Ақмола облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен Отбасы күнін мерекелеу аясында «Өнерлі шаңырақ» облыстық фестивалі болып өтті.
Байқаудың басты мақсаты бірлігі жарасқан өнерлі отбасыларын дәріптеу, олардың кәсіби тұрғыда өнеріне өріс ашу және шығармашылығын насихаттау, отбасы институтын нығайту және дамыту, қоғамдағы әке мен ананың мәртебесін арттыру болып табылады. Байқау екі кезеңмен өткізілді. Алдымен қазылар алқасы онлайн форматта қатысушыларға іріктеу жасап, кейін іріктеуден өткен өнерлі отбасылар гала-концертте өз өнерлерін ортаға салып, өзара бақ сынасты.
Өнер додасына Егіндікөл ауданынан Шаимовтар отбасы, Бурабай ауданынан Сәкеновтер, Шортанды ауданынан Ахмет, Ақкөл ауданынан Дәулеттер, Целиноград ауданынан Дауылдар, Жақсы ауданынан Бабажановтар, Аршалыдан Сейдабзаловтар, Атбасардан Сафоновтар, Зерендіден Қалибаевтар отбасылары қатысты.
«Отан – отбасынан басталады» дейтін мақалды бәріміз мектеп жасынан зердемізге тоқып өстік. Айта-айта жауыр болған сөз болса да, мағынасы тереңде екендігін айтудан жалықпаймыз. Шынында да байқауға қатысқан тоғыз отбасының қай-қайсысы болмасын адами абзал қасиеттерді ұлықтап, ұлттық өнерді насихаттап жүргендіктерін аңғаруға болады. Еңкейген қариядан бал тілді бүлдіршінге дейін қазақтың әнін айтып, ұлттық киімін киіп, өз өнерін ортаға салып жатса қалайша мұны құп көрмейсің! Қуанасың, тамсанасың, тәнті боласың, дүйім жұртқа үлгі етіп жар салуға асығатының бар. Осындай өнерлі отбасында өскен ұл-қыз ертеңгі күні өз жұрағатына ұлтын, тілін, ұлттық өнерін паш ететіні анық қой. Жасыратыны жоқ, бойынаұлттық ән, әуез, жыр, жалпы, қазақы тәрбие сіңген бала тегін болмайтыны анық. Бәрібір де ол өз ұлтының жанашыры болатыны хақ. Осы орайда, осындай тәрбиелік мәні зор, тағылымы тереңде, танымы мол байқауды ұйымдастыра білген облыстық халық шығармашылық орталығы ұжымының еңбегін атап өтуге тұрарлық.Байқауда бәрінен де балғын балалардың өнері тамсандырды. Отбасының намысын қорғап, өнер додасында дес бермеуге тырысқан таудай талабы бар бүлдіршін балалардың өнер өлкесіндегі алғашқы қадамдары қуантады.
Мәселен, байқауда бағын сынаған Егіндікөл ауданының көпбалалы Шаимовтар отбасындағы бүлдіршін қыздар мың бұрала билеп, ұл-қыздары ата-анасына қосылыпән айтып, бірден көрермен көзайымына айналды. Ал,целиноградтық Дауылдар отбасының төрт қызғалдақ қыздарының барлығы болашағынан зор үміт күттіретін өнерпаз екендіктерін ән айту мәнерінен, сахнада өзін-өзі ұстау әдебінен бірден аңғартты. Домбырада ән салып тұрған ата-анасымен сол әнді бірге қосылып шырқаған қызғалдақ қыздардың өнерге деген ынтызар көңіліне, ата-анасының намысы үшін тырысып-баққан балаң көңілдеріне қалай ғана тамсанбайсың.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дейді қазақ мұндайда. Қазылар алқасының ұйғарымымен байқаудың бас жүлдесі егіндікөлдік Шаимовтар отбасына бұйырды. Ал, қалған қатысушылардың барлығы әртүрлі номинациялар бойынша жеке-жеке марапатталып, ұйымдастырушылар алқасының арнайы сыйлығы және Алғыс хатына ие болды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.