Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күй – құдірет, күй – кие - АРҚА АЖАРЫ

Күй – құдірет, күй – кие

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында филармонияның концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Достық», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің, «Ұлт қайраткері» төсбелгісінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің құрметті профессоры, күйші, композитор Әбдімомын Желдібаевтың мерейлі 85 жасқа толу құрметіне «Күмбірле күйім елімде» атты шығармашылық кеші болып өтті.

Күй ғасырдан-ғасырға жетіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл өнер, сұлу саз, бабалар шежіресі, мұрагерлер мұрасы. Көненің көзі, ұлы өнерді ұлықтаған парасат биігіне шыққан көрнекті тұлға – Шу өңірінің тумасы Әбдімомын Желдібаев.

Елордадағы филармонияның концерт залында қазақтың ұлттық сазды әуені – күйді тыңдауға келген көрермендердің жүзінен мерекелік қуаныш, шаттық сезіліп тұрды. Сондай-ақ, ұлттығымызды ұлықтаған ақ кимешекті аналар қатары көп болды.

Концерттік бағдарламада Қазақ оркестрі, белгілі өнер шеберлері күйші шығармаларын нақышына келтіріп орындап,халықтың ыстық ықыласына бөленді. Күйші-сазгердің көптеген күйлері, поэмалары, ақындардың сөздеріне жазылған әндері орындалды. «Шабыт», «Тұран елі», «Төле би толғауы», «Ыдырыс», «Сұңқар сезім», «Жетісу сазы», «Ерке сылқым», «Көк шолақ» күйлерінің шығу тарихын жүргізушілер айтып өтуді де естен шығармады.

Әсіресе, шоқтығы биік, көпшіліктің жүрегінен орын алған ерекше күйі, тіпті, Европа елдерінде де белгілі болған «Еркесылқым» күйін көрермендер керемет көтеріңкі көңіл-күймен қабылдады десем де болады. Өйткені, алдыңғы қатарда отырған әжелердің бірінің білектері былқылдап, саусақтары сылқылдап, күй ырғағына беріліп кетті. Тағы бір айтуға лайықтысы, күйші ағаның отбасы түгел өнер адамдары, ұлы Талғат, келіні Сәуле, немерелері музыкаға жақын жандар.

Сәуле Елордада «Еркесылқым» продюссерлік орталық жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Шығармашылық кеш-концертте атасының шығарған әуенімен орындалатын бірнеше әндерін шырқады. Сахнада «Көктем әні», «Шырайлым», «Сұлутөр», «Елім деп ән салам», «Әке», «Бәйдібектің жайлауы», «Дулат баба», «Сиқым баба», «Қызыл елік», «Жан сая», «Арман құс» әндері шырқалды. Әсем әндерімен ілтипатқа бөленген Сәуле Желдібаева, Арайлым Рахым, Жанат Досжанова – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, Алтынбек Арыстанбек, Әйгерім Аманжолова,Талғат Аблабинов – халықаралық байқаулардың лауреаттары. Әншілердің әнін Қазақ оркестрі сүйемелдеді, дирижері Нұрлан Бекенов – ҚР Мәдениет қайраткері.

Барлық ән, күйлер оркестрмен орындалды. Осы орайда айта кеткім келгені, дирижері Нұрлан баламның бар ынтасымен оркестрді басқару барысында басты бір шұлғып қалғанында, шашы және маңдайдан аққан терінің сахнадағы сәуле жарықтарымен қосыла шағылысып, маржан моншақтай болып шашырағанын байқап қалғаным да күшті әсерлі көрініс болды. Оркестр құрамындағы қазақтың музыкалық ұлттық аспаптарының сазды дыбыс әуендерінің үйлесімдері орындалған күй құдіреті өн бойымызға жеткізе, шымырлата кең жазира Сарыарқа даланы, ата-баба көшіп өткен Отанды елестетті десем де болады.

Кеш тартымды жоғары деңгейде өтті. Сазгер ағаның мерейлі мерекелі кешінің құрметті қонақтары Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Күлгінов, Шу ауданының әкімі Нұрлан Қалендаров, облыстық мәслихаттың хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылыми Кеңестің төрағасы Махметқали Сарыбеков сынды азаматтар болды.

Кеш соңында, мерейтой иесіне қала әкімінің Алғыс хаты, ықылас гүлі, шапан кигізу рәсімі жалғасын тапты. Концерт барысында әншілерге де гүл шоқтары ұсынылып жатты.
Келесі кезекте сөз алған мерейтой иесі Әбдімомын аға тебірене отырып, ризашылық толғаныспен күйдің құдіреттілігін, күйдің киелілігін дәлелдей келе, «қазақтың қара өлеңін өзіне шекпен жауып қайтарамын» деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, мен де қазақтың күйін шекпен жауып қайтарамын дегенде, залдағы көрермендердің қол соғу қошеметі ұзаққа созылды.

Өнер атаулының ішінде күйдің мерейі жоғары, күйдің рухы биік.Қуанышты да, қайғыны да күймен жеткізу – бұл құдірет. Көненің көзі, ғасырлық асыл өнер, өлмес мұра – бұл кие.
Шығармашылық кеш өте тартымды өтті. Сазгер аға Әбдімомын Желдібаевқа мықты денсаулық, ұзақ өмір  тілейміз!

Шырынкүл ҰЗАҚБАЕВА,
        зейнеткер оқытушы,
«Достық» орденінің иегері.
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар