Нүрикамал

Әдетте, күнделікті күйбең тіршілігіңнен шаршап, үйге кіріп, теледидарды қосқанда, экраннан жүрегіңді жадырататын тамаша бір үйлесімді, әуезді ән естілгенде, бір рахат күйге түсесің. Міне, өнердің құдіреті, шіркін! Қиял әлеміне батып, ән ырғағымен қалықтап, сергіп қаласың. Сондай күйге түсіретін, толқытатын,тебірентетін ойландыратын әннің бірі, бірі емес бірегейі «Нүрикамал» әні.

Алланың әмірімен, біздің отбасымыз «Нүрикамал» әнін естігенде ішер асымызды қоя салып, өнердің құдіретіне бағынып, үлкен шабытпен сол әнді тыңдаймыз. Музыка әуезімен сөз мақамы өте тамаша үйлескен, адамның тұла бойын тебірентетін осы бір сазды әуенге не жетсін!..

Осы шығарманың маған менің отбасыма өте жақын болуының бір себебі,ән кейіпкері Нүрикамал қарындасымызбен студентік өмірден таныстығымыз шығар деп ойлаймын. Сол кезде Ақмола қаласының педагогикалық институтының студент жастары арасында Нүрикамалдыңбеделі жоғары болды. Ол оқуды өте жақсы оқыды, сонымен қатар, институттың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып,студент жастардың көш басшыларының бірі болды.

Алланың берген тән сұлулығыменжан сұлулығы үйлесімді түрде жараса түскен Нүрикамал Сейітжанқызы қасындағы әріптес қыздарға ақылшы және қамқоршы бола білді.Бүгінгі күні бірге оқыған жолдастары Болат, Мәрияш, Кәмила, Бижақан, тағы басқалары Нүрикамалды үлкен сағынышпен, қимай еске алады.

Талантты адам өз қабілетін,ой-өрісінің кеңдігін қай уақытта болсын көрсете алады ғой. Нүрикамалмен дедәл солай болды. Ол облыс деңгейінде жоғары лауазымды қызметтерде абыроймен еңбек етті.

Тарихқа үңіліп, кейін қарасақ, Президент Жарлығымен Ақмола облысының әкімшілік-аумақтықорталығы Көкшетау қаласына ауыстырылды және бұрынғы облыс аумағына Зеренді, Шортанды, Еңбекшілдер аудандары қосылды. Осы кезде Нүрикамал Сейітжанқызы Ақмола облыстық мәдениет саласын басқарды.

Сол кездегі облыс басшыларының қолдауымен Ақмола облысының мәдениет саласында тарихи маңызы зор ауқымды істер атқарылды. Көкшетау қаласының орталық алаңына Абылай ханның ескерткіші орнатылды. «Көкшетау» мәдениет сарайына жаңа архитектуралық стильде күрделі жөндеу жүргізілді, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жаңа ғимараты бой көтерді. Облыс бойынша бірнеше музейлер ашылды. Аудан орталықтарында мәдениет үйлері жөнделіп, өз жұмыстарын жандандыра түсті. Аудан, ауыл жастары облыс орталығы Көкшетау қаласының сахналарында өз өнерлерін көрсетуге мол мүмкіндік алды. Менің ойымша, Ақмола облысының мәдениет саласынөрге бастыруда Нүрикамал Сейітжанқызының еңбегі осылайша орасан зор еді.

Бірақ, оның бүкіл Қазақ еліне танымал болуына себеп болған киелі деқасиетті, шырайлы Шымкент жері еді. Қазақ теледидарының «Бір туынды тарихы» атты бағдарламасының бір шығарылымы осы «Нүрикамал» әніне арналған. Оны қарап отырып, Алла тағалам өз ісінің талантты дадарынды хас шеберлерін қалай бір жерге жинап,ойларын бір арнаға тоғыстырған дейсің. Әр адам баласының өмірі бір Арқа елінің ерке қызы оңтүстік еліне қызмет бабымен барып, тамаша өнер туындысының бас кейіпкеріне айналып шыға келеді. Бейне бір келісіп, қолмен қойғандай, сәтін салған өмір-ай десеңші. Өз басым отбасым мен туған-туыстарым, Нүрикамалдың әріптес құрбылары мен жолдастары, бәріміздің, осы әннің шығуына себепкер болған, оның музыкасы мен сөзін жазған авторларына, әнді орындаушыға алғысымыз шексіз.

Өкінішке орай, Алланың жазуымен Нүрикамал Сейітжанқызы арамыздан мәңгілік мекеніне аттанғаннан кейін бұл әнніңбіз үшін мән-мағынасы тіпті артты. Әрбір ұйып, тебіреніп тыңдаған сайын терең ойға батып, қимастық сезімнің тұңғиығынан шыға алмай қаламыз. Бірақ, Алланың ісіне не шара?! Аса қамқор, мейрімді Алла тағалам Нүрикамал досымыздың жатқан жерін жайлы қылып, иман байлығын беріп, алдынан жарылқасын деп тілейміз.

Дүние аман тұрғанында қазақ елі,қазақ халқы барында өнер құдіретіне деген құрмет ешқашан азаймайды деп ойлаймын. «Нүрикамал» әні де Нүрикамал Сейітжанқызының рухын көтеріп, ұлтымызбен мәңгілік жасай беретініне сенім мол. Ылайым солай болсын. Сөз соңында айтарым, осы бір шағын болса да, жүрегіме оңай соқпаған мақаланы балам Дананың өтініші бойынша жаздым.

Қабиболла ШАЯХМЕТҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, зейнеткер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар