Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Білім саласындағы Үштілділік: оның күнгейі мен көлеңкесі - АРҚА АЖАРЫ

Білім саласындағы Үштілділік: оның күнгейі мен көлеңкесі

Газеттің бұл жолғы «Көзқарас» клубының кезекті тақырыбы жалпақ жұртты елеңдетіп отырған мектеп оқушыларын үш тілде оқыту және осы саладағы үздіксіз жүргізіліп жатқан реформалар төңірегінде болды. Жұрт қамын ойлаған жүздесуге облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің басшысы Ботагөз Дүйсенова, облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Қаратай Төлекеев, Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Роза Командир және ата-аналар тарапынан келген Жанар Бекенова қатысты.       

Дөңгелек үстел басындағы кездесуді басылымның бас редакторы Қайырбай Төреғожа ашып, клубтың бұдан бұрын да талқылаған тақырыптары туралы таныстырып өтті. Бүгінгі білім саласында болып жатқан өзгерістер де маңызды екеніне тоқтала келе, тұтас елге қатысты мәнді мәселені талқылауға келгендері үшін қатысушыларға алғысын білдірді.
Тілші:
– Бүгінгі тақырыбымызға арқау болған үштілділік туралы егжей-тегжейлі айтып, тарқатып беру үшін сөзді алдымен облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Ботагөз Балапайқызына бергенді жөн көріп отырмыз.
Ботагөз Дүйсенова:
– Жалпы біз Қазақстан Рес-публикасы Білім және ғылым министрлігінің бекітіп берген стандарттары бойынша жұмыс істейміз. Елімізде Назарбаев зияткерлік мектептері жаңартылған білім беру стандарты бойынша 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қалған мектептерді сол дәрежеге жақындату мақсатында 2015 жылы бастауыш білім берудің жаңа стандарттары енгізілді. Бұл стандарт бекітілмес бұрын министрлік республикамыздың әр өңірінде осы мәселені жан-жақты талқылады. Үгіт-насихат топтары құрылып, жұмыс істеді. Біздің облыста да бұл стандартты мектеп мұғалімдерінің, зиялы қауым өкілдерінің, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдерінің талқылауына салды. Әрине, бұл стандарттың бізге керек емес екенін айтып, қарсы пікір білдіргендер көп болды. Екі жақты пікірлердің де хаттамасын министрлікке жіберген болатынбыз. Алайда, стандарт қабылданып кетті. Біз енді соған сай жұмыс істейміз. Осы стандартпен оқытылып жатқан Назарбаев зияткерлік мектептері оқушыларды іріктеу арқылы қабылдайтыны белгілі. Ол мектептерге ең үздік, алғыр, зерек балалар түседі. Ал, қалған мектептердегі оқушылар үшін бұл бағдарлама өте ауыр. Ата-ана ретінде бұл мәселеге өзімнің жеке пікірім бар, бірақ, мемлекеттік қызметші ретінде қарсы ештеңе айта алмаймын.
Тілші:
– Ата-ана ретінде де сол пікіріңізді біржола айта кетсеңіз?
 Ботагөз Дүйсенова:
– Ата-ана ретінде бұл жаңашылдыққа қарсымын. Себебі, үш тілде оқытатын Назарбаев зияткерлік мектебіне бір орынға орта есеппен алғанда 12-13 оқушы, қазақ-түрік лицейіне 17-18 оқушы сынға түседі. Қазақ-түрік лицейіне биыл 600 оқушы үміткер болып, солардан 48 оқушы ғана қабылданды. Жүзден жүйрік шыққан балаларды оқыту әрине, жеңіл. Олардың үш тілді қатарынан меңгеріп кетуі оңай. Менің екі ұлым да қазақ-түрік лицейінде оқиды. Ұлдарымның оқу үлгерімі бірінші жылы нашарлап кетті. Кілең үштік алып жүрді. Кейін бірте-бірте жақсарды.
Тілші:
–Үштілділікке көшу үшін бізде ағылшын тілінде сабақ бере алатын мамандар жеткілікті ме?
Ботагөз Дүйсенова:
–Бұл стандартқа көшу үшін маман тапшылығы сезіліп отыр. Әсіресе, ауылдық жерде ағылшын тілінде математика, биология, информатика және  физика пәндерін оқытатын мұғалімдер мүлде жоқ деп айтуға болады. Егер жақсы маман болса, ауылдың балалары да ағылшын тілін меңгеріп кетер еді. Үштілділікке көшу былтыр ғана көтерілген мәселе емес, 2004 жылы да  бұл сауалдың басын шалғанбыз. Ол жылы қаламыздағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясы мен №19 орта мектеп пилоттық жоба ретінде үш тілде оқытуға көшкен. Ол кезде тек математика пәнін ғана ағылшын тілінде оқыту көзделген. Маман болмаған соң үш жылдан кейін №19 орта мектепте бұл жоба аяқсыз қалды.
 Бұрын облысымызда ағылшын, неміс, француз, араб тілдері шет тілі ретінде оқытылған. Қазір неміс тілі мүлде оқытылмайды десек те болады. Неміс тілі екінші шет тілі ретінде Көкшетау қаласының №1, 5 орта мектептерінде ғана оқытылады. Француз тілі тек Көкшетау қаласы мен Қорғалжын ауданында ғана оқытылады. Араб тілі 2005-2006 жылға дейін Бурабай мен Қорғалжын аудандарында оқытылып келді. Бірте-бірте бұл тілдердің орнын ағылшын тілі басты.
Тілші:
– Бір тілді екінші тіл ығыстырып жатқанына қарағанда, тілдердің майданы жүріп жатқан сияқты ғой. Ал, енді маман кадрлар мәселесін қалай шешуге болады? Шалғайдағы шағын мектептерде осы мәселенің жүзеге асуы мүмкін бе?
Ботагөз Дүйсенова:
– Аслан Сәрінжіпов министр болып тұрған кезінде үштілділікке көшу мәселесін көтерген. Бірақ, ол мұғалімдерді даярлап болып, біртіндеп 2023 жылға дейін жүзеге асуы керек деп еді. Енді жаңа министр келгеннен бері оқу бағдарламасына өзгеріс енгізіп, 2016-2019 жылдар аралығында жүзеге асырылмақшы. Ол 2016-2017 оқу жылы бірінші сыныптарға үштілділік енеді деп отыр. Келесі жылы бұл бағдарламаға 2, 5, 7 сыныптар көшеді. Одан арғы жылы 3, 6, 8, 10 сыныптар және төртінші жылы 4, 9, 11 сыныптар үш тілде оқитын болады. Яғни, 2019-2020 оқу жылдары 12 жылдық жаңартылған оқу бағдарламасының стандартына түбегейлі көшеміз. Бұған 2008 жылы көшеміз деп едік, болмай қалды. 2012 жылы да сондай талпыныс болды. Алайда, мектептер дайын болмай шықты.
Маман мәселесіне келетін болсақ, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін биыл 41 студент тәмамдайды. Олар үш тілде сабақ беруге дайын мамандар. Есептеп көрсек, 4 жылда бар-жоғы 128 маманымыз болады. Бұл аз. Бұдан артық маман тәрбиелей алмаймыз. Себебі, мемлекет тарапынан бөлінген грант аз. Бірақ, мұны шешудің тағы бір жолын қарастырып жатырмыз. Ол «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін арттыру институты арқылы жүзеге асырылады. Яғни, мектептерде жұмыс істеп жатқан пән мұғалімдеріне қысқа мерзімді ағылшын тілі курстарын оқытпақ ойымыз бар.  
Тілші:
–Ал, олардың ағылшын тілін қысқа мерзімде меңгеріп кетуі мүмкін бе?
Ботагөз Дүйсенова:
– Мүмкін, әсіресе химия мен биология пәндерінің мұғалімдері соған бейім келеді. Себебі, қолданылатын терминдері көп жағдайда ортақ. Біз қазірдің өзінде облыс бойынша ағылшын тіліне бейім мұғалімдерді іріктеп жатырмыз.
Тілші:
–Ендігі бір өзекті мәселе, оқулықтар жағы қалай шешіліп жатыр? Бұл үшін тағы да жаңа оқулықтар шығару керек емес пе?
Ботагөз Дүйсенова:
–Оқулықтар жергілікті бюджеттің қаржысына шығарылады. Оған қоса, биыл облыстық бюджеттен де қаражат бөлінеді.
Тілші:
–Жыл сайын оқулық жаңартып, мемлекет қаржысын оңды-солды шашып келеміз. Бұл жаңа стандарттың ғұмыры №19 орта мектептегі математиканы ағылшын тілінде оқыту керек деген пилоттық жоба сияқты екі-үш жылдан соң аяқсыз қалмаса жарар еді. Қыруар ақша, уақыт пен еңбектің далаға кеткені сонда болады. Нақты ғылым пәндерін үш тілде оқыту қазақ тілінің қолданылу аясының тарылуына алып келетіні тағы бар. Сіз бұған не дейсіз?
Ботагөз Дүйсенова:
–Иә, әлеуметтік желіде де, қоғамда да осы мәселе жиі айтылып жүр. Дегенмен, ондай ештеңе көріп тұрған жоқпын. Себебі, баланы қазақ  мектебіне берсе, негізгі пәндердің бәрі қазақ тілінде оқытылады. Тек ағылшын тілінің сағаты бұрынғыдан көбірек болады.
Қаратай Төлекеев:
– Оқушылар қазақ тілін дұрыс меңгере алмай жатқан кезде дүниежүзі тарихын орыс тілінде оқытудың қажеті қанша? Орыс мектептеріндегі оқушылар онсыз да қазақ тілін білмейді. Олар Қазақстан тарихын түсініп оқи алмайды. Біз сонда өз Отанының тарихынан хабарсыз ұрпақ тәрбиелейін деп отырмыз.  
Роза Командир:
–Біздің мектепте 2004 жылдан бастап математика пәнін ағылшын тілінде оқытуға көштік. 2010 жылы биология пәні де солай болды. Ал, мектебіміз гимназия дәрежесіне көтерілгелі химия, информатика, физика пәндерін де ағылшын тілінде оқытып жатырмыз. Бастапқыда әрине, мамандар жетіспеді. Шоқан Уәлиханов университетінің ұстаздары, қазақ-түрік лицейінің мұғалімдері келіп оқытты. Қазір өзіміздің мамандар сабақ береді. Олар ағылшын тілінің курстарында оқыған. Ағылшын тілі мұғалімдерімен де қарым-қатынастары өте жақсы. Мұның бәрі ағылшын тілін меңгеріп, сабақ беруге септігін тигізеді. Біздің Гауһар Шәпенова деген әріптесіміз ағылшын тілін басқа пәндермен кіріктіріп оқыту жөнінен авторлық бағдарламасын жасап шықты. Бұл ағылшын тілі мұғалімі мен пән мұғалімінің бірлесіп сабақ беруі арқылы жүзеге асырылады. Үштілділікке көшсе қазақ тілі жойылып кетеді деген қауіп бар деп айтып жатыр ғой. Олай емес. Стандартты берілетін пәндер түгел қазақ тілінде қалады. Тек қана аптасына қосымша 1-2 сағат ағылшын тілінде сол пәннің терминологиялық сөздерін, сол пәннің тәжірибелерін жасап жатыр. Қазір мектебімізде 460 оқушы осылай білім алуда. Бұл міндетті түрде ағылшынша сайрап шықсын деген талап емес. Сол тілді өмірде қолдана білсе болды. Ағылшын тілін үйрену мұғалімдерге де пайдалы. Олар да өз білімін жетілдіру үстінде. Сондықтан, ешқандай алаңдаушылық болмауы керек. Бірінші сыныптағы балаларды ағылшын тіліне үйретеміз деп жатырмыз ғой. Оларға бірден оқу, жазуды үйретпейміз. Сабақтың бәрі ойын әдістері арқылы өтеді. Бұл баланың тілін дамытады. Одан қорықпау керек. Орыс тілін үйрету де солай жүзеге асады.
Қаратай Төлекеев:
–Жалпы, біздің бұл отырысымыз министрліктің жаңа реформасына байланысты даттаушылар мен жақтаушылардың отырысы. Сіздер білім саласында жұмыс істегендіктен, қайтсеңіздер де бұл бағдарламаны жақтайсыздар.
Ал, енді Елбасымыздың айтқан үш тұғырлы тіл саясаты мен мектеп бағдарламасындағы үштілділік саясатын дұрыс ажырата білуіміз керек. Бұл екеуі екі бөлек дүние. Біріншісінде, яғни, 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында Елбасы бізге үш тұғырлы тіл керек деп айтқан болатын. Содан соң 2010 жылға дейін осы сөз әр Жолдауда айтылды. 2010 жылы мемлекеттік бағдарлама жасап шығарылды. Бірақ, ол бағдарлама балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарына қатысты емес. Ол республикамыздағы бүкіл мемлекеттік қызметшілер ағылшын тілін меңгеруі тиіс деген сөзге байланысты болатын. 2012 жылдан бастап республикамыздың тіл оқыту орталықтары осы мәселені қолға алды. Біз ол кезде әуелі қазақ тілін дұрыстап алайық дедік те, ағылшын тілін жылы жауып қойдық. Бірақ, 2014 жылы Үкімет тарапынан нұсқау келгендіктен, қазір тек ағылшын тілін оқытып жатырмыз. Облыс бойынша 19 орталықта 580 адам ағылшын тілін тегін оқып жатыр. Ендігі жылы бұл көрсеткіш 1 мың адам болуы да мүмкін. Ал, ақшасын төлесе екі мың адам да оқуы мүмкін. Бұл бір мәселе. Екінші мәселе, министрліктің орта білім беретін мектептерде ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқыту керек дегені. Бұған мен ғана емес, бүкіл есті азаматтар қарсы. Ахмет Байтұрсыновтың «адам санасы 11-12 жасқа дейін қалыптасады. Бала сол жасқа дейін қай тілде сөйлесе, сол тілде оның ойлауы, дүние танымы қалыптасып, сол елдің мәдениеті мен тарихын бойына сіңіріп өседі, сол елдің жанашыры болып өседі» деген сөзі бар. Ал, енді біз аламыз да санасы қалыптаспаған балаға үш тілді үйрен деп орыс тілі мен ағылшын тілін тықпалаймыз. Сосын ол балада үш анасы, үш әкесі, үш Отаны бар болып шыға келеді. Ол сенің ұлттық мәдениетіңді, әдебиетіңді қажет ете ме? Ұлтың, салтың, дәстүрің керек пе оған?!.
Қанша жерден мемлекеттік тіл қазақ тілі деп жүрсек те, біз әлі күнге дейін орыс тілінің көлеңкесінде жүрміз. Шынымызды айтуымыз керек. Біз тәуелсіздігімізді алған кезде қазақ тілін білмей, орысша сөйлеуіміздің себебі, кезінде орыстандырудың алғашқы сатысы – орысша оқыту болған екен. Біз соның құрбанымыз. Соның кесірінен орыстанып кеттік деп шулап едік. Министрлік те, басқасы да солай айтып еді. Жағдай осылай екен, соған мәжбүр еткен екен, енді келіп неге ағылшын тілі мен орыс тілін оқу бағдарламасына тықпалаймыз?! Бұл қазақ тілінің екі тілдің арасында еленбей, қолданыстан шығып қалуына алып келетіні әмбеге аян. Оны министрлік те өте жақсы біледі. Мына отырған білім басқармасы да, мектептер де баяғыда көз жеткізген бұған.
Ал, ересектерді оқыту, ол енді дұрыс нәрсе. Себебі, университетті тәмамдап келген адам өзіне керекті сала бойынша ағылшын тілін оқиды. Мысалы, ол жер қатынасының маманы екен дейік. Оған шет елден техника алу керек, тағы басқа жос-парлары болса, келсін де оқысын бізден. Бізде сала-саланың бүкіл сөздік қорын дайындап, ұғындырып, түсіндіріп беретін маман бар. Кез-келген мамандық бойынша солай. Ал, енді балаларды бірінші сыныптан бастап үш тілде оқыту деген жақсылыққа алып бармайды. Әйтеуір, мені бір қуантатыны, Білім министрінің жыл сайын ауысатыны. Бұл министр қанша отырады? Ол кеткен соң бұл реформасы да жайына қалуы мүмкін. Демек, бұл соңғы реформа емес, әлі оқушылардың киімі туралы, тамақтануы туралы талай реформалар болады. Біз қазір бұған бекер даурығып, бас қатырып отырмыз.
Жанар Бекенова:
– Мен өзім орыс мектебінде оқыдым. Қызымды қазақ мектебіне беріп едім. Көп қиындық көрдім. Өзім ана тілін дұрыс білмеймін. Қызымның сабағына көмектесе алмай, қойған сұрағына жауап бере алмай қиналатынмын. Ал, енді оған ағылшын тілі қосылса жағдайымыз тіпті мүшкіл болады. Екінші баламды мектепке берсем қалай оқытамын деп күндіз-түні уайымдап жүрмін. Өзім мектепте жақсы оқыдым. Тек физика пәні қиын соқты. Ол орыс тілінде оқытылса да меңгеріп кетуім оңай болған жоқ.
Ал, енді осындай ауыр пәндерді балаларым ағылшын тілінде қалай оқиды? Мен бұны түсіне алмаймын.
Ботагоз Дүйсенова:
– Жоқ, сіз олай уайымдамаңыз. Біз оларды бірте-бірте оқытамыз ғой. Бірден жазу, оқу деген болмайды. Тілін ойын әдістері арқылы дамытамыз. Содан кейін ғана біртіндеп көшеміз.
Қаратай Төлекеев:
– Ботагөз Балапайқызы, оны айту оңай. Балалар шама-шарқынша оқиды. Ойнап жүріп меңгеріп кетеді дейсіздер. Біздің балаларымыз мектептен келгенде «қандай баға алдың?» деп сұраймыз ғой. Ал, екілік алып келетін болса, балаға оңай ма? «Неге екі аласың?» деп дүрсе қоя береміз. Ол баланың психикасына кері әсерін тигізеді. Сіздер қанша жеңіл деп айтсаңыздар да, ертең «әй, бұлай жарамайды. Оқыңдар, жаттаңдар, сөйлеңдер, сайраңдар» деп талап қоясыздар. Сосын үйде біз баланың жанын шығарамыз. Міне, ата-аналар өкілі өзі айтып отыр ғой. Қазақшаның өзін дұрыс түсіндіре алмай, үйрете алмай отыр. Мысалы, ата-аналар өздері білмеген соң дос-жарандарына телефон шалады. «Мынау қалай, анау қалай»? деп аудармасын сұрап әуре-сарсаң болады. Өз тіліңді меңгере алмай жатқанда, оған орыс тілі мен ағылшын тілін қосудың не керегі бар?!.
Ағылшын тілінде сабақ беру үшін 72 мың мұғалімді Назарбаев зияткерлік мектептерінің 80 мұғалімі жазғы демалыста онлайн сабақ беру арқылы оқытып шығарады дейді. Қайдан оқытып шығарады? Ауылдың мектептеріндегі компьютерлерде карта ойындарынан өзге ештеңе жоқ. Олардың материалдық-техникалық жағдайы мәз емес. Онлайн сабақ беру үшін интерактивті тақта керек. Интернет желісінің жылдамдығы  керек. Ол дәл қазіргі уақытта мүмкін емес шаруа. Тіпті, қаланың кейбір мектептері де оған дайын емес. Иә, әлеуметтік желідегі өсек-аяңды, сайттардағы мақалаларды тауып алып оқуға жағдай бар, ал, онлайн режимде сабақ оқу ақылға сыймайды. Ол оңай нәрсе емес екенін Ботагөз Балапайқызы, сіз өте жақсы білесіз. Сондықтан, мен бұл мәселеге қарсымын. Менің айтып отырған сөздерім сіздердің де көкейлеріңізде сайрап тұр. Яғни, бұған сіздер де іштей қарсысыздар. Тек сыртқа шығарып айта алмайсыздар.
Роза Командир:
–Халықаралық сайыстардың бәрі шет тілінде өтеді. Демек, оқушыларды ағылшын тілінде оқыту керек. Біздің балалар сондай жарыстарға қатысып, жүлде алып жүр. Сол үшін де оқыту керек.
Қаратай Төлекеев:
–Сіз бұл жерде дұрыс айтып отырған жоқсыз. Сыныпта 45 оқушы болса, солардың бәрі бірдей шет елге сайысқа бармайды ғой. Арасынан суырылып біреуі шығар. Сосын сіз айтып отырған жүлдегер балаларды ата-аналары кісі жалдап қосымша оқытады. Арнайы дайындайды. Сөйтіп барып жарысқа қатыстырады. Ал, қалған балалардың басын қатырмауымыз керек. Мен жаңашылдықтан қашып тұрған ескі көзқарастағы адам емеспін. Бірақ, жаңалықтың да жаңалығы бар. Оның дұрысы керек бізге. Үштілділік бізді үшпаққа ұшырмайды. Үш тілде оқытамыз деп тектен-тек балалардың білім деңгейін төмендетіп аламыз.   
 Тілші:
– Құрметті конференцияға қатысушылар, ел жайын қаужаған, білім саласындағы өзгерістерді  байыптаған пікірлеріңізге
көп рахмет!

 Мерген ТОҚСАНБАЙ,
арнаулы тілшіміз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар