– Лингвистикалық комиссия өкілдері ҚР Президенттігіне үміткер кандидаттардың мемлекеттік тілден тапсырған емтиханының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін анықтайтын линвистикалық комиссияның құрамына көрнекті лингвист ғалымдар, профессорлар, академиктер, филология ғылымдарының докторлары және ішінде филология ғылымының бір кандидаты бар. Комиссия мүшелері алқалы талдау өткізіп содан кейін ғана шешім қабылдады. Емтихандар әділдік пен шынайылықты сақтай отырып, тең құқылы негізде жүзеге асты. Кандидаттардың емтиханға дайындалуына, комиссия алдында жауап беруіне қажетті жағдай толық жасалды. «Ауыл» партиясының атынан түскен [Жигули Дайрабаев] азаматта қате өте аз болды. Өйткені, тілі жүйрік екен. Ол ауылда туып-өскен азамат болғаннан кейін барлық тақырыпта таза сөйлеп, ойын еркін жеткізді. Мысалы, әйел кандидаттардың ішінде де ондай азаматтарды байқадық. Ой-өрісі кең, ойын анық жеткізе алады. Біз тек емле қателерін ғана емес, олардың тәжірибесін, ана тіліне деген сүйіспеншілігін, тақырыпты аша білуін жан-жақты талдай отырып бағаладық», — деді лингвистика комиссиясының төрағасы Әділ Ахметов.
Сонымен қатар, лингвистикалық комиссия мүшесі Анар Фазылжанова емтихан тапсырған бүкіл үміткерде емле қателері болғанын атап өтті.
«Жасыратыны жоқ, үміткерлердің ішінде бір де бір емле қатесін жібермей мәтін жазғаны болған жоқ. Бұл үміткерлеріміздің жазу дағдысының осалдығын білдірмейді. Бұл жазу коммуникациясының тілдің ең күрделі саласы екенін білдіреді», — деді Анар Фазылжанова.
Айта кетейік, бұған дейін құжат тапсырған 12 кандидаттың 8-і мемлекеттік тіл сынағынан өтіп, барлығы қазақ тілін еркін меңгергенін растады.
Ал халықтық коалиция атынан ұсынылған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Конституциялық Заңының 54-бабы 2-тармағына сәйкес, мемлеттік тілден емтихан тапсырмайды.
Сонымен қатар, бүгін Орталық сайлау комиссиясы құжат тапсырған 3 кандидатты тіркеуден бас тартты. Жауапты орган мәліметінше, олардың кандидатурасы заң талаптарына сай келмейді.