Батыр кесенесі – иманды шаруаның ишарасы

Алаш жұртының аруағын асқақтататын тағы бір иманды шаруа атқарылып, әйгілі Айыртау атырабында Қарауыл Жанатай батырдың кесенесі көтеріліп, жалпақ жұртқа сауын айтылып, ас берілмек. Таяуда біздің тілшіміз осы шаруаның жуан ортасында жүрген батырдың ұрпағы Жаябай Жаңабергеновке жолығып, тілдескен болатын.

 –Құрметті Жаябай Нұрахметұлы, ілкі заманда ел қорғаған ерен ерлердің, жалаңтөс батырлардың аяулы есімдері, өнегелі істері халық жадында сақталып, жас ұрпақтың көкірегінде жүруі керек-ақ қой. Аталарыңыздың басын бекітіп, кесене салу ниеті қашан пайда болды?

–Осыдан он шақты жыл бұрын оқталып едік. Алдымен қозғау салған Қайрат Қожахметов ағам. Одан бұрын да баспасөзде жазылып, ағайын-туыс әлдебір себептермен бас қосқанда осы бір шаруа жайы аракідік айтылып жүретін. Қайрат Қожахметұлы батыр бабамыздың басына барып құран оқыған сайын кесене салуымыз керек еді, қолға алсақ қалай болар екен деп еске салып қоятын. Негізі үлкен шаруа болғандықтан ұйымдастыру, қажетті қаражаттың басын құрау деген мәселелер бөгеп, бірден кірісіп кете алмадық. Былтыр жолдасым өмірден  өткеннен кейін басына шағын мазар орнаттым.

Сол кезде ақтаулық шеберлермен жолықтым. Батыр бабамыздың кесенесін салу үнемі көкейде жүргендіктен әлгі шеберлерге осындай бір ойым бар еді, сіздер атамыздың атақ-даңқына сай, алыстан көз таратындай еңселі етіп кесене сала аласыздар ма деген сауал қойдым. Саламыз деді олар. Міне, айтқан сөздерінде тұрып, ойымызда жүргендей етіп көтеріп берді. Әрине, мұндай ауқымды іске жалғыз адамның шамасы келе бермейді ғой, әрі салу жобасын ет жақын ағайынмен, мәселенің мәнісін білетін адамдармен ақылдасу керек. Жобасы, сәулетін келістіріп жоспарлау деген болады. Өткен қыста Көкшетау қаласында зәуі бір себеппен ағайынның басы қосылғанда жаныма жай тапқызбай жүрген осы бір мәселені ортаға салдым.

Бірден айта кету керек, ағайын-туыс біздің ұсынысымызды құп көріп, қолдай жөнелді. Осының өзі бірліктің бекем екендігін, кейінгі ұрпақ арыдағы ел-жұртына еңбегі сіңген, туған жерінің топырағын қасық қаны қалғанша қорғап, басқыншы жауға бастырмаған аруақты бабаларын құрмет тұтатындығын білдіреді. Арада қанша жыл өтсе де Жанатай бабамыздың есімі естерінде жүр екен, бар тарихына қанық екен. Мен алдымен соған қуандым. Қазіргі күні Астана қаласында тұратын Болат Құсайынов ағам чат ашып, бұл хабарды жария етіп, бұл күнде біраз жерді жайлайтын батырдың ұрпақтарымен тілдесе бастады. Халық қолдап кетті. Тіпті былайғы ағайын да көмек-қолдауын көрсетті. Елдік мәселенің елмен бірге шешілетінін осы мысалдан көруге болады. Шынын айтқанда, Есілдің арғы беті мен бергі бетінде, Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданында, еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын, бұрын бір-бірін танып-білмеген, бірақ түп атасы бір ағайын-туыс сүйінішті хабар құлақтарына жетісімен өздері хабарласа бастады.

Атам қазақта «көп түкірсе көл» дейтін сөз бар емес пе? Көптің алмайтын қамалы жоқ. Жұртшылықтың көкірегіндегі ізетті ынтаны, парасатты пайымды көріп-білген соң бойымызға сенімділік кіріп, ойымызға ұшқыр ынта дарыды. Жақсы істің шарапаты да аз болмайды ғой. Бір-бірімізбен танысып, білісіп, бір жасап қалдық. Оған да себеп болып жатқан осы жай. Ер Жанатайдан тараған Ботанай, Құдайберді, Тілеуберді, Досымбек, Асылбек, Мұратбек, Жұмабек, Құлыбек, Исабек ұлдарының ұрпағы қазір бір қауым ел.

–Кейінгі ұрпақ біле жүруі үшін батыр бабамыздың ел аузында сақталған ерлік сорабы туралы айта кетсеңіз?

–Ондай дерек жетерлік. Тарихи зерттеулерде де, өлкетанушылардың мақалаларында да бабамыздың ерен ерлігі молынан айтылады. Заманында көкшетаулық қаламгер Естай Мырзахметов те, халық ақыны Көкен Шәкеев те жеріне жеткізе жазған. Бүгін бір ерлік баянын еске түсіре кетсем, артықтығы болмас. Бір жылы Абылай хан Жанатай батырға ержүрек қырық сарбаздан тұратын арнайы жасақ беріп, қалың қалмақтың ішіне аттандырады. Қазақтар жағы қалмақша киініп, қолдарына солардың қару-жарағын ұстап, таң қараңғысында жау ішіне кірсе керек. Осы арада айсыз қараңғы түнде батырдың басар жолынан жаңылмайтын жершілдігі туралы да айта кетсек артық емес.

Жау ішіне еркін енген батырдың тобы қалмақ жылқысын үйірлеп айдап кетеді. Іле арттарынан қуғыншы шығады. Батыр бастаған әленкедей жаланған қырық жігіт қуғыншылардың алғашқы тобын тосып алып, жусатып тастайды. Алдарына салған жау жылқысына қуғыншының астынан босаған аттарын қосып алып, елге беттейді. Екінші топ та алғашқының кебін киеді. Сонда небары қырық батырмен қалың қалмақты қақырата жусатып, алдындағы малын айдап кетудің өзі ерлік емес пе?!  Осы арада әйгілі Абылай ханның туының астында жоңғарға қарсы қиянкескі майданға Жанатай батырмен бірге оның бауырлары Қарамырза, Сарымырза, Азнабайлардың да қатысқанын еске алатын болсақ, артықтығы болмас. Сол заманда Қарауылдың қалың қолын бастаған Жанатай батыр ежелгі дәстүр бойынша жекпе-жекке шығады екен. Сан мәрте осындай сынға түскенде, үнемі жеңіске жетіп жүрген.

Енді бір ғажабы, соғыс болған соң қапияда қолға түсетіндер болады. Көгенге байланады. Батырдың мейірімділігі туралы бір ауыз сөз айтатұғын болсақ, ол алдымен азаматтық ажарын асқақтатсын деген сізгі ойдан туындайды. Заманында көнекөз қариялардың есінде сақталған естеліктерден шымшымдап сыр тарқататын болсақ, батыр жауға да қатыгездік танытпай, қайта мәрттігін көрсетіп отырған. қарамырза қалмақтың әйгілі батырымен жекпе-жекке шығып, оңбай жеңілгенде қалың қалмақ күзгі қураған қамыстай дірілдейді. Сөйтсе олардың көпшілігі жасақтың тамағын пісіріп, атын күтіп, шаруашылығында жүргендер екен. олардың үлкендері келіп, Жанатай батырға:

–Тақсыр, келісім бойынша әскер шегініп кетіп қалды. Ал, біз қарапайым шаруамыз, қарулы әскердің соңынан еріп кете алмадық. Бізге осы жерде қыстап қалуға рұқсат етіңіз, – дейді.

Түгел қырып тастайын десе, қолын қағатын ешкім жоқ. Әйтсе де батыр қалмақтың шаруаларынан енді қайтып қазаққа дұшпандық жасамауға, мал-мүлкін ұрламауға, көктем шыққаннан кейін өз елдеріне көшіп кететіндіктері туралы уәделерін алады. Қыстап шығуға арнайы жер бөліп береді. Азық-түліктен де көмектессе керек. Сол жолы өз елінің адамдарына да мүсәпірлерге тиіспеңдер деп тапсырады. Қазақ жерінде қыстап шығып, аман-есен өз елдеріне қосылған қалмақ шаруалары Жанатай батырдың жанының жайсаңдығын аңыз қып таратыпты.

–Енді батырға кесене салу тарапындағы мақсат-мұратыңыз туралы бір ауыз сөз айта кетсеңіз?

–Бұл ат шығару, атақ жаю емес, алдымен бабамыздың басы қораш болып жатса сүйекке таңба. Екіншіден, жалпы жұрт, кейінгі ұрпақ жалғыз Жанатай батыр ғана емес, Алаштың барша айбынды ұлдарының ерен ерлігін жадында жаттап өсуі керек. Осы күні көп айтылатын жас ұрпақтың бойында жетпей жатқан елжандылық, ұлтжандылық деген әдемі қасиеттер осындай өмірде болған тарихи тұлғалардың тағылымынан бүр жарады емес пе? Әр азаматымыз осы бабаларымыз тәрізді кең-байтақ қазақ даласын ет жүрегі елжіреп сүйе білсе, құрметтей білсе, ғанибет.

Біз бүгінгі ұрпағымызды өз Отанымызды сүюге, көздің қарашығындай қорғай білуге тәрбиелеуіміз керек. Жалаң сөз санаға құйылып, сүйекке дарымас. Осы ретте нақты мысал бола алатын, пәтуалы пікірге дәйек болатын мысалды ел қайдан іздемек? Әлбетте, өз ерлерін, өзінің ішінен шыққан баһадүр батырларын, от ауызды, орақ тілді ақындарын, ел дауын, жер дауын жалғыз ауыз сөзбен шешкен, қара қылды қақа жаратын әділ билерін насихаттау арқылы.

Сананың тазарып, өршіл рухтың жаңғыратын тұсы да осы. Біз сонда ғана етек-жеңіміз бүтін, іргеміз мықты, келешегіміз кемел ел боламыз. Қарауыл Жанатай батыр жалғыз өз әулеті, өз ұрпағы үшін ғана емес, барша Алаш баласының пір тұтар тұлғасы болса, оның ерлік сорабы қайтадан жаңғыртылып, жас ұрпақтың санасына құйылып жатса деген ізгі арман бізді осы иманды шаруаның төңірегінде ұйыстырды. Мана айтып өттім, кейінгі ұрпақтың бойында бірлік бар екен, өткенді құрметтей біледі екен. Мен соған қуандым.

–Сұхбатыңызға рахмет!

 Сұхбатты жүргізген журналист Байқал Байәділов.

Ел басына күн туғанда…

Қазыналы қарт тарихтың кебежесін ашып, есте жоқ ескі кезеңнен сыр тартсаңыз, кейінгі ұрпақтың кәдесіне жарайтын тамаша тарихтың тағылымды беттері сыр шертіп қоя беретіні бар. Ілкідегі жаугершілік заманда туған елінің топырағын қорғап, елінің еңсесін түсірмей, жат жұртқа бодан болудан сақтап қалған ерлердің есімдері асқақтап, ғажайып кескіндері, бар болмыс-бітімімен көз алдыңда қылаңдары бар. Міне, сол сәтте кімнің болсын бойындағы алпыс екі тамырында ыстық қан ойнап, баһадүр бабалардың ерлігіне сүйсініп, ұлтын сүйген ұлық мінезіне тәнті болып бір жасап қалар еді.

Бүгін біз ұзақ ғұмырында басқыншы жаумен алысып өткен Жанатай батыр жайында сыр шертпекпіз. Алдымен батыр бейнесін сомдау үшін көнекөз қариялардың көкірегінде қатталған көне деректі қайта тірілтсек деп едік. Нақты тарихи деректерде айтылуға тиісті, сонда ғана аңызға айналған алып бейне сомдала түседі.

Заманында Жанатай батыр Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақұлы Жәнібек, Уақ Баян, Тарақты Байғазы батырлармен тізе қосып, қара қалмақтың шапқыншыларынан Алаштың байтақ даласын қорғап өткен.Бар ғұмырларын қолына ақ найзасын ұстап, ат жалында өткерген.

Жанатай батырдың інілері Қарамырза, Сарымырза, Азнабай да жалпақ жұрттың құрметіне бөленген арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты адамдар болса керек. Заманында облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде жарияланған «Ердің есімін ел шығарады» деген тақырыптағы мақалада Қарауыл Жанатай батырдың асқан ерлік әрекеті нанымды етіп, тұжырымды баяндалады. Оқиға сорабы былай өрбиді. Құба қалмақтың шабуылы байлық пен берекеге бөккен қазақ даласына көз алартуы аз болмаған ғой. Сондай бір жойқын шапқыншылық кезінде Жанатай батыр қалмақтың бас батырын жеңіп, жер жастандырса керек. Бас батыры опат болған соң тау суындай лықсып келген қалмақ жағы абдырап қалыпты. Сәлден кейін ес жиған. Жау жағының бір батыры:

–Жекпе-жекте жеңдіңдер ғой, енді бұқаша сүзісіп көрейік, – дейді ол, –кімнің маңдайы мықты екен?!

Тосын ұсынысқа қазақ жағы аң-таң қалады. Бұрын-соңды қан майданда да, жекпе-жек айқаста та ердің ерлігі мұндай әдіспен сыналып көрмеген. Бойындағы бес қаруды жетік меңгергенімен, кәдімгі бұқалар құсап кім сүзісіп көрген. Бірақ, жасанған жаудың ұсынысы қандай болса да бас тартуға болмайды. Намыс. Жанатай батырдың інісі Қарамырзаның құлағы сәл ауырлау болса керек, батыр інісіне бұрылып:

–Естімей тұрсың ба, бар да анау дандайсып тұрған жаудың жанын жаһанамға жібер, – деп бұйырады.

Қарамырза торғайкөзді сауытын шешіп, қару-жарағын үзеңгілес серігіне тапсырып, қос білегін сыбанып ортаға шығады. Екі батыр қара жердің үстіне төрт тағандап отырып, бар екпіндерімен келіп сүзіспейді ме, екпіннің тау қопарып, тас жарардай қатты болғаны соншалық, сарт еткен дауысы да қозыкөш жерге жетерлік екен. Жуан мойынды, жуантық кеспек денелі құба қалмақтың бас батыры қарақұсы қақ айырылып, тіл тартпай кетіпті. Сөйтіп жаңа ғана ат үстінде атой салып, аруақтанып тұрған қалмақтың құты қашса керек. Кейін арада үш жыл өткен соң Қарамырза Есіл өзенінің үстінде болған қиянкескі шайқаста астындағы тұлпары мұзға тайып жығылып, басымен құласа керек. Сол сәтте құлағы ашылып кетіпті.

Нақты деректерге сүйенетін болсақ, қазақ совет энциклопедиясында Жанатай батырды ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген батыр деп көрсетеді. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баянында» да бар. Республикалық «Жұлдыз» журналының 1979 жылғы жарияланған Балтабай Адамбаевтың мақаласында былай делінеді: «Ел басына күн туған қатерлі заманда Жәнібек, Қабанбай, Бөгенбай батырлармен бірге, Барлыбай, Жаулыбай, Жанатай, Барақ, Олжабай, Сүгірәлі, тағы басқа батырлар да асқан ерлік көрсетті. Қазақ жасағы қалмақтың қамалын қоршап алып, ішіндегісін сыртқа шығармай жеңеді». Соғысты сипаттағанда:

Шөбі қалды тозған тордай қиылып,

Өлік қалды жер-жаһанды ап үйіліп, – деп Бұқар жырау жырламай ма?! Міне, сұрапыл соғыстың сұмдық оқиғаның жырау тілімен сипатталған көрінісі. Дәл осындай қан майдандарда Қарауыл Жанатай бастаған қалың қол Алаш қосынының құрамында сан мәрте басқыншы жауға тойтарыс берген. Тарихи деректерде Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Малайсары, Жанатай, Жасыбай батырлар тізе қосып бірлесіп, Торғауыт хандығына алғаш соққы бергендігі де жазылған.

