Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Қазақстаным үшін қуанамын» - АРҚА АЖАРЫ

«Қазақстаным үшін қуанамын»

«Өзбек мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тожибуви МЕДЕТОВА:

 

Тожибуви Медетованы көпшілік «Өзбек мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, кәсіпкер әйел ретінде жақсы таниды. Алайда, өмірдегі ең биік дәрежем «ана», «әже»  атануым деп есептейтін кейіпкерімізбен мереке  қарсаңында кездесіп, еліміздегі бірлік, отбасындағы әйел адамның орны жайлы ойларын білген едік.

 

– Тожибуви Усманқызы, әңгімемізді барша қазақстандықтарға ортақ, қадірлі, асыға күтетін мерекелеріміздің бірі – Бірлік мейрамынан бастасақ.
– Бірлік мейрамы дегенді өз басым халықтардың бірін-бірі түсініп, сыйлап, құрметтеуі деп білемін. Әлі есімде, ата-анамыз маған және бауырларыма дәл осы мереке күні жаңа киім сатып әперіп, орталыққа мерекелік шеруге ертіп апарушы еді. Біздің бала кезімізде наурыз кең көлемде тойланбайтын. Сондықтан, біз үшін 1 мамыр көктемнің басты мерекелерінің бірі саналатын. «Дана халқымыз бірлік болмай, тірлік болмас» деп текке айтпаған. Әр нәрсеге түсіністікпен қарап, ұйымшылдық танытып отырсақ, отбасымызда да, елімізде де бәрі ойдағыдай
болады.
– Осы орайда, отбасыңыз жайлы бір ауыз сөз айтып өтсеңіз.
– Үйде бақытты анамын, әжемін. Жолдасым екеуіміз бір қыз тәрбиелеп, өсірдік. Төрт немерем бар. Бәріміз бірлікпен өмір сүріп, бизнес саласында еңбек етіп келеміз. Жолдасым әр бастамама қолдау көрсетіп отырады.
Негізі әкем Өзбекстанда туып-өскен. Тағдырдың жазуымен ата-анасынан тым ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген. Кәмелет жасқа толғанға дейін сол жерде болып, кейін әкемді Қазақстан жеріне, нақтырақ айтсам Қарағанды қаласына әскерге алып кетеді. Әскери борышын өтеу мерзімі аяқталуға жақын қалғанда қасындағы досына: «Өзбекстанға қайтып оралғаныммен, мені ол жерде ешкім күтіп отырған жоқ. Қайда барамын?» дейді екен. Сөйтіп, әкем әскерден босаған уақытта Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Леңгір, қазіргі Төле би ауданында шахта ашылып, әлгі досы екеуі сонда жұмысқа кіреді. Көп ұзамай анаммен танысып, шаңырақ көтереді. Отбасымызда дүниеге келген он үш баланың үлкені – менмін. Әкем шахтада, анам сауыншы болып еңбек етіп, он үш баланы өсіріп жеткізді. Өкінішке орай, бір бауырым кішкентай кезінде шетінеп кетсе, енді бірі үш жыл бұрын жүрек талмасынан қайтыс болды. Қазіргі таңда он бірміз. Әке-шешем дін-аман. Олар Шымкентте тұрып жатыр. Құдай қаласа, мамырдың  үші күні әкем 83 жасқа толады. Үлкен немерем биыл мектеп бітіреді. Мен өзбек мәдени орталығын басқарсам, ол осы ұйым жанындағы жастар қозғалысына жетекшілік
етеді.
– Отбасындағы ананың рөлі жайлы ойыңыз қандай?
– Шаңырақтың берекесі де, ұйытқысы да ана. Әйел адам қабақ шытпай, көңілді жүрсе, үйдегі ынтымақ та сондай болады. Осы арада мен қазіргі күні қоғамымызда жиі белең алып отырған жайт – жас жұбайлардың ажырасуына себеп болып отырған ене мен келін арасындағы мәселеге тоқталып өткім келеді. Басқа халықтарды білмеймін, бірақ өзбек отбасында аналар жаңа түскен келіндеріне ақыл-кеңесін айтып, «жаманын жасырып, жақсысын асырып» дегендей, білмегенін үйретіп отырады. Келініме сын айтсам, ренжіп қалады, одан да үндемей-ақ қояйын деп жүре беретін енелерді де талай көзіміз көрді. Ол дұрыс емес. Жастарды ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрге  үйрету, дұрыс жолға салу – үлкендердің міндеті. Сол сияқты, тілдің сақталуы, ұрпақтан ұрпаққа берілуі де ананың жауапкершілігінде. Мемлекеттік тілді, ресми тілді де жетік білеміз. Алайда, үйде бәріміз таза өзбек тілінде сөйлейміз.
Мiне, осындай ортада өскен бала күнi ертең айналасынан көргенiн қайталап, жасы үлкендердiң iсiн өнеге тұтары анық. Есін білгелі әке-шешесінің өзара қарым-қатынасын бойына сіңіретін өзбек баласы өсе келе сол тәрбие-тәртіпті өз шаңырағында жалғастырады. Өздерін ер-азаматтан бір саты төмен ұстайтын өзбек қыздары күйеуін ерекше құрметтеуді анасынан үйренеді.
– Мереке қарсаңында жерлестеріңізге айтар тілегіңіз бар шығар.  
– Әрине. Мен ең әуелі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатына ризашылығымды білдіргім келеді. Ол кісінің елімізде тұрып жатқан ұлттарды бөле жармай, керісінше біріктіруі, достыққа шақыруы өте дұрыс. Осы идеяның орындалуына этно-мәдени орталық ретінде аз да болса үлесімізді қосып келеміз. Қалада өзбек ұлтының өкілдері сондай көп деп айта алмаймын. Дегенмен, бәріміз бірігіп, өңіріміздің дамуына, Отанымыз – Қазақстанның гүлденуіне атсалысып жүрміз.
Өзбек мәдени орталығына төрайым болып тағайындалғанымда қоғамдық істі қалай атқарам деген қорқыныш сезімі болды. Алайда, жақындарымның көмек-қолдауының арқасында бұл салада да өз орнымды таптым деп ойлаймын.
Шынымды айтсам, осыдан 20-25 жыл бұрын өзбекпін деп айтуға  ұялатынмын. Неге екенін білмеймін, сондай бір ауыр кезең болды. Ал, қазір ұлтым үшін, туған жерім Қазақстан болғанына қуанамын. Киелі қазақ топырағында дүниеге келіп, ырысты жерде тұрып жатқанымды мақтаныш санаймын. Барлық отандастарымды тек бірлікке шақырамын. Мереке құтты болсын!  
Сұхбатты жүргізген
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар