Көкшетау қаласындағы «Cinema Alem» кинотеатрында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Жұлдыздар тоғысқанда» атты бесінші фильмінің тұсаукесер көрсетілімі болды. Фильм премьерасынан бұрын көрермендер кинотеатрдың фойесінде Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың әлем таныған сан қырлы қайраткерлік тұлғасынан сыр шертетін көрмені тамашалады. Фильмді көруге келген мемлекеттік органдардың қызметкерлері, басқа да жұртшылық өкілдері алдында облыс әкімі Сергей Кулагин сөз сөйлеп, жаңа көрсетілімге байланысты өзінің жүрекжарды лебізі мен пікірін жеткізді.
Киноэпопеяның қорытынды бөлімі болып табылатын «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көшбасшы ретінде қалыптасу кезеңі, тығырықтан шығар жол тауып, тәуелсіздік жолына түскен елімізді даму белестеріне бастаған көреген саясаткерлігі анық көрінеді», – деп атап өтті өз сөзінде облыс басшысы. Фильмдегі СОКП Орталық комитетінің бас хатшысы М.Горбачевтың Целиноград облысына жұмыс сапары кезіндегі көрінісі Астрахан ауданында түсіріліпті.
Бұл көрініске екі жүзден астам облыс тұрғындарының қатысқанын атап өткен артық болмас. Фильмде табандылық, қайсарлық, іскерлік сияқты көшбасшыға қажетті қасиеттер бойынан молынан табылады. Елбасының елімізді өркендетудегі ерен еңбегін паш ету арқылы мемлекетіміздің өсіп-өркендеу, әлемдік қауымдастықтан лайықты орнын алып, дамудың сара жолына түсуі шынайы көрініс тапқан. Бүгінде әлем танып отырған үлкен саясаткер деңгейіне көтерілген Ұлт Көшбасшының өмірі бірлігі мен татулығы жарасқан көпұлтты Қазақстан мемлекетінің қалыптасып, дамуымен тығыз байланысты.
Ұлы тұлғаны халқынан бөле-жарып қарауға болмайды. Бар өмірі мен қайрат-жігерін, қарым-қабілетін ел игілігіне арнаған еліміздің тұңғыш Президентінің Елбасы ретінде қалыптасу, өсу жолы бүгінгі ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге болары даусыз. Премьера соңында біз фильм туралы пікірлерін білу үшін бірер көрерменді сөзге тарттық.
– Фильмнен өз басым үлкен әсер алып шықтым, – дейді өзін Айнұр Есләмова деп таныстырған мемлекеттік қызметшілеріміздің бірі. – Әсіресе, киноның екінші жартысында Елбасының тәуелсіз жас қазақ мемлекетін өтпелі кезеңнен аман алып шықсам деген бар қажыр-қайраты мен арман-аңсары дәйекті көрініс тапқан. Кез-келген адам баласының бойында болатын толғанысты сәттері, сонымен бірге, өз халқына деген зор сенімі де кадрдан кадрға көрерменді қапысыз алға жетелеп отырады.
Фильмнің алғашқы кадрлары да адам жанын баурайтындай өте әсерлі. Жалпы, жоғары көркемдік деңгейде, тиісті талап тұрғысынан іріктеліп алынған актерлер тобымен түсірілген «Жұлдыздар тоғысқанда» кинокартинасы Елбасын туған халқының бұрынғыдан да жақын танып-біліп, сүйсіне түсуіне үлкен дәнекер боларлық еңбек екені даусыз. Осы орайда, құрбысының бұл пікіріне кәсіпкер Алма Ерболова да толық қосылғанын айта кеткен жөн.
Ресейлік танымал киногер Сергей Снежкин түсірген фильмде басты рөлді актер Берік Айтжанов сомдаса, Сара Алпысқызын Алтынай Нөгербек, Дінмұхамед Қонаевты Алдабек Шалбаев, Михаил Горбачевты Игорь Угольников шебер бейнелеген.
Хью Фрейзер, Стивен Пейси сияқты шетелдік актерлер де ойнайды. Еліміздің фильмдер қорындағы деректер молынан және шебер пайдаланылған картина мазмұндылығымен, өмірді қаз-қалпында бере білген шынайылығымен ақмолалық көрермен көңілінен шықты деуімізге барлық негіз бар.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.