Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұстаздардың ұстазы Шахма Баймырзаұлы туралы бір үзік сыр - АРҚА АЖАРЫ

Ұстаздардың ұстазы Шахма Баймырзаұлы туралы бір үзік сыр

Тақырыпты қаужағанда танымал жазушы, жүйрік журналист Жанайдар аға Мусиннің «Ақ алаң» романында тамылжыта сипатталатын зерлі Зерендінің көркем табиғаты, құт қонған Қараөткел ауылы көз алдыңа елес береді. Осы Қараөткел ауылы Шахма ағаның кіндік қаны тамған ақ бесігі. Жалпақ жұртқа жақсы аты шыққан жазушы-журналист Жанайдар Баймырзаұлы Шахма ағаның туған інісі.
1941 жылы қамқор әке қан майданға аттанған. Ендігі арада үй жұмысының барлық ауыртпалығы, оның үстіне кем-кетігі көп колхоз шаруашылығына көмектесу Шахма ағаның міндеті болып қалды. Тағдырдың қатал сыны жігері жалын атқан жасөспірімді ширатып алғысы келген болуы керек, ертерек қырына алды. Бірақ, болмысы болаттай берік Шахма аға оған жасыған жоқ, қайта ақбас толқындары аспанға атқан тағдыр-теңіздің қақпақылымен қағысып, армандай алыс жағалауды көздеп жүзе берді.
Көкірегінде қанша жыл өтсе де көмескі тартпайтын бір әдемі әсер қалып еді. Қан майданға аттанған әкесі Қорған қаласында оқу-жаттығу ойындарын өткізіп жатыр деген хабар құлағына тиісімен анасы Мәдина қаһарлы қыстың аязына, алай-дүлей ақ боранына қарамастан жолға шыққан. Ол тұста қайбір жүйткіп тұрған көлік бар. Ай жарымдай жол жүрсе керек. Ақыры Қорған қаласында әскери жаттығуда жүрген асыл жарымен жүздесіп қайтыпты. Міне, ата-ананың бір-біріне деген іңкәр көңілі қандай болған шіркін. Бірақ, зілмауыр салмақ өз ізін салмай қоймайды екен. Болаттай берік Мәдина ана сырқаттанып жүргенін ешкімге айтып шағымданбаса да, төтеннен келген науқасқа қарсы тұра алмады. 1944 жылы өмірден өтті. Ол кезде жеті жылдықты бітірген 14 жасар жасөспірім Шахма өмірдің қаншалықты қиын екенін енді ұққандай. Алдағы бозамық бағдардың сәл ғана сәуле түскен тұсынан кеудедегі асыл арманы қолын бұлғап шақыратындай. Соған жетсе, ар жағындағы асқарларына анық табан тірейтіндей. Ол сәуле – білім нұры еді. Білімге деген құштарлық жанына жай таптырмай, жасөспірімді алға сүйреді. Солтүстік өңірдегі бірден-бір білім ошағы саналатын Көкшетау педагогикалық училищесін үздік бітірген Шахма ағаның білім жорығындағы жемісті де жеңісті жолы Алматыда жалғасты. Әуел бастан ана тіліне, ұлттық мәдениетке, салт-дәстүрге деген іңкәрлігі де ұшан-теңіз болатын. Сол құлай сүйгендігіне байланысты Шахма Баймырзаұлы Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып шықты.
Өткен өмірдің әр тармағына ой көзімен қарасақ, саналы ғұмырын игілікті іске – шәкірт тәрбиелеуге, олардың бойына білім нәрін себуге жан аямай қызмет қылған екен. Жалғыз білім ғана емес, ізеттілік пен инабаттылық, мәдениеттілік тәрізді адами қасиеттерді де қоса. Міне, осы іске өмірінің елу жылын арнапты.
Енді осы жарты ғасырға ұласқан ұстаздық жолының ерекшелігі қайсысы деген тұрғыда сөз сабақтай кетелік. Біріншіден, туып-өскен өңірінде тапжылмай қызмет істеді. Шахма аға қызмет істеген жылдары ауылдағы мектеп аудан, облыста жақсы қырынан танылды. Әуелі ұстаздық қызметін Интернационал ауылындағы бастауыш мектептен бастаған Шахма аға кейін өз елі Қараөткел сегізжылдық мектебінде қызметін жалғастырды. Жыланды тауының баурайындағы Үлгілі ауылында да балаларға дәріс берді. Осы арада тағы бір айта кететін жай, көрнекті қаламгер, жазушы інісі Жанайдар Баймырзаұлы 6-7 сыныптарда ағасының алдынан дәріс алды. Осы жылдары Шахма аға республикалық, облыстық газет-журналдарға әртүрлі тақырыптардағы мақалалар, сыршыл өлеңдер жазып, өз шәкірттерін әдебиет пен өнердің терең сырларына бойлауына ықпал етті. Мүмкін, Жанайдар ағаның қасиетті қаламды таңдауы да осындай өнегенің арқасында болар.
Шахма аға Қошқарбай жеті жылдық мектебінде, содан соң 24 жыл бойы Кеңөткел мектебінде басшылық қызмет атқарды. Осы жылдары Кеңөткел мектебі білімі терең, өнегесі үздік тірек мектебіне айналды. Атақ-даңқы облыстан тысқары жерлерде де мәлім болды. 1998 жылы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша өткізілген олимпиадада Кеңөткел тірек мектебі аудандық, облыстық және республикалық байқауда жүлдегер атанды. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық мектепке Шахма ағаның бес бірдей шәкіртін таңдап алуының өзі көп нәрсені аңғартпай ма. 1984 жылға дейін ауыл мектебінде алты жастан бала оқыту тәжірибесі жоқ еді.
Педагогика саласындағы соны жаңалықты алғашқылардың бірі болып Кеңөткел тірек мектебі қолданды. Алты жастан бала оқытудың бағдарламасы бойынша мектеп мұғалімдері Балапан Мұхамеджанова, Қайыркәмал Құсайынова арнайы Алматыға барып, тәжірибе алмасып қайтты. Тойған қозыдай томпайып жатқан Қошқарбай тауының баурайындағы қарапайым қазақ ауылына жер-жерден мамандар тәжірибе алмасу үшін ат арытып келіп жатты. Кейін осы мектептің негізінде республикалық семинар өткізілді. Мұның өзі білім беру саласындағы соны жаңалық болатын.
Ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі зая кетпей, 1982 жылы «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері», жоғары дәрежелі ұстаз атақтарына ие болды. 1992 жылы «Жыл директоры» облыстық байқауына қатысып, абыройға бөленді. 1993 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгіні омырауына тақты.
Бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған асыл ағаның өмірден өткеніне де жыл толыпты. Бірақ, оның көкірегіндегі арман-мұраты өлген жоқ. Шәкірттерінің бойында жүр.

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар