Құрбан Айт мерекесіне орай Целиноград ауданының Родина ауылында жаңа мешіт ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша бас имамы Қуаныш Сәбит, Астана және Қазақстан митрополиті Александр қатысты.
«Дәл осы берекелі күні біз Родина ауылында мешіт ашып отырмыз. Қазақстанда тату көршілік пен рухани бірлікте үш жарым мыңнан астам діни ұйымдарды біріктіретін 18 конфессияның өкілдері тұрады, олар дінді еркін ұстануға, мәдениет пен әдет – ғұрыпты дамытуға мүмкіндік алады», – деп атап өтті өңір әкімі құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ Ермек Маржықпаев «Родина» агрофирмасының басшысы, Ақмола облысының Құрметті азаматы, құрметті академик пен профессор, меценат, Еңбек Ері Иван Сауэрге ауыл тұрғындарының тұрмыстық қана емес, рухани мұқтаждықтарына да көңіл бөліп, қамқорлық көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Жаңа мешіт имамына мерекелік жағдайда тұрғын үй мен автокөлік кілттері табыс етілді.
Он айда заманауи құрылыс материалдарынан салынған және жүз адамды сыйғызатын «Наубайұлы Мұқыш» мешіті ауылдағы тағы бір көрікті орынға айналады.