Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қатаң шараларсыз қайталана берері анық - АРҚА АЖАРЫ

Қатаң шараларсыз қайталана берері анық

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – мемлекеттік мүлікті тиімді басқару және еліміздегі әлеуметтік-мәдени  жұмыстарды жүргізу жолындағы басты құрал» деген тақырыпта облыстық конференция өткізілді.

Жиынға облыс орталығындағы білім беру және денсаулықты сақтау ұйымдарының өкілдері қатысты. Алғашқы болып сөз алған  мемлекеттік қызмет істері министрлігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Қуаныш Жапақов  сыбайлас жемқорлық фактілері  медициналық қызметкерлер мен ұстаздар қауымы арасында да жиі кездесетінін айтып өтті.
Тексеріс барысында денсаулық сақтау ұйымдары 2014-2015 жылдары  бөлінген бюджеттік қаржыны жұмсауда заң бұзушылықтарға жол бергендігі анықталған. Бюджетке 191  миллион теңгеден астам қаржы қайтарылып, 29 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылыпты. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Рүстем Баймағамбетов баяндап берді. Оның айтуынша,  сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың ішінде қаржылық мәселелерді шешетін қадағалау кеңестерінің  жұмыс тиімділігі  жоғары.
Ал, білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов  корпоративтік басқару жүйесінің артықшылықтары жайында сөз қозғады. Баяндамашы қадағалау және қамқоршылық кеңестеріне басқару тетіктерін ұсыну арқылы көптеген түйткілді мәселелерді шешуге болатынына тоқталып өтті.
– Сыбайлас жемқорлықты тек заң бұзушылық қана емес, сондай-ақ, мемлекеттің беделін түсіретін кесел деп қарастырғанымыз дұрыс. Білім беру саласында да келеңсіз жайлар бар. Әсіресе, қылмыстық фактілер тіркелген  санаулы ұйымдардың кесірінен бүкіл ұстаздар қауымының жұмысына күмән келтірілетіні өкінішті, – деп сөзін түйіндеді Валерий Гамазов.
Бұл ретте, Қуаныш Жапақов  мұғалімдердің ата-аналардан ақша жинауын сыбайлас жемқорлық деп қарастыруға болмайтынын тілге тиек етті. Себебі, ұстаздар жиналған қаражатты қалтасына баспай, оқушыларға  тиісті жағдай жасау мақсатында кәдеге жарататынын шегелеп айтты. Шынымен, білім беру ұйымдарының бюджеті қызметкерлерге еңбекақы төлеуге, мектептер мен балабақшаларды ұстауға ғана жеткілікті. Ал, егер ата-аналар мектепке көмек көрсеткісі келсе,  мектеп директорының атына өтініш жазулары тиіс. Сонымен бірге,  есеп-қисап бөліміне  берілген демеушілік көмек міндетті түрде тіркелуі қажет. Мұның бәрі ерікті түрде жүргізіледі.
Конференция барысында баяндамашылар сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептерінің бірі азаматтардың өз құқықтарын толық білмеуі деген ұйғарымға келді. Мәселен, дәрігерге ризашылығын білдіруге ниеттенген науқастың ісі сыбайлас жемқорлық болып табылатынын есте ұстаған абзал. Айта кетерлік жайт,  білім беру және денсаулық сақтау салаларында   мемлекеттік сатып алу мен қаржыны  мақсатсыз пайдалану оқиғалары көптеп кездеседі.
Бұл ретте, мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ерлаз Жайықбаев жүргізілген тексерістердің нәтижесімен таныстырып өтті. Мәліметтерге жүгінсек, тек өткен жылдың ішінде  16 мемлекеттік мекемеде 186  сыбайлас жемқорлық қатері анықталыпты. Оның көп бөлігі мемлекеттік сатып алуға тиесілі. Сол себепті, «Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясын құру көрсетілетін қызметтердің сапасын  арттырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлық қатерін болдырмайды деп күтілуде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар