Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Көмір жақпаймыз, күн қуатын пайдалануға көше бастадық» - АРҚА АЖАРЫ

«Көмір жақпаймыз, күн қуатын пайдалануға көше бастадық»

Капитоновка селолық округінің әкімі Қайырниса БАТТАЛОВА:

Қазіргі таңда облысымызда іргесін тіктеп, өркениетке ұмтылып жатқан ауылдарымыз көптеп саналады. Солардың бірі – Астана мен облыс орталығының арасындағы Капитоновка селолық округі. Ауданға іссапарымызды пайдаланып, аталған селолық округтің әкімі Қайырниса Батталоваға осы округке қарасты елді мекеннің қазіргі жағдайы туралы сауал қойған  едік. 

 – Қайырниса Бекболатқызы, əңгімемізді бірден өзіңіз басқарып отырған селолық округтің бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасаңыз.
– 2004 жылдан бері Капитоновка селолық округі әкімінің қызметін атқарып келемін. Осы қызметке келмес бұрын тоғыз жыл ауыл әкімінің орынбасары болдым.  Аталмыш селолық округтің құрамына үш ауыл кіреді. Олар Балуан Шолақ, Пушкино және Капитоновка ауылдары. Жергілікті халықтың шамамен жиырма пайызын қазақтар құраса, қалғандары өзге ұлттың өкілдері.
Өзім осы өлкеде туып-өскендіктен, оның үстіне бар еңбек жолым Капитоновкада өткендіктен, бұл ауылдардың тыныс-тіршілігін жақсы білемін десем, артық айтқандық емес. Әсіресе, 2005 жылы тұрғындар көптеген қиыншылықтармен бетпе-бет келді. Елімізде жаңа Жер реформасының енгізілуіне байланысты біз де инвесторларды ауыстырдық. Бұрынғы инвесторлар халыққа еңбекақы төлемей, біраз дау-дамай туындаған болатын. Қандай жағдай болсын, бəрібір жердің иесі болуы керек қой. Осы қиыншылықтардың салдарынан ауылды қалай сақтап қаламыз деген мəселе туындады. Тұрғындардың сол кездегі ауызбіршілігінің, түсіністік танытуының арқасында мұның бəрінен өттік. 2005 жылдан бері «Logos Grain» компаниясымен жұмыс істеп келеміз. Инвесторларды ауыстырғалы жергілікті халықтың жағдайы түзеліп, еңбекақыларын уақытылы ала бастады, жаңа жұмыс орындары ашылды. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту жақсы жолға қойылды.
Инвесторларымыз да қолдарынан келгенше көмек көрсетуде. Былтыр жас мамандарға арнап төрт пəтерлі тұрғын үй салып берді. Мəселен, мəдениет үйінің меңгерушісі аталмыш серіктестік еншісіндегі үйде тегін тұрып жатыр. Мектепке «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы тарих, ағылшын тілі пəндерінің мұғалімдері жұмысқа келді.
– Сөзіңізге қарағанда ауылда өркендеу бар. Соны түсінген тұрғындар да туған мекендерінен кеткісі келмейтін  шығар.
– Əрине. Туып-өскен ортасын ешкім тастап кеткісі келмейді. Оның үстіне, ауылдарымыз жылдан-жылға көркейіп келе жатқандықтан, тұрғындардың осында тұруға деген құштарлықтары да молая түсуде. Балуан Шолақ пен Пушкино кішігірім ауылдар. Біріншісінде тоғыз үй бар болса, екінші ауылда бүгінгі таңда жиырма алты үй қалды. Пушкинода бастауыш мектепті сақтап қалуға болушы еді, бірақ, ата-аналар балаларының заманауи техникамен жабдықталған, бөлмелері де кең мектепте оқығанын құп көрді. Сол себепті, арнайы шағын автобус күн сайын оқушыларды Капитоновкадағы орта мектепке апарып, алып келіп отырады. Осыдан алты жыл бұрын қазақ сыныптары ашылған болатын. Сол оқушыларымыздың алды қазір алтыншы сыныпта оқып жүр. Бұған дейін мектеп таза орыс тілінде ғана еді. Шыны керек, ауылдарды ұстап тұрған мектеп қой. Оқушылар саны азайғандықтан, қаншама білім ошақтары жабылып, соның салдарынан тұрғындарының саны елуге толмаған талай ауылдардың картадан мүлде сызылып тасталғанын көзіміз көріп жүр. Селолық округте мəдениет үйі бар. Онда білікті мамандардың жетекшілігімен балалар түрлі үйірмелерге қатысады, əн айтып, би билеп, бос уақыттарын тиімді өткізуге тырысады. Өкінішке орай, қазіргі таңда шешілмей тұрған басты мəселеміз – таза ауыз судың жоқтығы. Жобалық-сметалық құжаттардың бəрін өз қолымызбен əзірлеп қойғанымызбен, қаншама жылдан бері ешқандай мемлекеттік бағдарламаға іліге алмай отырмыз. Алдағы уақытта бұл проблема да шешіліп қалар деген үміттеміз.
– Жоғарыда өз сөзіңізде осы ауылдың тумасымын деп айтып өттіңіз. «Əкім бол, халқыңа жақын бол!» деп бүгінгі күннің мақалымен сөйлесек, тұрғындар сізді ауылдасы ретінде жақын тартып, өтініш-тілектерімен көп жүгінетін болғаны ғой.
– Иә, мұныңыз рас, өмір бойы осы Капитоновкада тұрамын. Адамның тағдыр жолы деген қызық қой. Отбасылық өмірім де, қызметім де осы ауылмен тығыз байланысты. Былай шыға қалсаңыз, бəрі бірден таниды. Менің ойымша əкімдік қызметімнің ауыр тұсы да, жеңіл тұсы да осы. Аптасына екі рет азаматтарды жеке мəселелері бойынша қабылдаймын. Осы орайда, бірнеше жыл бұрын болған мына бір оқиғаның есіме түсіп тұрғаны… Селолық округке Украинадан көшіп келген, оның үстіне қолында ешбір құжаты жоқ азаматқа ауыл болып көмектескеніміз бар. Оның құжаттарын қайта рəсімдеу үшін елшілікке дейін барған едік.
Дағдарысқа байланысты ауылдық дүкендерде нан, тұз, қант секілді  күнделікті қажеттіліктегі тауарлар бағасының қымбаттап кетпеуін үнемі қадағалап отырамыз. Жақында бір тұрғынымыз мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алып, шағын наубайхана ашпақшы. Бұл да өз кезегінде нанның бағасын тұрақтандыруға септігін тигізетініне сенім мол. Ауылдағы бірнеше ғимарат күн энергиясымен жылытылады. Бұдан басқа да жаңалықтарымыз жоқ емес. Қазір пеш жағу үшін бұрынғыдай көмір пайдаланбаймыз. Жаңа технологияның арқасында оны зығыр өсімдігінің сабанымен алмастырып отырмыз. Бұл өте тиімді. Көмірді жаққаннан кейін үйеме болып күл қалса, зығырдан аса көп қалдық қалмайды. Міне, осындай-осындай жетістіктерімізбен қанаттанып, алда да ел үшін аянбай еңбек етсек деген ниетіміз бар.  
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.  
Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар