Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан жазатайым оқиғалардың саны азаймай тұрғаны белгілі. Қайғылы оқиғалардың басым көпшілігі салғырттықтан болып отыр. Осындайоқысжағдайлардың алдын алу үшін Жақсы ауданының Запорожье ауылының еріктілері су айдынында күнделікті бақылау ұйымдастырып отыр. Бұл бастама белсенді жастардың көмегімен жүзеге асуда.
Азамат Амангелдинов пен Рахат Дүйсембеков есімді жас өрендер осы ауылдың тұрғындары. Екеуі де Көкшетау қаласындағы ордалы оқу орындарының бірі Ж.Мусин атындағы қазақ педагогика колледжінің студенттері. Бір атап өтерлігі,студент жастар ауылға жазғы демалысқа келгенде бос жүрмей, халыққа пайдалы ісімен, өнегелі тәрбиесімен үлгі болып жүр. Кішіпейіл мінезімен кісілік келбеті үйлескен жастарға ауыл халқы дән риза. Олар «Жасыл ел» сарбаздары ретінде таңертеңнен түскі уақытқа дейін ауылды көгалдандырумен айналысады. Содан соң екеуі өзен жағалауына барып, суда шомылып жүрген жандардың қауіпсіздігі үшін төтенше жағдайлардың болмауын қадағалайды.
– Біз адамдарға көмектескенді және пайда әкелгенді өзіміздің азаматтық парызымыз санаймыз. Қолымыз қалт еткенде қарт адамдарға қолқабыс қылып, олардың үй шаруашылығына да көмектесеміз. Қазір күнделікті жаңалықтардан балалардың суға кету фактілері жиілеп кеткендігі туралы көп айтады. Сондықтан, біз жерлестеріміз жиі шомылатын өзен жағасында кезекшілік ұйымдастыруды жөн деп санадық. Туыстарымыз бен достарымыз біздің осы ізгі бастамамызды қолдап, көмектесіп жүр, – дейді олар.
Азамат пен Рахаттың бұл бастамасы өскелең ұрпаққа үлгі етуге боларлықтай. Адамды абзал атына сай ететін оның жағымды мінезі мен адамгершілігі. Осындай абзал қасиеттерге ие қос өреннің өнегелі ісін қалайша мақтан етпейсің?! Айта кетуіміз керек, қазіргі таңда Жақсы ауданында 14 волонтерлік ұйым жұмыс істейді әр ауылдық округте бір-бірден ерікті жас бар.
– Еріктілер қарттарға, жалғыз тұратын тұрғындарға үй шаруашылығы бойынша көмек көрсетеді. Қыста қар тазалайды, коронавирустық инфекция пандемиясы кезінде өз еріктерімен азық-түлік пакеттерін жеткізуге көмектесті, сондай-ақ олар түрлі акциялар ұйымдастырады және қоғамдық маңызы бар іс-шараларға белсенді қатысады, – дейді Жақсы ауданының жастар ресурстық орталығының директоры Е.Сыздықов.
Иә, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ. Жас болса да, кісілік келбетімен елге үлгі болып жүрген Азамат пен Рахаттың игі бастамасы, өзгеге өнеге етіп көрсетуге әбден лайық екені сөзсіз.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.