Егер Жанатай батырдың ерен ерлігін кеңінен сипаттасақ, ол Алаштың өзге асыл ерлерін төмендету емес. Ерлігі әманда ел есінде жүретін жаужүрек бабамыздың жерленген жері Айыртау өңіріндегі Орловка селосының маңында. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл-пәл таратып айта кетелік, Мәдениет пен Арықбалық елді мекендерінің аралығында. Бұл жерге 1958 жылы шағын ескерткіш қойылып, ас беріліп, дұға оқылған. Енді міне артында қалған ұрпағы батыр бабаның аруағын асқақтатып, өзгеге үлгі боларлық иманды шаруаны қолға алып, кесенесін көтеріп отыр.

Әбден лайықты. Ер Жанатай батырдың ерлігі кеңінен насихатталуы қажет. Сөз арасында әйгілі Бұқар жырау бабамыздың жырынан үзінді келтіре кетейін.

Үйсіннен шыққан Төле би,

Бар қазаққа төбе би.

Қаз дауысты Қазыбек,

Керейде батыр Жәнібек,

Кіші жүзде Әйтеке,

Сіргеліде Тілеуке,

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Сүйіндікте Олжабай,

Шапырашты Наурызбай,

Қарабұжыр Жанатай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Қарақалпақ Құлышбек,

Бағаналы Баянбай,

Батырларың тағы бар,

Уақ, Сары, Баяндай,

Оразымбет, Балталы,

Садақты кере тартады, – деп жырлайды.

Мұндағы Қарабұжыр Жанатай деп отырғаны қол бастап жауға қарсы шығуға ұйытқы болған Қарауыл Жанатай батыр. Мағжан ақынның «Жалын шашқан жас Жанатай»  деп жыр өруі де тегіннен-тегін емес. Арыдағыдан бізге жеткен деректе Жанатай 17-18 жасында бес қаруын асынып, жауға аттанды делінеді. «Оқжетпес» газетінің 1991 жылғы санында «Қаракерей Қабанбай батыр» атты көлемді мақала жарияланды. Осы мақалада Жанатай батырдың ерлігі де тереңнен қамтылады. Ерлікті дәріптейтін ескіден қалған есті сөзде батыр ешқашан тайсалуды, жасқануды білмеген екен.

Кәдімгі қазақтың көзсіз ерлік дейтіні осы шығар. Мұздай құрсанып, бес қаруын бойына тағып жасанған жау бетпе-бет келген кезде өздерінің үкілеп үміт артқан қас батырларын ортаға шақырып, жекпе-жек өткізу салтқа айналған. Міне осындай тұста аруағы асқан Жанатай батыр жекпе-жекке бірінші шығатын болған. Ерлігі мен ептілігі соғыс қаруын еркін және жақсы меңгергендігінен болар, сан мәрте сайысқа шықса да жау қаруын бойына дарытпай, әманда жеңіске жетіп отырған. Ал, батырдың жеңіске жетуі арттағы қалың қолдың аруағын асырып, қан майданда бетпе-бет келген дұшпанды қойдай иіріп, жусатып салуға себепші болған. Рухын асқақтатқан, бойларына жігер отын құйған.

1991 жылдың қазан айында Жанатай батырдың шөбере-шөпшектері жиналып, Үлкен Талсай ауылында мерейтойын өткізіп, құран бағыштады. Осы бір оқиға сол кездегі облыстық «Көкшетау» газетінде жарияланды. Газеттің сол санында батырдың шөбересі Төленді Кәрімов бірнеше деректер келтіреді. Батырдың сәби шағы, оған Бұқар жыраудың назар аударуы, кейін ат жалын тартып мінген соң ел қорғаған жорықты жолдары. Батырдың тағы бір ұрпағы, заманында «Гаршин» ұжымдық кәсіпорнының бас зоотехнигі болып еңбек еткен Беркен Жаңбырбаев былай деп әңгімелепті:

–1958 жылы бабамыздың басын бекітуге жиналдық. Қабірін табу қиын болды. Тыңға түрен түскен жылдары қорымдарды айқыш-ұйқыш етіп соқамен тілімдеп тастаған ғой. Жергілікті тұрғындардан сұрау салдық. Ақырында орыстың бір шалы бір төмпешікті көрсетті. Қираған, біраз жері бүлініп қалған ескерткіш тасты құрап жүріп қашап жазылған Жанатай деген сөзді оқыдық. Араб тілінде жазылыпты. Батырдың бейіті осы жер. Тағы бір мынадай дерек бар. Қанжығалы Бөгенбай батыр 1690 жылы дүниеге келген. Бөгенбай батыр қалмақтарға қарсы соғысқан алапат майданға жас Жанатайды алып шыққанда өзі елу жаста екен. Осы нобайды сараптасақ, батырдың майданға аттануы 17-18 жасына орайлас келеді.

Алдағы уақытта ел үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, ажал оғы ақ жаңбырша себелеп тұрған қан майданда нағыз хас батырларша ерен ерліктің үлгісін көрсеткен батыр бабамыздың бойындағы алапат күш, туған жерге деген перзенттік махаббаты жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақ бойына дарып, сүйегіне сіңісті болса екен дейсіз. Аруақты аталарымыздың ел қорғаған ерен үлгісі жалғасын тауып жатса, елдігімізз де кемелдене түспей ме?!

Бағлан ҚОЖАҚОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 Солтүстік Қазақстан  облысы,
Айыртау ауданы.

Аузынан жалын шашқан жас Жанатай

Арада нешеме жыл өтсе де ел қорғаған, туған топырағын басқыншы жауға бастырмай, арыстандай айбат көрсеткен Алаш батырларының аяулы есімдері ешқашан ұмыт болмайды екен.

Көне деректерді сөйлетсек, Қарауыл Жанатай батырдың тұла бойындағы туған елге деген таңғы шықтай мөлдіреген махаббаты ап-анық көрінеді. Ер есімін айғақтап, қайта жаңғырту, өскелең ұрпақтың есіне салу  өте маңызды. Осындай жанды мысал, нақты дерек арқылы жас ұрпақты азуын айға білеген арыстан жүректі аталарымыз тәрізді тәрбиелер едік.

Қазақ совет энциклопедиясында Жанатай батыр туралы былай деп жазылған: «Жанатай 18 ғасырда өмір сүрген батыр, Арғыннан тараған. Мекені бұрынғы Көкшетау облысының Айыртау ауданында. Жанатай қалмақтар мен жоңғарларға қарсы күресте даңқы шыққан. Абылай хан жоңғарлармен  бір соғыста Жанатайды бес жүз адаммен жауды барлауға жіберген. Осы аса қауіпті, тар өткелді толқыннан (өзен) өтіп, ұлысты бағындырған, ерлік іске халық сүйсінген. Оның батырлығы туралы халық арасында аңыз-әңгімелер көп».

Ер есімі ел есінде жүргендіктен аталмай қалған жоқ. Ауық-ауық ас беріліп, құран оқытылып отырды. Мәселен, 1991 жылдың қазан айында Жанатай батырдың шөбере-шөпшектері, ел-жұрты Үлкен Талсай ауылында мерейтойын өткізді. Сол той барысында батырдың нақты қай жылы туғаны туралы деректер айтылды.

Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Жанатай Ақанұлы Алқакөл-Сұламада туса керек. Бұқар жырау Ақанның үйіне түскен қараша айының суық күндерінің бірі екен. Киіз үйдің іші ұядай жылы болғанымен, талбесіктегі жабағыға оралған ер бала жылап, қонақтарға тыныштық бермейді. Сонда Бұқар жырау:

Ұлы едің сен, Алқакөл-Сұламаның,

Жүрегі мен күшін берген ер Ғасының.

Қарашы мұның жатпауын талбесікке,

Керек қылмай жылуын жабағының, – десе керек.

Осы бесікте жатып бұлқынған болашақ батыр Жанатай еді. Асылында осы дерекке ел көбірек иек сүйейді. Арада көп заман өтіп кеткен соң дәл айту да қиын болған. Бар ғұмыры ат үстінде өтіп, ел қорғаған, басқыншы жаумен айқасып өткен Жанатай батыр негізі 98 жыл өмір сүрген. Енді арыдағы тек туралы бір ауыз айта кетсек артықтығы болмас. Батырдың әкесінің аты Ақан. Сүйегі Қарауыл. Тегі аруақ қонып, нар шөккен әулет болса керек. Кейбір деректерде он мың жылқы біткен мыңғырған бай болғандығы да айтылады. Осы арада «қазақтың құдай бергенге құлай береді» дейтін нақылы дөп келмек. Шөп те шыққан жеріне шығады емес пе? Бірінен бірі өткен тоғыз бала сүйіпті. Түгел, Жантүгел, Қанай, Жанатай, Үркін, Шағатай, Қарамырза, Сарымырза, Азнабай. Ақанның арыдағы аталары қолына найза ұстап, жауға шаппағанымен, бәйбішесі батырлардың ұрпағы болса керек.

Батыр туралы сөз қозғаған соң батырлық туралы айтпасқа болмайды. Ақан қайын жұртынан қалыңдығын әкеле жатады. Жер арасы шалғай. Кіші жүздің Адай руы жайлаған өңір. Жол үстінде оймақтай қамысты көлдің жағасына келіп, аттарын тынықтырып алмақшы болып, іркіледі. Кешкі астарын ішкен соң ұзақ жолдан талықсып келе жатқан жолаушылар дем алуды ұйғарады. Түн ортасы ауған кезде ақ атанның бақырған дауысы естіледі. Ұзақ жолдан ат соғып, қалжырап жығылған жігіттер жер дүниені басына көтерген атанның дауысын естімейді.

Ешкім шыға қоймаған соң Ақанның қалыңдығы іліккен бақанды ала салып далаға атып шығады. Зер салып қараса, шетте шөккен ақ атанның үстінде тарғыл мысық отыр дейді. Келген бетте келіншек қолындағы бақанмен әлгі тарғыл аңды бар күшімен салып өткен екен. Қатты соққыдан есеңгіреп қалған жолбарыс айбат шегуге де шамасы келмей, қалың қамысқа кіріп жоқ болады. Сол сәтте даладағы дүрліккен дауыстан оянып кеткен жолаушы жігіттер де жетіп, мәселеге қанығады.

Белі сынған түйені жігіттер бауыздап алады. Таң атқан соң түнгі оқиғадан ес жиған жолаушы жігіттер қалың қамысқа кіріп кеткен жолбарыстың ізін кеспей ме, сөйтсе қозыкөш жерге жетпей шері жығылған екен. Аударып көрсе, оның да қарулы қолдың бақанмен соққан соққысынан белі үзіліп кеткен. Анаға тартып ұл тумас па? Ақанның кіндігінен тараған тоғыз баланың бәрі шетінен күшті, өжет болуы осыдан шығар. Жанатай батырдан басқа Қарамырза, Азнабайлардың да ел шетіне жау келсе қол бастап шығатын көзсіз ерліктері туралы ел ішінде аңыз бертінге дейін айтылатын.

Бүгінгі күні өзінің ата-бабасын дәріптеп, қиыннан қиыстырып айтатындар да көбейіп кетті. Осы орайда ақиқатқа жүгінудің жөн болатынын айтқан жөн. Жанатай батыр туралы әңгімелегеннен кейін нақты деректерді келтіре кетелік. Алаштың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын көзі қарақты, көңілі ояу оқырманның баршасы оқуы әбден мүмкін. Ерлік дастаны, елдің өткен шежіресі іспетті осы поэмада былай делінеді:

Ашуы төккен қардай, шөккен нардай,

Қас қыран Қанжығалы қарт Бөгенбай.

Бөкеннің жас жолбарысжеткіншегі,

Аузынан жалын шашқан жас Жанатай, – деген жолдар бар.

Арқалы ақынның Жанатай батырды жас жолбарысқа теңеуі тегіннен тегін емес қой. Тағы бір деректерде Жанатай батыр 17 жасында тал бойына бес қаруын асынып, ел қорғауға аттанған деп айтылады. Міне осылайша, жаңа толысып, күш-қуаты бойында сыймай тұрған өндірдей жас кезінен қашан кәрілік меңдегенше ат үстінен түспеген десе де болады. Шын мәнінде сонау Абылай ханның заманында қазақтың құнарлы байтақ даласына кімдер көз алартпаған.

Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-байтақ даланы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жалаң төс батырдың бірі – Жанатай атамыздың ел сүйсінген ерлік істері аз емес. Бірде қалмақ қолы жер қайысқан көптігін пайдаланып, ат төбеліндей аз ғана қазақты қоршауға алады. Ескі заманның салты қалың қол майданға кірісердің алдында батырлар жекпе-жекке шығады екен. Өз айла-тәсіліне, күшіне сенгендері ғана. Жеңілген жақтың рухы басылып, айбыны қашпақ. Сол сәтте астындағы тұлпарын ойнақтатып, қалмақтың Аманалы батыры шығады.

Тұлғасы тау сынды, қабағы түксиген сұсты, елден ерек біреу. Мынандай дәуді көрмеген қазақ қолы сәл іркіліп қалса керек. Сол сәтте көптің ішінде тұрған жас Жанатай ақ найзасын бұлғап, Абылайлап ұран салып шыға келеді. Екі батыр бір-біріне ұмтылады. Торғай көзді ақ сауыттар жарқылдап, ажал тілеген ақ найзалар бір-біріне төнді дейді. Сол бір сын сағатта көз ілеспес жылдамдықпен тұлғасы таудай алып денелі жау батырын түйреп түсірген екен. Іле қазақ қолының аруағы асып шыға келеді. Батыры найзаның ұшына ілініп, опат болған қалмақ жағы шіріген шүберектей тоз-тоз болса керек.

Бүгінде бар ғұмырын, ел қорғаған ерлік істері нақты деректермен шегеленіп, көмкерілгеннен кейін Қарауыл Жанатай батырдың ерлік істері ешбір шүбә тудырмайды. Тағы бір деректе Абылай ханның 33 жастағы Жанатайды Алатау маңындағы жау әскерінің жолын барлауға жіберген деген де дерек айтылады. Жанатай батырдың өзінен де тоғыз ұл дүниеге келген. Әкеге тартып ұл тумай ма, солардың бірі – Тілеуберді батыр. Батыр шаңырағында дүниеге келіп, әке тәрбиесімен ер жеткен ол да бар ғұмырын ел қорғауға арнаған, айбынынан жау ыққан жауынгер. Жай ғана жауынгер емес, ерлігі елге аңыз болып тараған айтулы батыр. Кенесары ханның соңынан еріп, қиянкескі майданда шайқасқан, кейінгі ұрпағына абыройлы аты аңыз болып қалған Тілеуберді батыр осы.

Ақан Борлық өзенінің бойында қиянкескі шайқастар көп өтсе керек. Бұл сөзімізге дәлел ретінде осы өзеннің бойында «Қалмақ қашқан», «Қалмақ қырылған», «Қалмақ өлген», «Қалмақкөл»  деген жердің атаулары. Осынау жерлердің аты тегін қойылмаса керек-ті. Әрбір атаудың астарындағы ақиқат шындық ел қорғаған ерлердің кейінгі ұрпаққа өнеге болатын ерлік істерін айғақтап тұрған жоқ па?!

Жанатай батырдың жасампаз ерлігін айта отырып, кейінгі ұрпақты туған топырағын дәл осы ерлердей сүйе білуге, құрметтей білуге тәрбиелеуіміз керек. Ел есінде жүрген ердің бар болмысын айғақтасақ, ерлік шежіресін жаңғыртсақ, аруағы да разы болар.

Б.ҚАЙЫРЛИН.                

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар