Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Болашақ» бағдарламасының түлегі ауыл мектебінде сабақ береді - АРҚА АЖАРЫ

«Болашақ» бағдарламасының түлегі ауыл мектебінде сабақ береді

Білімі терең, болмысы бөлек, білігі биік, ұлағатты ұстаз – шәкірт бақыты. Қазіргі заман талабына сай бәсекеге қабілетті, өрісі жоғары, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу бүгінгі ұстаздың бірден-бір талабы дер едік. Бұл маңызды міндетті абыроймен атқарып келе жатқан ұстаздардың қатарына өз кәсібін, өз шәкірттерін шексіз сүйетін педагогтың бірі – «Болашақ»  бағдарламасының түлегі, Шортанды ауданының №3 қазақ орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлім Тоқатқызы екендігі анық.

Гүлім Тоқатқызының есіміне сырттай қанықпыз. Тәнті болып, тамсана қарайтынымыз, ол жанынан жақсылықтың лебі ескен  көкірегі ояу, танымы терең, зердесі биік маман ғана емес, адами болмысы жоғары, парасат-пайымы биік жастардың қатарынан.

Әйтпеген күнде шет елде білім алып, ауылға оралатындар кемде-кем емес пе?! Шетелді айтасыз, қандай да бір жоғары оқу орнының дипломы қолына түскен жас маман ауылға оралғысы жоқ. Ал, нағыз педагог орын да, орта да таңдамайды. Бастысы – балалардың бойына білім дарытуды мақсат тұтады емес пе? Біз ауыл мектебінің жағдайы һәм білімі төмен дегеннен аулақпыз. Ерекше екпін түсіре атап өтерлігі, «Болашақ» түлегіне  кез келген қаладан қызмет табу оңай ғой. Бірақ, соған қарамастан ауылда қалып, білімі мен тәжірибесін ауыл балаларына дарытуды өзінің өмірлік мақсаты санайтын Гүлім Тоқатқызы сияқты жүрегі кең педагогтарға қалай ғана тәнті болмайсың? Тәнті боласың, тамсанасың, осындай жандардың ғұмыр жолын кейінгі ұрпаққа өнеге етіп көрсетуге асығасың…

Гүлім Тоқатқызы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Уәлиханов ауданыӨндіріс ауылыныңтумасы.  Ата-анасы Тоқат Есенұлы мен Ұмсын Темірбайқызы да елге еңбегі сіңген, халықтың алғысына бөленген, өз өнегесімен өзгелерге үлгі болған парасат-пайымы биік педагогтар.

– Мұғалімдер отбасында туған мен үшін әр оқу жылының басталуы бала кезімнен ерекше. Қазіргі таңда әкем Назарбаев зияткерлік мектебінде ұстаздық қызметін жалғастыруда, анам зейнетте болса да Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетаууниверситетінде оқытушы болып қызмет етеді.  Әпкем Гүлден болса осы университетте оқытушы, сіңлім Тілеулес Астана қаласында балабақша меңгерушісі, інім Сәкен ІТ маманы, ол да «Болашақ» стипендиаты, Австралияда білім алған. Қазіргі таңда Астана қаласында жұмыс істейді. Ата-анамыз бізге жастайымыздан адал еңбек ету, үздіксіз білім алу, оқу мен білуге құштар болу сияқты қасиеттерді бойымызға сіңіре білді. Қазіргі таңда сол білімді, құндылықтарды оқушыларға, балаларға үйрету, санасына тоқыту менің міндетім және оған мақтанамын. Жалпы жастайымнан шет тілін меңгерсем деген арманым болатын. Тілдерге деген қызығушылығым ерте оянды. Ұстаздық мамандығына алғашқы қадамым Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінде бастау алды, колледжді үздік тәмамдап, 2005 жылы Шортанды ауданына  жолдамамен  бардым. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің  «Болашақ» стипендиясы иегері атандым. Осы бір тамаша мүмкіндік арқылы 2021 жылы АҚШ Джорджия университетінде TESOL шет тілі және әлем тілдерін оқыту әдістемесі мамандығы бойынша магистратураны тәмамдап, өзімнің мектебіме қайта оралдым, – деп бастады әңгімесін Гүлім Тоқатқызы бізбен болған сұхбат барысында.

Ол өте ізденімпаз, еңбекқор ұстаз. 2017 жылы АҚШ елшілігінің ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған Teaching excellence and achievement program (TEA) бағдарламасының финалисі атанған. Бұл бағдарлама жыл сайын бүкіл дүниежүзі бойынша 160 мұғалімге, оның ішінде Қазақстанның екі мұғаліміне АҚШ мектептерінде және университетінде 8 апталық оқумен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

– Педагогтарға жүктелген міндет, өскелең ұрпақты білім мен тәрбиеге үйрету – адамзат алдындағы үлкен жауапкершілік. «Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімділігі де жойылады», деген екен  К.Д.Ушинский, оқудың нәтижелілігі педагогтың кәсіби дамуының нәтижесі, білім берудің сапасын арттырудың кепілі. Осы оқу жылында өзім де үздіксіз білім алдым, әріптестерімді Британ консулдығы, АҚШ елшіліктерінің ағылшын тілі мұғалімдерін оқыту бойынша халықаралық жобаларда оқыттым, кәсіби ағылшын тілін оқыту бойынша халықаралық қауымдастықтарға еніп, халықаралық  конференцияларға қатысуға мүмкіндік алдым. Өткен 2021 жылы Британдық консулдық және Өрлеу БАИ АҚ бірлескен оnline Teacher Community жобасында жұмыс істедім. Бұл жоба халықаралық жоба, ағылшын тілі мұғалімдерінің кәсіби біліктіліктерін арттыру, кәсіби қоғамдастықты нығайту мақсатында Армения, Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Грузия және Украина мұғалімдерін қамтыды.  Жобада фасилитатор ретінде жұмыс жасадым, жүзге жуық әріптестерімді оқыттым. Өткен жылы оқушыларды зерттеу бойынша жұмыс жүргіздім, кейс стади өткіздім. Осы жылы да зерттеу жұмысы жалғасады, сонымен қатар, әріптестерімнің зерттеушілік қабілетін арттыру мақсатында мектепішілік зерттеу жобасын қолға алып жатырмын, – дейді Гүлім Тоқатқызы.

Әңгіме барысында Гүлім Тоқатқызы шет елдегі жастардың, жалпы тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылықтары туралы баса айтты.          «Тіпті тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдардың өзі көшеде кітап оқып отыратындығы мені қатты таңқалдырды, шетелде кітап оқу мәдениеті өте жақсы қалыптасқан» дейді ол сыр бөлісіп.

Айта кету керек, Гүлім Тоқатқызының шәкірттері де көп ішінен саф алтындай жарқырап, даралануда. Мәселен, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша 2017-2018 оқу жылында Алуа Жақсылық  – 122 ұпай жинаса, Әлібек Әдрішев – 126, ал, 2021-2022 оқу жылында Мәдина Майданбек – 104 ұпай жинады. Сонымен қатар, өткен оқу жылында Мәдина Майданбек облыстық пән олимпиадасына қатысып, жүлделі 3-ші орынға ие болды. «Тіл дарын» облыстық конкурсында да Гүлім Тоқатқызының шәкірттері жүлделі орынға ие болды. Айханым Бауыржанова 3-ші орынға, Сабина Сағындық жүлделі 2-ші орынға қол жеткізді. Ал, «Бритош бульдог» республикалық білім сайысында Шортанды №3 орта мектебінің оқушылары Жанар Бейсен, Нұрәлі Нұрлан, Әмина Ғабит қатысып, 1-ші және 2-ші орындарды қанжығасына байлады.

Иә, қай қызметті атқарсаңыз да, қай ортадан табылсаңыз да жеткен жетістік, жұмыстың нәтижесі бәрі де алдымен Алланың алқауынан, ата-ананың тәлімінен және жастайыңнан ілім мен білімді жүрегіңе сіңірген ұстаздан екендігі анық.  Ел алғысына бөленіп жүрген осындай ұстаздардың қатары көп болғанына көңіл қуанады. Себебі, ұлт болашағы білімді ұрпаққа байланысты.

Өз ісінің нағыз білгірі Гүлім Тоқатқызы ұлағатты ұстаз ғана емес, отбасының ұйытқысы бола білген аяулы жар, ардақты ана. Жолдасы Таймас Батырғалиев Шортанды ауданындағы учаскелік полиция қызметкері, полиция майоры, отбасының көз қуанышына айналған Дәрия Таймасқызы мектеп жасындағы оқушы.

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар