Ардагерлердің көңілінен шықты

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауы отандастарымыздың көкейінде жүрген әлеуметтік-экономикалық саланың көкейкесті проблемаларын қозғап, оны шешудің оңтайлы жолдарын айқындап берді. Еңбектеген сәбиден еңкейген қарияның тағдырына қатысты бес бағдардан тұратын бұл Жолдаудың көңілімнен шыққан кейбір тұстарына тоқталғым келеді.

Қаңтар оқиғасының зардаптарын жою үшін ұлттық қордың қаржысы жұмсала бастағанда «Ертеңгі күніміз не болады, тақыр мұзға отырып қалмасақ игі» деген күдік те бой алдырғаны рас еді. Оған себеп, екі жылға созылған пандемия кезінде мемлекет қаржысына түсетін салық көлемі де күрт қысқарған-ды. Әйтеуір, жылдың басында дерттің беті қайтып, тіршілігіміздің тамырына қан жүгіріп, еңсеміз көтерілді ғой. Бұған Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша жетекші орыннан көрінуі айқын дәлел болса керек.

Ұлттық қорға қайра оралатын болсақ, Президент өз Жолдауында бұдан былай қаражат аса қажетті инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсалатындығын шегелеп айтты. Біздің де күткеніміз осы жаңалық еді. Ал, мемлекет қоржынында қаражат көп болса, ұлттық табыстың  әділ бөлінетіндігіне күмән болмауға тиіс.

Еліміздің басты құндылығы – адамға қамқорлық та Жолдаудың басты өзегіне айналған. Мемлекет басшысының ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру жөнінде шешім қабылдауы шамамен 1,8 миллион азаматтың табысына әсер етпек. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесіне келетін болсақ, ең төменгі күнкөріс деңгейін 70 пайызға, ал жоғары шегін 120 пайызға жеткізу жоспарланыпты. 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшері орташа алғанда 27 пайызға көбеймек.  Сонымен бірге, қоғамда қызу талқыға түскен өзекті мәселе – әйелдердің зейнеткерлік жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырылды.

Мамандығым педагог әрі немере-шөбере сүйіп отырған ата болғандықтан, өскелең ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарай алмаймын. Сол себепті,баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына бөлінетін қаражат бірыңғай есепшоттарда жинақталуын құптаймын. Мұны балалардың білім алуына инвестиция ретінде жұмсалатын алғашқы мақсатты капитал  деуге болады. Студенттердің жоғары оқу орындарында оқуы үшін төленетін ақы мөлшерін кез-келген отбасының қалтасы көтере бермейді. Сондықтан да мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесінде және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру грантын 30-дан 100 пайыз аралығында бөлуді ұйғарды. Жолдауда айтылған тағы бір жаңалық – ата-ана мен оқушылар алған білімінің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде әріптестік қатынас орнатудың жеке білім беру ваучерінің енгізілуі де көпшіліктің көңілінен шығып отыр.

Биылғы Жолдауда көрсетілген міндеттер ойдағыдай жүзеге асырылатын болса, әділетті Қазақстан құрудағы сәтті қадам болары сөз. Игілікті осы шараға ардагерлер қауымы да үлес қосатын болады.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 328 Total Views,  2 Views Today

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар