– ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов көлікті техникалық тексеру операторларының жауапкершілігін күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өз сөзінде министр елдегі автопарктің артып келе жатқанын айтты.
«2019 жылдан бастап автокөлік саны 3,9 миллионнан 5 миллионға дейін өсті. Оның ішінде шетелдік тіркеудегі көліктер де бар. Бұған қоса, автопарк ескіріп жатыр. Еліміздегі 50% пайыздан астам көліктердің пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен. Яғни, тозығы жеткен», — деді Ішкі істер министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге, М. Ахметжанов автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жүргізілмейтінін айтты.
«Өздеріңіз білесіздер, техникалық тексеру орталықтарын ашуға қойылатын талаптар төмендетілді. 2016 жылы оларды ашу тәртібі лицензиялаудан хабарлама түріне өзгерді. 2018 жылы бұл қызметке рұқсат беру бақылауы жойылды. Бұл жағдай көлікті техникалық байқаудан жалған өткізіп, талондар беру практикасына әкеп соқты. Былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осындай 350 мың жалған құжат жасап, 600 млн теңге заңсыз табыс тапқан ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады», — деді ведомство басшысы.
Оған қоса, соңғы 4 жылда техникалық жайдайға байланысты байқаудан өтпей қалған көліктердің саны екі есеге азайған.
«Бұл әрине, үлкен күмән тудырады. Өйткені көліктердің техникалық регламент талаптарына сай келмеуіне байланысты 106 мың жүргізуші жауапқа тартылған. Сондай-ақ, техникалық байқаудан өтпеген 80 мың жүргізушіге айыппұл салынды. Кезінде бұл функция кәсіпкерлік саласына берілген болатын. Бірақ, процедураны жеңілдетеміз деп, көптеген теріс салдарға жол бердік. Жол апаттары көбейіп, жемқорлық артты. Осыған байланысты, Индустрия министрлігіне автокөлікті жалған тексеру фактілері үшін техникалық байқау операторларының жауапкершілігін күшейтуді ұсынамыз», — деді Марат Ахметжанов.
Бұған дейін спикер жыл сайын елімізде 13 мың жол-көлік оқиғасы болатынын, 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мың адам жарақат алатынын айтқан еді.
Сонымен бірге Марат Ахметжанов автомектептердің оқыту сапасын сынға алды.
Фото: theautowarehouse.com