Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Театр фестивалі баспасөз мәслихатымен ашылды - АРҚА АЖАРЫ

Театр фестивалі баспасөз мәслихатымен ашылды

Жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің 70 жылдық мерейтойына орай, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында ашылған республикалық театр фестиваліМ.Әуезов атындағы академиялық ұлттық драма театры сахналаған мерейтой иесінің «Қас-қағым» атты метафизикалық драмасымен басталды.

Қойылым басталардың алдында мерейтой иесімен және Алатау бөктерінен келген М.Әуезов атындағы академиялық, ұлттық драма театры құрамымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Онда сал серілердің мекеніне Алматыдан келген әкемтеатрдың ұжымына ыстық ықыласын арнаған мерейтой иесі театр фестивалінің сәтті өтуіне шын жүректен тілектестігін, облыс басшылығына  да ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, күні кеше ел Президентінің қабылдауында болған қаламы қарымды қаламгер сол кездесуіндегі ойымен де бөлісіп, драмаларының еліміздің барлық дерлік сахналарында қойылып келе жатқанына зор ризашылығын білдірді.

Өнерді құрметтеген жерде ел өсіп, өркендейтінін, өнердің саясатқа да үлкен пайдасы барын айтқан, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, М.Әуезов атындағы академиялық, ұлттық драма театрының белді актері Айдос Жұмаділда мерейтой иесін Ел Президентінің қабылдауында үлкен парасаттылық жатқанын атап өтті. Ол өздерінің театрда бірнеше жыл қатарынан сахналанып келе жатқан «Қас-қағым» атты метафизикалық драмасымен келіп отырғандарын және бұл спектакльдің Қырғызстандағы Халықаралық байқауда жүлде алғанын да айтып, киелі мекенге табан тірегенде өздерін жылы жүзбен қарсы алған Көкше жұртшылығына алғысын жаудырды.

Одан әрі Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының анасына айналған,осы театрдың негізін қалаушыларының бірі, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Жібек Бағысова сөз алып, еліне еңбегі сіңген, туған халқының мақтанышына айналған Жабал Ерғалиұлын мерейлі жасымен құттықтап, әкемтеатрдың қадамына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

– Жабал ағамызды елдің қандай жағдайына да бейжай қарамайтын саясаткер, депутат ретінде жақсы білеміз. Бұл кісі қазақтың үлкен бір мақтанышы. Міне, осындай ел азаматына арнап театр фестивалін өткізудің өзі зор құрмет. Сіздің шығармаңыз әкемтеатр шаңырағында үздіксіз 10 жыл бойы сахналанып келе жатқанының өзі киелі өнердің үлкен бір жеңісі деп ойлаймын. Өйткені, Жабал ағамыздың «Қас-қағым» метафизикалық драмасы талай театр фестивальдарында Гран-При алып келеді. Сондықтан, бұл спектакль біздің театр репертуарындағы орны бөлек қойылымдардың бірі. Міне, әлі де осындай тың дүниелеріңізбен бөлісетініңізге сенімдімін, – деген ойын білдірді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы академиялық, ұлттық драма театрының талантты актері Асылбек Боранбай.

– Сахнаға жүгіріп шығып, сөзін айтып, кетіп қалған адам ол актер емес. Осы тұрғыда режиссер Жақып Омаров ағамыздың бір жақсы сөзі бар,  «сахнаға шықпас бұрын, қалай кететініңді ойла» деген театр заңдылығын ұмытпағанымыз жөн, – деген Ақмола облыстық Шахмет Құсайынов атындағы музыкалық-драма театрының негізін қалаушылардың бірі, қазіргі директоры Жарас Қалдаров фестивальдің ашылуына «Қас-қағым» драмасымен әкемтеатр ұжымын бастап келген Айдос Жұмаділда, Асылбек Боранбай, Азамат Сатыбалды, аталмыш театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбекова, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, белгілі актер Тынымбек Пірімжановтың немересі, ата жолын қуған әкемтеатрдың  актрисасы Зарина Карменова сынды кәсіби мамандарға рахметін атып, бірауыз ыстық лебізін білдірді.

Төрт күнге созылатын фестивальді шын мәнінде «ел мен жерді біріктірген, алыс пен жақынды байланыстырған» өнер тойы деп есептеуге болады. Сондықтан, фестиваль аясында Жабал Ерғалиұлының қаламынан туған таңдаулы драмаларды тамашалайтын боламыз.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар