Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
60 жылдың абыройлы асуы - АРҚА АЖАРЫ

60 жылдың абыройлы асуы

Көкшетау қаласындағы беделді оқу орындарының бірі – Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің 60 жылдығы салтанатпен аталып өтті. Мерейтой кешіне облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, оқу орны ұжымына игі тілегін білдірді.

Мәдениет саласының мамандарын даярлайтын оқу орнының  60 жыл ішінде жеткен жетістігі мен абырой-беделі әмбеге аян. Колледждің мерейтойы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мерейтой екінші Халықаралық «Дидар» театр өнерінің тәжірибелік зертхана-фестивалімен ашылды. Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының қабырғасында өткен салтанатты жиынды облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова құттықтау сөзімен ашты. Ақан сері атындағы білім ордасынан шыққан сан өнер саңлақтары жайлы айта келе, колледжден әлі де таланты мен талабы таудай өрендер көптеп шығатынына сенім білдірді.
Мерейтойдың ашылу салтанатынан кейін фестивальге келген қонақтар өз өнерлерін ортаға салды. Фестивальге Алматы қаласының Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының жас әртістері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының шәкірттері, «Алматы-Musik» театрының жастары, Тараз қаласының «Театр AZAREE» театры, Марий-Эл Республикасының И.С.Палантай атындағы мәдениет  және өнер колледжінің студенттері, Ақтөбе қаласының көпсалалы Тарлан колледжі және «AL*ART» студенттік театры, Петропавл қаласының «Өнер колледжі – дарынды балалар мектеп кешені» қатысып, Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында екі күн ішінде тоғыз қойылым қойды. Оларға Ресей Федерациясы мен Марий-Эл Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Олег Иркибаев, осы елдің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Дмитрий Лавров, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Валерий Тарасов, Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек қазылық етті. Қазылар алқасына Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының президенті Асхат Маемиров төраға болды. Қатысушы театрлардың қойған қойылымдары арасындағы үзілісті тиімді пайдалану үшін театр өнерінің қыр-сырын үйреніп, осы саланың майталманы болғысы келетін  жастарға аға буын өкілдері шеберлік сыныптарын өткізді.
Мерейтойдың үшінші күні  фестивальдың қорытындысы шығарылып, 16 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Он алты аталымның үшеуін қанжығасына байлаған колледж студенттері мен ұстаздарының өнері жайындағы жылы лебізді Ақмола Медиа орталығының баспасөз залында өткен брифингте Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек сияқты майталман мамандардың аузынан естіп қуанып қалдық. «Ең үздік әйел рөлі» аталымын Арайлым Қырқабақова иеленсе, «Екінші көріністегі үздік ер адам рөлі» аталымы бойынша Абзал Арапов жеңімпаз болып танылды. Ал, «Ең үздік режиссерлік шешім» аталымын режиссерлікке оқып жатқан үшінші курс студенттері иеленді. Бұл брифингте Қазақстан Респуб-ликасы мен Ресей Федерациясының театр өнеріне бет бұрған жастарының арасында тығыз байланыс орнату мақсатында Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің директоры Құралай Ыдырысова мен И.С.Палантай атындағы Марий-Эл Республикалық мәдениет және өнер колледжінің директоры
Алексей Кленов ортақ меморандумға қол қойды.
Мерейтойдың жабылу салтанатына арналған гала-концерт облыстық филармонияның концерт залында болып өтті. Концерт басталмас бұрын көлденең өткеннің көңілін аударып, көз салғанның жанарын арбап колледж студенттері әсем киініп алып, филармонияның алдында алыс-жақыннан келген қонақтарды күтіп алып жүрді. Бет-аузын қызылды-жасылға бояған сайқымазақтар, аяғына алты құлаш таяқ байлап, балпаң-балпаң басып жүрген балалар, ертегі әлемінің кейіпкерлері, он тоғызыншы ғасырдың балдарында ғана кездесетін,  біз кітаптан ғана оқыған хас сұлулар, ұлттық киімдегі бозбалалар мен бойжеткендердің бәрі-бәрі сол күнгі салтанатты кешке өзінше реңк берді.
Концерт басында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов колледж ұжымына құттықтау сөзін айтып, бұл оқу орнына еңбегін сіңірген зейнеткерлерге де тоқталып кетті. Олардың көрермендер арасында отырып, осындай атаулы күннің қызығын бөліскеніне қуанышты екенін жеткізді. Және колледж директоры Құралай Ыдырысова мен бірқатар ұстаздарға облыс әкімі Сергей Кулагиннің атынан Алғыс хаттар табыс етті. Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов сөз сөйлеп, колледж директорына гүл шоқтарын сыйлап, партия атынан оқу орнының мұғалімдеріне Алғыс хаттар табыс етті. Облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова да сахна төріне көтеріліп, оқу орнының мерейтойы ойдағыдай тойланып өткеніне қуанышты екенін айтып, ұжымға деген игі тілегін жеткізіп, оқытушыларын басқарма атынан Құрмет грамоталарымен марапаттады.

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар