі, сондықтан, олар облыс әкімінің жеке бақылауына алынатын болады.

НатальяЯКОВЛЕВА,

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар