Құлагердің құны

«Арқа ажары» газетінің 2015 жылғы 22 қыркүйек күнгі санында «Заманхат» айдарымен жазушы-публицист Амантай Кәкеннің «Белгілі оқиғаның беймәлім қырлары» деген мақаласы жарияланды. Онда өнер зерттеушісі, композитор Илья Жақановтың  «Бір кезде Ақан едім аспандағы…» атты кітабының негізінде Ақан серінің  Құлагерін Барақбай өлтірді деп жазады. Ал, төмендегі жайлар Құлагердің өлімі Батыраштан келгенін дәлелдейді. 

Ақан серінің әнші Ғазизға:
Қайтейін Құлагерім қолдан кетті,
Дұшпанның қастығынан қаза жетті.
Асына Сағынайдың апарғанда,
Жүсібі Батыраштың қағып өтті,
– деп айтқан жолдарын Сәкен Сейфуллин 1935 жылы Ақан серінің «Таңдамалы өлеңдері» деген жинағында келтірген. Батыраштың Көккөзден тараған ұрпақтарының айтуынша, өлеңдегі Жүсіп Батырашұлы Батыраштың Сағынай асына барған ұлы екен. Жүсіп өлерден аз-ақ бұрын туыстары барып, Құлагер туралы шындықты сұраған. Яғни, Жүсіп өлгенше басқалар түгілі өз туыстары Құлагердің өлімін Жүсіптен көрген ғой.
«…Әкеміз Құлагердің басын шабам деп, ұрпағының басын балтамен шаба беріпті» деген сөз де «Батыраштың баласынан қалған» деген пікір бар ел ішінде. Батыраштың немересі Төкен ақсақал Құлагердің өлімін әкесі Жүсіптің өз әкесі Батыраштан көретінін  талай рет айтыпты да.
Ақан сері Құлагердің өлімін Батырашұлы Жүсіптен көрсе, Жүсіп Батыраштың немересі Төкен ақсақалдың айтқанындай, әкесінен көрсе, Құлагерді өлтірткен Батыраш демеске амал жоқ.
Кейбір зерттеушілер соңғы жылдары «Құлагерді өлтірген Батыраш емес» десе, енді біреулері «Құлагер құнсыз кеткен, Құлагерден құн алынбаған» дейді.
Құлагер құнсыз кетпеген. Ақан серінің өкіл әкесі Әлібек батыр өзі бас болып, Құлагердің құнын даулауға барған, ауылдың 50 жігіті, басшылары Ораз атаның баласы Ақбайпақ, Аңдағұл атаның ұрпағы Төрекелдіұлы Мұстафалар, Батыраштың ауылын шауып, Құлагердің құны деп 200 жылқысын барымталап әкелген. Бұлардың артынан қуғыншы келмегенін 200 жылқының елге сіңіп кеткенін Шұқыркөл ауылы әлі күнге аңыз қылып айтады.
Десек те, Мәшһүр Жүсіп – біздің әулие шежірешіміз, әулие тарихшымыз, бұл жөнінде не дейді?
«Ақан сері Құлагер өлген соң, бұрынғы серілік мінезді қалдырып, көп бас қосқан ас, жиын, тойға жүрмейтін, бармайтын болып, дүние махаббатынан мүлде көңілін суытты», – дейді Мәшекең. Мәшһүр Жүсіп Ақан серімен Құлагер өлгесін де кездескен, сөйлескен. Құлагер тағдырын Ақан серінің өз аузынан естіген кісі. Енді сөз кезегін Мәшһүр Жүсіпке берелік (8-том. 325-326 беттер): «Ақмола мен Көкшетаудың арасын қалың Күрсары Керей мекендейді. Сол Керейде паң Нұрмағамбеттің әкесі Сағынайдың асы болады. Ақан серінің Құлагері осы аста өлтіріледі. Бұл асқа шақырылған ел бір шеті Торғай, Ырғыз, бір шеті Аягөз, Қарқаралыға дейін, тағы бір шеті Кереку, Баянға дейін, бір шеті Көкшетау, Қызылжарға дейін сауын айтқан…
Осы бәйгеге Ақан серінің Құлагері де келеді. Ерегіс болып, аттарды елу шақырым қашықтыққа айдайды. Сол асқа Сармантай, Мұрат жақтан Баты-раш, Қотыраш деген ағайынды екі кісінің бәйге бермей жүрген қос бозы да келеді. Олар да сыншыларын ертіп жүреді екен. Сол көзі шыққырлар Құлагерді көріпті дейді. Батыраш пен Қотырашқа келіп, «Құлагерді көрдім. Қанатты құс болмаса Құлагер жер басқан төрт аяқты айуанды оздырмайды. Аттарыңды бұл бәйгеге
қоспаңдар» дейді.
Батыраш пен Қотыраш аттарын қоспай қалуға қорланып, қосуға сыншының сөзінен дағдарып қалады. Енді не істеу керек? Батыраш пен Қотыраш қаныпезер кісілер екен. Аттарын қосады да, Құлагерді өлтірмек болады. Бәйге атының жолында қалың тоғайлы өзен бар екен. Бәйге аттары қалың талды жарып өтетін тап сол қалыңға Батыраш, Қотыраш елінің жүйрік аттарын қарулы жігіттерге мінгізіп, қолдарына бір-бір шоқпар беріп, олар түнде атты айдағанда солармен ілесіп барып, қалың талда жасырынып тұрып Құлагердің қайтуын тосады. Сондағы мақсаттары – келе жатқан Құлагерді шоқпармен ұрып жығып өлтірмек.
Бәйге аттары қайтатын жеріне жетеді. Аздап тыныс алған соң аттарды жібереді.
Жануар Құлагердің басқа жылқыдан бір өзгешелігі, шыға тартқанда алдына жылқы түсірмейді, арттағыларға қарасын шалдырмайды екен. Әбден қызып алғанда шауып келе жатып кісінейді екен. Сол кезде үстіндегі бала тізгінді ердің басына іліп, екі қолымен ердің екі қасындағы қайыс тұтқадан ұстайды. Егер одан ұстамаса, ұшып кететін болған, қайыс тұтқаны әдейі жасап қойған дейді. Сөйтіп, манағы жа-уыздар қалың талды қақ жарып, жалғыз өзі келе жатқан Құлагерді көріп, өкпе тұстан тың аттармен дүрсе қоя беріп, терге балқып келе жатқан оны шоқпардың астына алып ұрып жығып, белін үзіп өлтіреді.
Бұл аста Батыраш пен Қотыраш теңдік бермейді. Ақан сері жылап кете барады…
Сонымен, Алтай-Қарпық, Атығай, Қарауыл елдері жиналып, қорлыққа шыдамай Тарақты Борамбай биге келеді. Борамбай оларға: «Барыңдар, барғанда жау болып бармаңдар. Туысқан қалыппен барыңдар. Түбінде жауласуларың қашпас. Кәдімгі Батыраш, Қотыраш болса кер азуға салып, жүре жауап берер. Бір барып алдынан өтіңдер. Кінә соған аусын. Ант аумай, ат шаппайды деген» дейді.
Аз адаммен Алтай-Қарпық, Атығай, Қарауылдың билері Сармантай, Батыраш, Қотырашқа барады. Барғандарға Батыраш, Қотыраш теңдік бермей, дағдылы кер азулықтарына салып сөз ұстатпайды. Қайтар жолда Борамбайға соғады. Болған әңгімені сұрайды. Борамбай қынжылып: «Әттеген-ай, алты арыс Орта жүздің арасында мынадай ұлы дүбір болды дегенді естіген жоқ едік, Мына Батыраш пен Қотыраш елдің ұйытқысын бұзайын деген екен», – депті.
Мұнан кейін Алтай-Қарпықтың еліне мың жарым кісі аттанып, Батыраш пен Қотыраштың елін шауып, Құлагерді өлтірген елдің екі адамын өлтіріпті.
Сонымен, Батыраш, Қотыраш Ақмола мен Көкшетаудың арасындағы қалың Керейге ат шаптырып, көмекке шақырады. Бұған Сағынайдың Нұрмағамбеті: «Біз бармаймыз, менің әкемнің асында бүлік шығарып, жазықсыз жануардың қанын төкті. Тілімді алса Ақсары, Күрсары, Матақай, Самай елдері Батыраш, Қотыраштың бұл бәлесіне қосылмайды», –
депті. Сонымен, Керейді ерте алмаған Батыраш, Қотыраш Борамбайға хабар салады. «Алтай-Қарпық, Атығай, Қарауылмен арамызға билігіңді айтып, бізді тындыр» дейді.
Борамбай мақұл деп «Қар кетіп, мамыр туа Көкшетаудың күңгей бетіне даулы екі ел үй тіксін. Сол жерде алты арыс Орта жүздің билерінің басы қосылсын» деген.
Айтқан күнге үй тігіліп, әр рудың билері жиналыпты. Екі жақ дауласып болғаннан кейін осы дауға Борамбай мынадай билік айтыпты:
«Тұлпар мен сұңқарға баға жоқ. Тұлпардың құны – тұлыбы толған тіллә болады. Сондай тұлпарды өлтірген екі адамға құн жоқ. Батыраш, Қотыраштың қос бозы екеуі екі жылқының орнына Құлагердің құнына төленеді»  дейді.
Осы билікті алты арыстың билері: «Қос бозды Құлагердің құнына берілсін дегені әділ билік болды» деп тарқасыпты.
Мұнан соң тентек-телі тыйылып, ел арасындағы зорлық, зомбылық тоқтапты.

Мұсатай ҒАЛЫМ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар