Ақмола облысында алғашқы абоненттер магистральдық газ құбырына қосылды

Бүгін Аршалы ауданында тұрғын үйлерді «Сарыарқа» магистралды газ құбырына қосу рәсімі өтті. Салтанатты шараға өңір басшысы Ермек Маржықпаев қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

–Бүгін біздің облыс үшін тарихи сәт.  Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында облысқа газ жеткізілді. Елді мекендерге газ кезең-кезеңмен жіберілуде. Бірінші кезеңде біз 20 елді мекенді газға қосамыз. Осы ретте, бізбен тығыз жұмыс істеп отырған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ серіктестерімізге алғыс айтамыз. Екі жыл ішінде біз мың шақырымға жуық құбыр тартып, табиғи газ өткізілді. Бүгін біз Аршалы ауданының 5 елді мекенінің тұрғындарына газ жеткізіп отырмыз,– деп атап өтті облыс әкімі.

Түрген ауылындағы алғашқы абоненттердің бірі – Семенковтар отбасы болды.

–Біз көпбалалы отбасымыз, бес баланы тәрбиелеп өсірдік. Олардың екеуі қазірдің өзінде өз күндерін өздері көруде. Тағы екеуі университетте оқиды. Үйімізге алғашқылардың бірі болып газ тартылғанына қуанып отырмыз. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен құрмет. Ауыл тұрғындары газ тартылатын күнді асыға күтті, – дейді отағасы Валерий Семенков.

Айта кетейік, 2019 жылы 17 елді мекенде – Ақбұлақ, Ақтасты, Арнасай, Бабатай, Түрген, Донецк, Анар, Аршалы, Берсуат, Байдалы, Ижевск, Шөптікөл, Волгодоновка, 42 – Разъезд, Қойгелді, Жібек Жолы, Жалтыркөл және Аршалы кентіндегі автоматтандырылған газ тарату станциясында «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосу үшін газ тарату желілері құрылысының он жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Пайдалануға берілген «Аршалы» автоматтандырылған газ тарату станциясының өткізу қуаты сағатына 15000 текше метрді құрайды. Барлығы 345,92 шақырым газ желілері салынды.

2023 жылы Аршалы ауданын газдандырудың соңғы кезеңі Жібек Жолы ауылында жүзеге асырылады.  Яғни, бес газ реттегіш блокты пункттерді орнату арқылы 229,054 шақырым газ тарату желілері іске қосылады.

Осылайша, 2020-2023 жылдар аралығында аудан бойынша 574,66 шақырым газ құбыры пайдалануға беріледі. Табиғи газ 8230 тұрғын үйге жеткізіледі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар