Мешітбайдың Сұркиігі

«Арқа ажары» газетінің өткен  сандарының бірінен әріптесіміз Смағұл Рахымбектің атақты  жазушы Сәбит Мұқанов-тың Ерейментауда болған-дығы жөнінде  шағын ма-қаласын оқыдық. Аталмыш мақаладағы қайсыбір деректерде жаңсақтық кеткенін көрген соң, үнсіз қалудың реті келмеді.

Автор Сәбит Мұқановты Ерейментау жеріне 1956 жылы сарша тамызда келген деп жазады. Анығында, Сәбит Мұқанов Ереймен жеріне 1967 жылы желтоқсан айында келген. Ол туралы жазушы Жайық Бектұров өзінің «Енеден ерте айырылған төл секілді…» атты естелік кітабының («Қазақстан» баспасы, 2002 ж.) «Ел кезгенде, сөз тергенде» деген тарауында: «Жазушы Сәбит Мұқанов бастаған бір топ адам 1967 жылғы декабрьдің басында жерге әлі қар түспеген, тек шөп басына қырау тұрған, сонда да су қатқан кезде Ереймен тауын араладық»  деп жазады (483-бет).
С.Рахымбек аталмыш мақаласында: «Сәбеңнің мақсаты сол елдегі әйгілі Әлдебек саятшымен кездесіп, Сұркиік атты тазысының бір күшігін қалап алу екен. Бірақ, Сәбең сол жолы бұл арманына жете алмаған көрінеді. Себебі, бұл кезде Әлдебек саятшы өмірден өтіп кеткен және оның әйгілі тазысынан ұрпақ қалмаған болып шығады», – депті.
Енді бір-екі ауыз сөз осы Сұркиік жөнінде. С.Рахымбек жазып отырған Әлдебек деген адамның Сұркиік тазыға ешқандай қатысы жоқ. Тазының иесі  Өлеңті бойындағы Ажы ауылының тұрғыны Мешітбай Айтжанұлы деген адам болған. Енді оқырманға түсінікті болу үшін өткен тарихтан бірер ауыз сөз қозғай кетейік.
Астанадан Ерейментауды басып, Павлодарға қарай жол жүрген адам біледі, Ерейментау ауданының шекарасы бітер тұста Өлеңтінің өзені ағып жатыр. Тас жол осы өзеннің үстімен өтеді. Бұл өзен сонау ерте замандардан-ақ Ерейментауды жайлаған Қанжығалы елі мен Баянауылды қоныстанған Сүйіндік елінің арасындағы шекара болған. Қазіргі күнде де Павлодар мен Ақмола облыстарының арасындағы шекара іспеттес болып жатыр.
Тағы бір айта кететін жайт, Өлеңті өзені кешегі патша заманынан бері екі елдің арасындағы не түрлі дау-дамайға себеп болып келген. Қанжығалылар сүйіндіктерді Өлеңтіден бері өткізбейміз десе, сүйіндіктер оларды әрі өткізбейміз деп, үнемі тартыста жүрген. Осының аяғы 1831 жылы «Ереймен жанжалы» деген атаумен тарихта қалған қанды оқиғаға ұласады…
Бір қызығы, кеңес өкіметі орнағасын да, Өлеңтінің өзені екі облыстың арасында шекара болып қалған. Осы өзеннің арғы бетінде Ажы, Бозтал деген екі ауыл бар. Бұл ауылдар 1939 жылға дейін Павлодар облысының Баянауыл ауданына қараған. Бірақ, Баянаула Өлеңті бойынан 200 шақырымнан артық жерде тұр. Ол уақытта салт атпен жүретін кез, Баянауылдан шыққан өкілдердің Бозтал мен Ажыға қатынасуы қиын болады. Тіпті, қыс ішінде ауданнан өкіл болып шыққан бірер адам далада үсіп қалыпты. Осыдан кейін Баянауыл жағы «бұл екі ауылды бізден алып, Ақмола облысына беріңіздер» деп жоғары жаққа өтініш жазады. Сөйтіп, Ажы мен Бозтал 1939 жылы Ақмола облысының Ерейментау ауданына берілген екен. Жоғарыда аты аталған Сұркиіктің иесі Мешітбай Айтжанұлы деген осы Ажы ауылының адамы.
Ұзамай Ұлы Отан соғысы басталады. Жаңағы Баянауылдан бөлінген екі
ауылды Ерейменнің тау ішіндегі ауылдарына қосып, колхоз құрады. Жоғарыда аталған Ажы ауылын қазіргі Ерейментау қаласының сыртында 15-20 шақырым жерде тұрған Жарық деген ауылға қосып, бір колхоз етеді. Колхоздың төрағалығына Әндіржанның Қалиәкпары деген кісі тағайындалып, ал Айтжанның Мешітбайы оның орынбасары болады.
Бұл екі адамды шынын айтқанда, құдай қосқан деуге болады. Қалиәкпар Қанжығалының Лабашы деген атасынан тарайды, өзі елге сыйлы, түсінігі мол және аңшылыққа құмар, сері көңіл адам болса керек. Ал, Мешітбайдың түп тегі Баянаула-Қызылтаудың сүйіндігі, оның ішінде Құлболды-Күлік, өзі домбыра шертіп, ән салатын, серілік, саятшылығы бар адам екен. Соғыстың қайнап тұрған кезі. Сол уақытта төменгі Ақкөл-Жайылма елінен (қазіргі Екібастұз қаласының аумағы) Сұркиік деген алғыр тазының атағы шығады. Иесі Рымжан деген адам саятшылықтан алыстау, қарапайым кісі болса керек. Тазының алғырлығы сондай, иесімен ат шананың үстінде келе жатып, кездескен қасқырды қуып жетіп, ала береді екен. Сұркиіктің атағын естіген Қалиәкпар мен Мешітбай қалайда алғысы келеді. Ақыры Ақкөл-Жайылмаға барып, Рымжанмен жолығып, оның тілін тауып, тазыны саудалап алуға сөз байласады. Сөйтіп, Рымжанға бір құнан, бір құнаншығар тайынша, үш пұт астық беріп, тазыны алып келіпті.
Байқасақ, тазының өтеуіне берген мал мен астық кезінде әркімнің қолы жете бермейтін байлық деуге болады. Мұндай іс Сталин заманында нағыз бас кететін шаруа. Халық бір уыс бидай үшін сотталып жатқанда, бұлар мұндай қадамға қорықпай қалай барған деп ойлайсың. Дегенмен саятшылық, аңшылық құмарлық ештеңеге қаратпаса керек. Оның үстіне сол кездегі халықтың ауызбірлігі де мықты болғанға ұқсайды. Әйтпесе, біреу-міреу «түртіп» жіберсе, екеуі де айдалып кете барады ғой.
Бірақ, кейін Қалиәкпар сынды асыл азамат түкке тұрмайтын бір іс үшін ұсталып кетіп, содан оралмапты. Әңгіме былай. Ол кісі кейін «Алғабас» колхозының төрағасы болып ауысады. Колхоздардың әлі жүдеулеу уақыты. Мал бағуға мінетін ат та жоқ. Қалиәкпар сол төңіректен өтіп бара жатқан сығандарға бір өгіз беріп, малға мінетін бір мықты ат айырбастап алса керек. Кейін осыдан көрсетінді болып, біржола кете барады.
Енді Сұркиік жайлы әңгімеге ауыссақ. Көзі көрген ақсақалдардың айтуынша, Сұркиік сары-сұр түсті, тұрқы биік, басының үлкендігі тайынша-тананың басына пара-пар, қол-аяғы жуан, жүндес, ірі ит болыпты. Бір ерекшелігі, топ қасқырға жалғыз шаба береді екен. Негізгі әдісі – жетіп алған соң, бір бүйірге қарай шығып

кетіп, қасқырды екпіндеген бетте омыраумен соғады екен. Төрт-бес домалап кеткен бөріні алқымынан бірер мытып алып, әрі қарай басқасын қуып кететін деп қариялар жырдай қылып әңгімелеп отыратынын естігенбіз бала күнімізде. Сұркиіктің тағы бір ерекшелігі, адам таңдамайды екен. Бала апарып қосса да, үлкен қосса да, көзіне көрінген қасқырды ала берген. Ол уақытта ит-құстың мол уақыты. «Қасқыр ауылдың іргесіне дейін келеді, өзенде мұзда ойнап жүргенімізде, анадайдан қасыр көрсек, «кәһ-кәһлап» ауылдан Сұркиікті шақырып аламыз да, қосып жібереміз, әлгі қасқырды тағы сондай жер жібермей, қағып түсіретін», – деп еске алады соғыс уақытында бала жасында болған қариялар.
Сұркиіктің тағы да бір қасиеті, ешқашан бөтен итпен таласпаған. Тіпті мазасын алып, ауыз салмақ болғандар болса, оларға басын сәл бұрып, азу тісін көрсетіп, бір «ыр» етіп, жүре береді екен. Және бір ерекшелігі,  ит болып кісіге үрмеген деседі. Сұркиікті ауыл адамдары ит емес, дәл бір адам секілді сыйлаушы еді, Мешеңмен (Мешітбай) еріп қонаққа бірге барса, үй иесі оның сыбағасын алдына бөлек салып береді дейтін сол заманды көзі көргендер. Кейде өзі ауылды аралап, үй-үйлерге кіріп, кей үйдің төріне барып арыстай болып жататын көрінеді. Барған үйі «Сұркиік келіп қалды» – деп, құр жібермейді, аузына бірдеңе тосады екен.
Сол уақыттардан жеткен, бала күнімізден құлағымызда қалған мынадай бір әңгіме бар. Соғыс уақыты. Ауыл аралап жүрген Сұркиік үйренген әдетімен бір үйге кірем дегенде, әлгі үйдің әйелі: «Кетші әрі, өзіміз тамақ таба алмай отырғанда, сен-ақ сүмеңдеп келе береді екенсің!» – деп, қолындағы көсеуімен сілтеп қалыпты. Сұркиік үн-түнсіз шығып жүре береді. Кейін осы әйел әлде бір шаруамен Мешеңнің үйіне барғанда, ғұмыры кісіге қарап үрмейтін Сұркиік әлгі әйелге қарап арс ете қалады. Сол кезде тұмсығының ұшы әйелдің кеудесін сәл ғана жалап өтсе керек. Кейін осы әйелдің кеудесіне жара шығып, ауырып, ақыры содан қайтыс болады.
Енді бірде Мешеңе еріп Жарық ауылына барған Сұркиікке сол жердегі бір есерсоқ адам ит қосып, тас атып, әбден әуре қылыпты. Кейін сол адам салт атпен Ажыға келмей ме. Әлгіні көрген Сұркиік атылып барып, аттың үстінен қағып түсіріп, алдыңғы екі аяғымен кеудесінен басып біраз тұрады. Жаңағы байғұс есінен танып қалыпты.
Бала күнімізде елдің үлкендері Сұркиік жайлы небір әңгімелерді айтып отырушы еді. Бірақ, оны зерделеп тыңдаған кім бар. Енді міне, Сұркиік туралы есте қалған шамалы әңгіме осы ғана. Қазір оны көзімен көрген қариялар да таусылып бітті. Ал, кезінде бұл туралы дерек іздеп, жаза қойған адам жоқ секілді. Енді Сұркиіктің тұқымы қайдан шыққан деген әңгімеге келсек, негізі Ерейментаудың өзінің көкқасқа тазыларының тұқымы деген сөз бар. Бұлар сонау Бөгенбай заманынан қазақ даласына әйгілі болған, ерейментаулық көкқасқалар деседі. Және қоян мен түлкі қағатын шиборбай, тықыр жүнді тазылар емес, үлкендігі кішігірім бұзау-тайыншаға бара-бар, қол-аяғы сом, жүні қарыстан асатын, азулы, ірі тұқым болған.
Оның үстіне, Ақкөл-Жайылма жерін ерте замандардан бері Тентек-Қанжығалы болысы жайлаған, Ереймендегі елмен түбі бір ағайын. Тіпті бұл болыс 1883 жылға дейін Ақмола уезінің құрамында болып, Ерейменнің тауларын қыстап жүрген. Сондықтан, көкқасқалардың тұқымы Ақкөл жақта болуы әбден мүмкін.
Осы көкқасқа тазылардың тұқымы, айтулы екі аққасқа тазыны 1925 жылы Әлкей Марғұлан Ерейментаудың оңтүстік-шығыс бөктеріндегі бір
ауылда тұратын Оспан деген аңшыдан қалап алып, Семейге Мұхтар Әуезовке Ертіс арқылы кемеге салып апарып бергенін «Еңбекпен өткен өмірім» атты мақаласында жазады. Осыдан кейін көкқасқалардың тұқымы Шыңғыстау өңіріне де тарап кетіпті.
Енді Сұркиік әңгімесіне қайтадан оралсақ, одан тараған талай-талай алғыр тазылар болады. Бірақ, кейін құнттайтын адам болмағасын, олар да таусылып немесе басқалармен қаны араласып, азып кеткен секілді.
…Сұркиікті қартайған шағында бір жасөспірім бала ауыл маңынан көрінген қасқырға қосады. Жонға қарай жыта қашқан бөріні қуып жеткенімен, баяғыдай кеудемен соғып құлататын хал жоқ. Қасқырға үш-төрт мәрте ауыз салады. Бірақ, тісі мұқалған қызыл иек сарт етіп шығып кете берсе керек. Қасқырды ала алмасын білген тазы қайтып келіп, қораның төбесіне шығып, екі-үш күндей назаланып жатып, жан тапсырыпты. Мешітбай саятшының баласы, қазір Екібастұзда тұратын Жұмабек ағамыздың айтуынша, бұл 1952-1953 жылдардың шамасы болса керек.
Бала күнімізде Мешеңнің қорасының артындағы қалың шидің ішінде бір кішкентай төмпешік болатын. Соны үлкендер Сұркиік жерленген жер деуші еді. Бүгінде ол да жермен-жексен болып кетті. Міне, ел ішінде «Мешітбайдың Сұркиігі» атанған иттің сырттаны жайлы біз білетін аз әңгіме осындай.

Сайлау БАЙБОСЫН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар