Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балдай тәтті, бақытты өмір - АРҚА АЖАРЫ

Балдай тәтті, бақытты өмір

– Сарыарқаның самал желін, арайлап атқан таңы мен қызара батқан күнін көрген кісінің көңілінде бірден қимастық сезім пайда болады екен, – деді жастық шағын еске алған Миниахмет Мусабирович Бикмеев. – Шынында да, адам баласы уақыттың қадірін жете бағаламайтын көрінеді.

 

Целиноград ауданының Жалғызқұдық ауылында 1971 жылдан бері тұрақтаған кісінің өмірбаяны қайнаған еңбек ортасында өтті. Әңгімеміздің басында біз осы еңбек ардагерінің Ресей Федерациясының құрамындағы Башқұртстан елінің астанасы Уфа қаласында туғанын, әскери міндетін Қиыр Шығыста толығымен өтегесін тағдырын біржолата Қазақстанмен байланыстырғанын айта кетуді жөн көрдік. Әкесі татар болғанымен анасы башқұрт қызы екен.
Қазақстанға бауыр басқан себебін ол былайша түсіндірді.
– 1968-1970 жылдар аралығында мен қызмет еткен әскери бөлім күздің ең жауапты науқаны – егін орағына үзбей қатысты. Сары алтын бидайды мұнша көп өндіретін елдің ісі көңілімнен шықты. Ырыс, береке, байлық деген осы екен.
Бірінші кезекте ол Қостанай облысындағы диқандарға көмек бергендердің ішінде болған. 1969 жылы Целиноград ауданының «Красноярский» кеңшарында жұмыс істейді.
Астықтың молшылығы сол, барлық өнген өнімді жинап алу оңайға соқпады. Бас науқан қаңтар айына, яғни, қар қалың түскенге дейін созылды. Шаруашылықтың директоры Социалистік Еңбек Ері, КПСС Орталық Комитетінің мүшесі Давид Вильгельмович Бурбах еңбек қорытындысы  шығарылған алқалы жиналыста көмекке келген әскери бөлімнің офицер-солдаттарына алғысын айтып ақжол тілейді.
Бұл сол кезде туы желбіреп, еңбек көрігін қыздырып тұрған, ырысы асып төгілген Қазақстанның дара шаруашылықтарының бірі болатын. Ынтымағы жарасқан елге қоныстануды Миниахмет Бикмеев сонда алдына мақсат қылып қойыпты. Содан бері 45 жыл уақыт өткен екен.
Жас жігіт бүгінгі Целиноград ауданының Жалғызқұдық ауылында бастапқыда бригадирдің көмекшісі болса, кейіндері мектепте алғашқы әскери дайындық сабағының мұғалімі боп қызмет атқарған.
– Менің тәртібім мен ширақ жұмысым аудан басшыларының көзінен тысқары қалмады, – дейді әңгімесін сабақтаған Миниахмет Мусабирович. – Еңбектен қол үзбей жүріп Қызылжар қаласындағы мұғалімдер институтын бітіріп алдым.
Іске мығым жігіт 1976 жылдан бастап сол жерде селолық Советтің төрағалығына бекітіледі. Елмен қызу араласқан, өмір тайқазанында шыныққан ол Алматының жоғарғы партия мектебін де бітіріп алады.
Бикмеевтің жұмыс істеген жылдарында біз де бұл аймаққа жиі ат басын бұратынбыз. Онда еліміз егемендік алып, ол жергілікті әкімдікке жетекшілік жасап жүрді.
Миниахмет ағамыздың қазақшаға да, орысшаға да тілі еркін. Мінезі жайсаң, іске талапшыл адамның тасы өрге домалаушы еді. 2003 жылға дейін бір жерде тапжылмай жұмыс істеген кісі осындай болар. Бір орында 30 жылға жуық еңбек еткен жан зейнеткерлікке шыққан жылдары-ақ бал арасын өсірумен шұғылдана бастайды. Әрі-беріден соң бұл Орал тауының баурайында өскен ұлыстың ежелгі әдеті ғой. Осы кәсіп оның көңілін аулап қана қойған жоқ, көп олжаға да кенелтті. Таза табиғи өнімге тапсырыс берушілер оның
қалта телефонына тыным бермеді.
Енді міне, өмірлік жұбайы
Валентина Семеновна Загруднева екеуі Жалғызқұдық ауылындағы үйлерінің маңайын үлкен бау-бақшаға айналдырып отырған жайлары бар. Бұрынғыдай ол жаз айларында араларымен дала кезіп жүрмейді. Бәрі
үйінің жанында. – Бізге осы жетеді, – дейді ағамыз біздің сұрақтарымызға байыппен жауап бере
отырып.
Тіл үйірген бал шайдың хош иісін шығарады екен. Ұлты татар ағамыздың көңілі шалқар болғасын еліне қадірі зор. Көпті көрген, көп нәрсенің түйінін кезінде өзі шешкесін жұрттың да тілін тауып отырған жайы бар. Өзара түсіністік орнаған елдің ағасына айналған кісінің өмірі көпке өнеге. Шаңырағынан қанат қаққан ұл-қыздарының аяқ алыс-тарына ол разы. Бәрінен бұрын олар тіршіліктің ұйытқысы болған – ауызбіршілікті, өзара сыйластық пен түсіністікті ерекше қадір тұтады.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Суретте: Миниахмет Бикмеев.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар