Қосшы қаласына жұмыс сапары барысында Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Талғат Жүнісов жаңа мектептің ашылу рәсіміне қатысудан басқа, Қосшы қалалық мәслихатындағы әріптестерімен кездесті.
Депутаттармен бірге ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың Жолдауын тыңдап, Мемлекет басшысы айтқан ұсыныстар мен бастамалардан алған әсерлерімен бөлісті. Қаладағы ағымдағы жағдайды талқылап, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Жақын арада Қосшыда бір ауысымда 100 келушіге арналған жаңа емхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ауданы 3600 шаршы метрден асатын және құны бір жарым миллиард теңгеге жуық екі қабатты корпусты салумен «Дело ФБК» ЖШС айналысты. Бүгінгі күні нысан келушілерді қабылдауға дайын, медициналық жабдықтар да әкелінді, кейбір ұсақ әрлеу жұмыстары қалды, содан соң ресми ашылуы болады. Жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылды.
Сондай-ақ, Қосшыда Болат Өтемұратовтың жеке қоры «Лесная поляна» тұрғын алабында салып жатқан 1500 орындық мектепті 2023 жылдың үшінші тоқсанында тапсыру жоспарланып отыр. Оның құны 8 миллиард теңге. Бұл Қосшы тұрғындары үшін үлкен сыйлық болмақ.
Осы ауданда 1200 орындық тағы бір мектеп салынуда. Құны 3,5 миллиард теңгеден асатын жобаның тапсырыс берушісі – облыстық құрылыс басқармасы. Жоспар бойынша тапсыру мерзімі – 2022 жылдың желтоқсаны, бірақ, депутаттардың көргендері бойынша кестеден сәл артта қалушылық бар екенін байқалады. Әріптестерімен бірге Т.Жүнісов Қосшы қаласының ішкі кварталдық жолдары мен кіреберіс жолдарын жөндеу барысын да қарап шықты. Бүгінгі күні тротуарларды жайластыру, қиыршық тас-құм қоспасынан негіз қалау жүргізілуде.
Қосшыдағы «Сапа Су» ЖШС Қарқаралы тас жолының бойында орналасқан, ол темірбетон бұйымдарын өндірумен айналысады. Жылына 25 000 тонна дайын өнім шығаратын кәсіпорын 2015 жылы құрылған және Қазақстанда өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға бағытталған. Астанаға жақындығын және Қосшыда және Нұр-Сұлтанның айналасында құрылыс қарқынының үнемі артып келе жатқанын ескере отырып, компанияның болашағы зор деп айтуға болады.
–Жалпы, сапар Қосшы облыстық маңызы бар қала мәртебесіне ие болғандықтан, мұнда әлеуметтік-экономикалық жағдай айтарлықтай жанданып қана қоймай, құрылыс және қайта жөндеу жұмыстарының қарқыны өскенін көрсетті. Елді мекенді дамытуға облыстық және республикалық бюджеттерден едәуір қаражат бөлінеді. Қала біртіндеп елорданың нағыз серігіне айналып, осы мәртебеге сай болуы керек, – деді сапар барысын түйіндей келе Талғат Жүнісов.
Қарлыға Мұхатаева,
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз хатшысы.