Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
КӨКШЕДЕН ТҮЛЕП ҰШҚАН - АРҚА АЖАРЫ

КӨКШЕДЕН ТҮЛЕП ҰШҚАН

тұңғыш генерал туралы бір үзік сыр

Жасы жетпіс төрттен асса да, әлемдік поэзия шеберлерінің танымал өлең шумақтарын жаңылмай жатқа айтатын, қатардан қалмай еңбек етіп келе жатқан «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі  төрағасының орынбасары, тәуелсіз еліміздің қарулы күштерін құрып, одан әрі дамытудың қайнар бастауында тұрғандардың бірі, бүгінде ел қорғанысына абыройлы үлес қосып жүрген офицерлердің тұтас бір шоғырын тәрбиелеп шығаруға атсалысқан генерал-майор Марат Серәліұлы Нағұмановты еске алған сайын мына бір оқиғаның ойыма оралатыны бар.

… Шағын ғана Қостомар ауылы. Күз айы. Таяуда ғана жаңбыр жауып өткен көше жиегінде кішкене қыз бала не істерін білмей аңтарылып тұр. Бұл жерге көшенің қай тұсынан келіп қалғаны белгісіз, дегенмен ойын қызығына әбден беріліп, шаршап тұрғаны қалжыраңқы түрінен байқалады.

–Ағай, қатты шаршап тұрмын, үйге апарып тастайсыз ба?! – дейді ол өзін көріп тоқтаған бейтаныс ағайға қиыла қарап.

–Өй, айналайын, шаршасаң, кел, арқама міне ғой, – деп әлгі ағай шашы жалбыраған ақсары қызды арқасына мінгізіп алып, ауыл шетіндегі анам тұратын біздің үйге жеткізіп салыпты.

Бұл қыз біздің тұңғышымыз Жанар болса, ал оның меселін қайтармаған  осы ауылдың ақпейіл де абзал азаматы Серәлі Нағұманұлы, біз әңгіме етіп отырған Мараттың әкесі еді. Мараттың анасы Шәкен де ауыл арасында өте сыйлы, біртоға, көркем мінезді жандардың бірі болатын. Ал, жоғарыда айтылған жайды ауыл адамдары кейінірек бір кездескенде маған күле отырып, айтып берген еді.

Осындайда ауыл адамдарының қаймағы  бұзылмаған әппақ пейіліне көңілім марқайып, шынайы бір толғанысты сезімге бөленетінім бар. «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деген аталы сөздің бекер айтылмағанын тағы бір жақсы сезінгендей боламын.

Ал, негізіне тартып туған  Марат Отан қорғау жолында аянбай қызмет етуді алдына қаршадайынан үлкен мақсат етіп қойды. Аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы мен Кеңестер Одағының Батыры атанған зеренділік атақты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллинді өзіне үлгі тұтып өсті. Ер жетті. Есейді. Алайда майдангер Серәлінің баласы Мараттың әскерге алынам деген алғашқы талпынысы сәтсіз аяқталған еді. Көз жанарының көруі нашар деген желеумен әскерге шақырылуы кейінге қалдырылған-ды. Әскери комиссариатқа екінші рет барғанда, тағы да осы жағдай қайталанды. Әйтсе де Марат алған бетінен қайтпады. Облыстық әскери комиссариат бастығының тура өзіне барып, табандылық танытып тұрып алды.

Ақыры осындай бірбеткей өжеттігінің арқасында әскерге алынып,  Волгоград облысына әскери қызмет етуге жіберілген Марат Серәліұлы абырой-беделге тез-ақ ие бола бастады. Екінші жылдың аяғына таман «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін иеленді. Көп ұзамай әскери-саяси мектеп курстарына оқуға жіберілді. Он ай оқып, қызыл диплом алып шыққаннан кейін ол Орта Азия әскери округіне Қытай шекарасында қызмет етуге сұранады. Нақ сол кезде, яғни,1969 жылдың наурыз айында кеңес-қытай шекарасының қиыршығыстық учаскесінде, атап айтқанда, Даманск аралында қарулы шекаралық қақтығыс орын алған еді.

Осы жерден Германия Демократиялық Республикасындағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті құрамында әскери қызметін жалғастыруға жіберіледі. Бес жыл өткеннен кейін Прибалтика әскери округіне  жіберіліп, мұнда 1992 жылға дейін әскери қызмет өткереді. Қызыл тулы Прибалтика әскери округі бақылау комиссиясының төрағасы қызметін атқара жүріп, полковник дәрежесіне дейін көтерілді. «КСРО Қарулы Күштері қатарындағы Отанға қызметі үшін» орденімен марапатталды.

1991 жылы наурыз айында Мәскеуде өткен І Бүкілодақтық партия конференциясына делегат болып қатысқан еді. Сонда Қазақстан Компартиясы Орталық  Комитетінің хатшысы Сәбит Байжановпен кездейсоқ танысып,  қазақ офицерлерінің іздестіріліп жатқаны туралы хабарды қуанышпен қабыл алды.

Сөйтіп, Марат Серәліұлы 1991 жылдың желтоқсан айында Қазақстанға келді. Кеңес Одағының Батыры, армия генералы, нақ сол кезде Қазақстан Республикасының Қорғаныс комитетін басқарған Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетовтың қабылдауында болды.

–Полковник Нағұманов, соңғы атқарған лауазымым – Прибалтика әскери округі бақылау комиссиясының төрағасы, – деп өзін әскери жарғы бойынша қысқа ғана таныстырып өтті.

Сағадат Қожахметұлы жылы шыраймен қарсы алды. Әскери қызметте мол тәжірибе жинақтап, әбден ысылған офицерлердің Қазақстанға өте қажет екенін, жалпы әскердегі қазіргі қалыптасып отырған жағдай туралы айта келіп:

– Әзірше Алматы жоғары әскери училищесіне жеке құраммен жұмыс істеуге барасыз ба? – деп бірден өз ұсынысын білдірді.

– Қайда бұйырсаңыз, сонда барамын!

Әскери тәртіпке бағынуға көндіккен Мараттың қайтарған әрі қысқа, әрі нұсқа жауабы осы болды.

Еліміздің ертеңгі болашағын ойлаған батыр ағамыздың ұсынысын қомсынбай қабыл алғанына еш өкінген жоқ. Қиындықтан қаймықпайтын, ақылмен жүріп, анық алға басатын Марат Серәліұлы өз мойнындағы «тәрбиешілік» жұмыспен қатар, училищенің әкімшілік ұйымдастыру-басқару ісін де қатар алып жүрді.  Училище аз уақыт өтісімен-ақ еліміздің Қарулы Күштеріне он бір мамандық бойынша офицерлер даярлайтын көпбейінді оқу орнына айналды. Атап айтқанда, аталмыш училище базасы негізінде мотоатқыштар, танкистер, артиллеристер, байланысшылар, инженерлер, автомобильшілер, тәрбиешілер, зымырандық-артиллериялық қару-жарақ және тыл офицерлері даярлана бастады.

Уақыт өтіп, заман талабына сай И.С. Конев атындағы Алматы жоғары әскери училищесін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясы етіп қайта құру қажеттігі туындағанда, осынау үлкен шараның  ұйымдастыру құжаттарын Президенттің атына дайындаумен тікелей айналысқан Марат Серәліұлы осы бағытта қыруар жұмыстар атқарды. Бүгінгі Қорғаныс министрлігінің Астана қаласындағы іргелі жоғары әскери оқу орындарының бірі – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Ұлттық қорғаныс университетінің алғашқы іргетасы осылай қаланған болатын.

Әскери білім беру жүйесінде алты жыл қызмет атқарғаннан кейін ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар департаментінің бастығы, ҚР ҚК Құрлық әскерлері қолбасшысының орынбасары ретінде ауқымды жұмыстардың басы-қасында болды. Отставкаға шыққаннан кейін де кейінгі толқын жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісінен қол үзген емес.

Қазір ол, жоғарыда атап өткеніміздей, «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі  төрағасының орынбасары, «ҚР ҚМ Әскери-техникалық мектебі» РМҚК бас директорының орынбасары – Әскери-патриоттық тәрбие беру орталығының басшысы, «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері мен әскери қызметшілерінің отбасылары қорының» президенті ретінде де сан алуан жұмыстардың ұйымдастырушысы болып, тынымсыз қызмет атқарып келеді.

2017 жылы құрылған бұл қоғамдық қор қайырымдылықпен қатар ардагерлерге және олардың отбасына әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді, олардың қайта маманданып, жұмысқа орналасуына жәрдем жасайды. Осы уақыт аралығында аталған мақсаттар мен ардагерлердің мұқтаждықтары үшін 31 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті. Кеңес Одағының Батыры, армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетовтың мүсінін жасап, орнатуға қор тарапынан төрт жарым миллион теңгеден аса қаржы жұмсалған.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арнап, сондай-ақ, кеңес жауынгерлерінің Мәскеу түбіндегі қарсы шабуылына 80 жыл толуына орай, бірлестік Александр Бектің әйгілі «Арпалыс» («Волоколамск тас жолы») хикаятын қайта басып шығарды. Кітап бүкіл әскери бөлімдерге, әскери оқу орындарына, «Жас ұлан» мектептеріне жіберілді.

Аталған қордың, оның 14 облыстық және 3 қалалық филиалдарының атқарған жұмыстарын түгел жария етер болсақ, оның өзі бір үлкен жеке мақалаға жүк болар еді. Десек те, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің 10 жылдығына орайластырылып, арнайы журнал шығарылғанын айта кету орынды  болмақ. Өйткені, бұл журнал генерал-майор М. Нағұмановтың жалпы редакциялық жетекшілігімен жарық көрді. Анағұрлым белсенді жұмыс істеп келе жатқандар қатарында запастағы полковник Ж.М. Ережепов жетекшілік ететін РҚБ-ның Ақмола облыстық филиалы да атап өтілді.

Таяуда Аршалы ауданына қарасты  Жібек жолы ауылында Ұлы Отан соғысында құрбан болған жерлес жауынгерлерге арналып ескерткіш ашылды.

Бұл ескерткіштің ашылуына мұрындық болғандардың бірі біздің жерлесіміз, «ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары, Қарулы Күштер ардагерлері мен әскери қызметшілердің отбасылары қоғамдық қорының төрағасы, генерал-майор Марат Серәліұлы Нағұманов болатын. Ескеркіштің ашылу салтанатына генерал-майор М.С.Нағұманов пен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеев қатысып, гүл шоқтарын қойды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің алдына бірнеше кезек күттірмес міндеттерді қойып, бұл ретте әскери қызметтің абырой-беделін арттыра түсу қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысына қатысқан Марат Серәліұлы:

–Ең алдымен «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның атауын «Жалпыға бірдей әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң деп өзгерту, екіншіден, мерзімді әскери қызметке шақырылатын азаматтардың шекті жасын 27-ден 30 жасқа дейін ұзарту қажет. Мұның өзі 18 бен 30 жас аралығындағы, әртүрлі мамандық алып үлгерген жастарды әскери даярлықтан өткізуге, сөйтіп армиямызды жаңа технологияларды жетік меңгерген, кәсіби шеберлігі жетілген сарбаздармен жасақтауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта осыларға басымдық беруіміз керек, – деп өз ойын білдірген болатын.

… Ұмытпасам, 2000 жылдың жаз айы болуы керек. Ол кезде мен ҚР Әділет министрлігінің Мемлекеттік тілді дамыту басқармасында жұмыс істейтінмін. Күнделікті жұмыс аяқталған соң, Қорғаныс министрлігіне Марат Серәліұлын іздеп бардым. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, арада қанша жыл өтсе де, жылы қабақ танытып, қуана қарсы алды. Қолқалап, 9-шы микроаудандағы үйіне шақырды. Үйге келген соң да бірталай әңгіменің тиегі ағытылды.

Әрине, журналист ретінде қызығушылық танытып, туған  ауылымыздан түлеп ұшқан тұңғыш генерал туралы жазуға сол кезде-ақ ниет білдірген едім, Алайда, Мәкең бұл ойымды нақ сол сәтте құп көре қоймады. «Әлі де туған еліме еңбегім сіңе түссін, кейінірек көре жатармыз» деді ме екен, қалай болғанда да тап сол кезде табиғатына тән қарапайымдылық шеңберінен шыға алмағаны анық.

Түннің бір уағында үйге келсем, зайыбым Кілен тағатсыздана күтіп отыр екен.

– Қапез-ау, қайда жүрсің?! Мүлдем хабарсыз, кешіктің ғой!?.– дейді алаңдаушылығын білдіріп.

–Тірі генералмен тілдесіп, табақтас болып қайттым! – деймін мақтаныш сезімін жасыра алмай.

Уақыт шіркінде тоқтау бар ма, содан бері де 22 жыл зымырап өте шығыпты. Осы жылдар бойы біз Маратты мақтан етіп келеміз. Біздің ауылдан шыққан абыройлы азамат деп мақтанамыз. Өйткені, ол бүкіл саналы ғұмырының 36 жылын Отан қорғау жолына сарп еткен, табиғатына тән табандылығынан, қарапайым да қайырымды қалпынан таймаған азамат. Белсенді өмірлік ұстанымынан ешқашан айнымаған санаулы саңлақтардың бірі. Бірі дейміз-ау, тіпті, бірегейі.

– Неше жерден бүгінгі заманғы қару-жарақпен бақайшағына дейін қаруланған, озық әскери техникамен жарақтандырылған қуатты армия болса да, соғыстың алғы шебінде әрдайым адамның жүретіні айдай ақиқат қой,- дейді Марат Серәліұлы сөз орайы келгенде,- Егер сол адамның жүрегі елім деп елжіреп тұрмаса, рухы мықты болмаса, оның жеңіске жетуі екіталай емес пе?! Олай болса, Отан үшін от кешуге әрдайым әзір тұратын өр мінезді, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп өсіру баршамыздың ортақ парызымыз ғой.

Бұл енді бүкіл саналы өмірін Отан қорғау ісіне сарп еткен әскери адамның имандай  шыны, тіпті өмірлік мақсат-мұраты болса керек. Осы орайда әскери қызметшінің етегінен ұстап, өмір жолында кезігетін қиыншылық атаулыны бірдей бөлісуге белді бекем буған жан жары Ақжібектің өткен жылдар ішінде Маратқа сенімді серік бола білгенін атап өту орынды болмақ. Демек, отағасының өз әскери қызметі барысында талай-талай биік асуларды бағындыра білуінде отбасының ынтымағын, бірлік-берекесін сақтап келген Ақжібектің де үлесі мол екендігі сөзсіз.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демей ме халық даналығы, Марат Серәліұлы секілді ерекше білімді, ғылым мен әдебиеттен мол сусындаған, әлемдік поэзия алыптарының классикалық туындыларынан үзінділерді әлі күнге дейін жатқа айтып отыратын дана әкенің тәрбиесін көрген қыздары да әке жолын қуып, әскери қызметті ілгері жалғастыруда. Осы ұядан түлеп ұшқан полковник педагогикалық ғылымдардың кандидаты Жанна Маратқызы Нағұманова ҚР ҰҚК Әскери институтының адъюнктурасын үздік бітіріп, қазір Ұлттық қорғаныс университетінің жетекші ғылыми қызметкері ретінде ғылыми еңбек жолын жалғастыруда. Ол әскери оқыту және тәрбиелеу проблемаларын зерттеуге маманданған. Кіші қызы Даяна Маратқызы да үздік дипломымен қоса, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің жанындағы Әскери кафедраны аяқтап, алғашқы «лейтенант» әскери атағын алды. Міне, ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз осы емес пе?!

Сонымен, Көкшеден түлеп ұшқан генерал құрдасым туралы бір үзік сырды осылайша түйіндей келе, осынау өркені өскен өнегелі отбасының ынтымағы, бірлік-берекесі арта берсе екен, ұрпақтар сабақтастығы еш уақытта үзілмесе екен деп тілеймін.

Қапез ҚОЖАХМЕТОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар