Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мал шаруашылығын дамытудың жай-жапсары талқыланды - АРҚА АЖАРЫ

Мал шаруашылығын дамытудың жай-жапсары талқыланды

Ерейментау ауданының Новомарковка ауылында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіқалықовтың төрағалығымен Ақмола облысының мал шаруашылығы саласын дамыту мәселелеріне арналған семинар-кеңес болып өтті. Оған аудан әкімдері, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері, мал дәрігерлік мамандар қатынасты.

Семинар-кеңесте Ғалымжан Әбдіқалықов біздің өңірдегі мал шаруашылығын дамытудың ерекшеліктеріне, асыл тұқымды мал ұстау, жаңадан фермалар құрып, оның жұмысын жолға қою, мемлекеттік бағдарламалар жеңілдіктерін қалай тиімді пайдалану керектігіне, құжаттар рәсімдеу барысына тоқтала келіп, істерін алға бастырған бірқатар шаруашылықтардың тәжірибелерін ортаға салды. Сондай-ақ, мал шаруашылығы бойынша алға қойылған міндеттер және ол міндеттерді орындау барысында атқарылуға тиісті жұмыстарға тоқталды.

Ерементау ауданының ауыл шаруашылығы жануарларының көрмесі ұйымдастырылып, аудан әкімі Абай Әлжанов осы аудандағы мал басын өсіру, оның азығын дайындап, жағдайын жасау, жемшөп құнарын арттыру, тағы басқа жинақталған тәжірибелер жөнінде айтып берді.

Семинар-кеңесте «Асыл Түлік» асыл тұқымды мал шаруашылығы» республикалық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Б.Сейсенов, ірі қара малдың сүтті және аралас тұқымдарының республикалық палатасының басшысы А.Сағымбаев, қазақтың ақбас ірі қара мал тұқымы республикалық палатасының басшысы Д.Матақбаев сөйлеп, өңір ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне аса қажетті және қызықты мәліметтер ұсынды.

Берері көп, берекелі семинар-кеңеске қатысушылар «Жаңа Береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бордақылау алаңында  және «Хамзе» шаруа қожалығы сүт-тауар фермасында болып, жұмысымен танысты.

«Жаңа Берекенің» бордақылау алаңында бір уақытта 3000 бас мал бордақылауға мүмкіндік бар. Оның директоры Айдар Нығыметовтің айтуына қарағанда,  ірі қараны ұстау үшін 16 қора-жай қарастырылған. Су жинағыш мұнара, су желісі, ветеринария пункті, автоматтандырылған салмақ өлшегіш, мал сою цехы, жұмысшылар үшін асхана және тұрғын үйлер бар.Серіктестік тек мал бордақылаумен ғана емес, мал азығы үшін егін-шөп өсірумен де айналысады. Бұл жерде 20 адам жұмыспен қамтамасыз етілген және олар айына 150 мың теңгеден жалақы алады.

Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы есеп бойынша шаруашылықта 1 637 бас ірі қара бар болса, оның 623-і бордақылдауға қойылған. Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдарына 200 асыл тұқымды бұқа арендаға берілген.

«Жаңа Береке» өз өнімдерін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Алтын Қазық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет өңдеу кешеніне өткізеді. 25 831 гектар жерінің 1 131 гектары шабындық, 24 700 гектары жайылымдық жер. Осыған орай иеліктерінде 4 комбайн, 8 МТЗ, 1 МТТ-6, бір жем таратушы техникалары бар.

Семинар-кеңеске қатысушылар бұдан кейін «Хамзе» тауарлы-сүт шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 2017 жылы құрылған шаруашылықтың директоры Ержан Биекенов. Қожалық күніне 3200 литр сүт өндіру мүмкіндігіне ие. Ферманың 16 орындық сиыр сауу залы, комбикорм заводы бар. Мұнда 15 адам жұмыс жасайды. Алатын жалақылары айына 150 000 теңге. Қожалық 295 бас сүтті сиыр ұстайды.

Өнімдерін негізінен Ерейментау ауданы мен Қарағанды қаласының ірімшік шығаратын заводтарына өткізеді. 2568 гектар жерлері бар. Оның 1344 гектары шабындық жер болса, 1224 гектары жайылым. Өздерінің 3 К-700, бір Т-4, 3 МТЗ тракторлері іс үстінде. 2 «Вектор», 3 «Енисей» комбайындары, бір «КамАЗ» автокөлігі сақадай сай тұр.

Семинар-кеңеске қатысып, осындай шаруашылықтардың жұмыстарымен танысқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының қызметкерлері ұжымдардың жетекшілері мен мамандарға сұрақтар қойып, толымды жауаптар алды.

                                                     Серік САПАРҰЛЫ,
                                                     «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттері бар.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар