Біздер жыл сайын асыға күтетін діни айшықты мейрам – Құрбан айт ғибраты да мол, тағылымы да зор мереке саналады. Бұл араб тілінде «жа-қындау» дегенді білдіреді, яғни, пенде өзінің жасаған ісімен, оқыған намазымен Аллаға жақындау деген сөз. Ал, шариғи ұғымына келсек, бес парыздың бірін орындау, құрбан шалу дегенді аңғартады.
Құрбан шалу жағдайы келген мұсылманға міндет етіледі. Жағдайы келмеген адам құрбан шалмаса, оған ешқандай күнә жазылмайды. Мысалы, Алла тағаланың Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал», («Кәусар» сүресі, 2-аят) – деп бұйыруы құрбан шалудың маңыздылығын білдіреді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті», – деуі құрбан шалудың парыз болмаса да, уәжіп амал екенін аңғартады. Себебі, бұл Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасқан жақсы жол десек те болады. Демек, құрбандық шалу үшін адам алдымен мұсылман болып, ақыл-есі бар және балиғат жасына толуы және
Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы керектігі басты назарға алынады. Ондай адам негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы керектігі де еске алынады.
Құрбандық шалу уақыты
Ғибадат Алла тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан, құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн.
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.
Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал, жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап алынған мал құрбан айтта бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет.
Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну Азибтің риуаяты бойынша: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу.
Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені. Ал, кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес», – делінсе, басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.
Бірігіп құрбандық шалу
Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал, түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбандық шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
(Әзірлеген Науан Хазірет мешітінің мамандары).
Шалған құрбандықтарыңыз бен ізгі
амалдарыңыз қабыл болсын!