Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлытау тарихы – ел тарихы - АРҚА АЖАРЫ

Ұлытау тарихы – ел тарихы

Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқан уақыттан бері өзі саяси жүйесін қалыптастырып, елдік санасын бекітіп, дербес саясатын жүргізе білді. Сана еркіндігі ұлттық рухтың өрістеуіне жағдай жасады, жас ұрпақтың отаншылдық келбетін  күшейтті, халықтың мемлекетшіл санасын нығайтты.

Тарих тағылымы жаңа тәуелсіз мемлекет болған кезімізде ауадай қажет. Ал, бұл үшін біраз  алғы шарттар керек. Алдымен, халық өзінің әлемдік өркениеттегі орнын айқын білуі қажет. Тәуелсіз елдің мүддесін қорғау үшін өткенді біліп, бүгінгіні талдап, болашақты болжау керек. Бір сөзбен айтқанда ұлттық, тарихи сананы қалыптастыру өмір мүддесінен, тәуелсіз мемлекет мүддесінен барып туындайды.

Мемлекеттілікті тұғырлы ету ұрпақтың Отан алдындағы басты парызы десек, мұны отансүйгіш  ұрпақ қалыптастыру арқылы ғана қамтамасыз ете аламыз. Ал, ұрпақты отансүйгіш, патриот етіп тәрбиелейтін ұлттың тарихи санасы. Даналық тарихы – ұлтты тәрбиелейтін қуатты құрал десек,  адам өмірінің мәні кейінгі толқынға өзіндік із қалдырумен өлшенеді. Сол салынған сүрлеуге қарай тарих қойнауынан келе жатқан ұлт болмысы заман талабына сай жетілдіріліп, келер ұрпаққа аманат ретінде беріледі.
Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқан уақыттан бері өзі саяси жүйесін қалыптастырып, елдік санасын бекітіп, дербес саясатын жүргізе білді. Сана еркіндігі ұлттық рухтың өрістеуіне жағдай жасады, жас ұрпақтың отаншылдық келбетін  күшейтті, халықтың мемлекетшіл санасын нығайтты. Кеңестік үлгідегі тоталитарлық қоғам тұсында барлығымызға мәлім себептермен ұлт тарихының теориялық-методологиялық негіздері бұрмаланып, соның салдарынан ұлттық сана, тарихи таным мәселесінде дағдарыс пен бұрмалаушылық орын алды.       
Тарихтың міндеті – өткен заман бейнесін, ондағы түрлі оқиғаларды шындық жүзімен кейінгі ұрпақтың санасына жеткізу. Тарихи фактілер осы мақсатқа қызмет ететіндігі сөзсіз. Ұлттың отаншылдық, ұлтжандылық санасын ояту тарихи таным арқылы жүзеге асырылады. Осы орайда, отандық тарих ғылымы алдында ұлан-ғайыр міндеттердің тұрғанын көреміз.1995 жылы академик М.Қозыбаевтың басшылығымен Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы қабылданып, онда тарих ғылымының негізгі басымдықтары айқындалған болатын. Қазіргі таңда тарих ғылымы алдында тұрған ұлан-ғайыр міндеттерді шешіп, негізгі басымдықтарын айқындау мақсатында ұлттық тарихты зерттеудің  жаңа тұжырымдамасын жасау мәселесі көтерілуде. Бұл ірі концептуалдық тұжырымдаманың негізі жасалды да. Ұлттық тарих – Қазақстан тарихының негізгі өзегі ретінде Қазақстан халқының ұлттық-мемлекеттік бірегейленуінің негізі болуы шарт. 
Елдің елдік санамен тәрбиеленуі маңызды мәселе десек, елдік сана – ұлттық рухтың өзегі. Ұлттық рух ұлттық мүддеге қызмет етеді.Ұлтымыздың тарихына үңілген сайын елдік пен ерліктің, даналық пен ізгіліктің, отаншылдықтың үлгілерін жиі кездестіреміз.Ұлттық рухы биік мемлекет, ұлттық мүддесін қорғай білген мемлекет өзгелерге өзін мойындатып, әлемдік өркениеттен өзіне тиісті орнын иеленеді. Ал, Отан тарихынан отаншылдықтың, ұлтжандылықтың, ұлттық рухтың лебі еседі. Жаңа мың жылдыққа Қазақстан тәуелсіз, дербес мемлекет болып қадам басты. Әлеуметтік-экономикалық жүйе өзгерді. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың, БҰҰ-ның тең құқықты мүшесі болып, өз егемендігін заң жүзінде де, іс жүзінде де дүниежүзіне тегіс мойындатты. Яғни, дүниежүзі картасында Қазақстан атты өз билігі өзінде, өзгелермен терезесі тең жас мемлекет пайда болды. Қазақ халқы Қазақстан Республикасындағы мемлекетті құрушы негізгі  ұлт. Әлемде үш мыңға тарта ұлт бар, ал, мемлекеттер саны 226 ғана. Демек, саяси тәуелсіздікке қол жеткізіп, мемлекет құру оңай шаруа емес. Әлемдегі ең озық дамыған елдердің қай-қайсысының да  жоғары деңгейге көтерілуінің басты себебі – олардың өркениет көшінде өзіндік бет-бейнесін, ұлттық ерекшелігін сақтауы.   Қазақ  ұлтының ұлттық өзегі, ұлттық ұйысуының негізі, сан ғасырлық тарихын бүгінге жеткізуші ғана емес, сонымен қатар, бүгінгі ұлтты модернизациялаудың да бастауы – ұлттың тілі мен тарихы.
Тәуелсіздік туының желбірегеніне жиырма үш жыл толып отыр.  Өткен уақыт  тарих үшін қас-қағым сәттей болуы мүмкін. Бірақ, жылға бергісіз күндер, ғасырға бергісіз жылдар болады. Соңғы  жиырма үш жылда   жиырма үш ғасырға татитын оқиға болды десек, артық айтқандық болмас. Қазақстан қоғамында болып жатқан түбегейлі өзгерістер мәнін дұрыс түсіну үшін, реформаларды нәтижелі ету үшін елімізде жаңа таным жүйесі негізделді.  Ондағы мақсат ел тәуелсіздігін жан-жақты нығайту. Әсіресе, мемлекеттік рухтың, отаншылдықтың күшеюі, ұлтаралық келісім мен қоғамның топтасуы тәуелсіз мемлекетті нығайта түсетіндігі анық. Себебі,  ой мен таным түзелмей, іс түзелмейді. Тәуелсіздік танымы тәуелсіздікті қорғай білуге, елдің саяси тұрақтылығымен қатар экономикалық қауіпсіздігіне сүйенеді. Яғни, тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны шайқалтпай сақтап қалуға соншалықты күш- жігер қажет.
Тәуелсіздік ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсап жеткен арман-мақсатының айғағы. Арғы замандағы сақ, үйсін, ғұн, түркілерді айтпағанның өзінде, кешегі қазақ елінің шаңырағын көтерген Керей мен Жәнібек, босағасын бекіткен атақты Қасым, Хақназар, Тәуекел, Жәңгір, Есім, қазақ мемлекеттігін кемеліне келтіріп, елдігін еселеген әз Тәуке, халқымыз  «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырап, тарих сахнасынан жоғалып кету қаупі туғанда елдің айбынды басшысы   Абылай  билікті, даналықты, қаһарман халық күшін біріктірді.
Ел басына күн туған кезеңде ұлттық сана қалыптасты. Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Ұлытауда үш жүздің өкілдері қол қойған «таңбалы тас» шын мәнінде қазақтың тұңғыш Конституциясы болды. Қазақ бүкілхалықтық мүддені түсінер  іргелі ұлт санатына осылай жетті.  Осы орайда, Ұлытаудың тарихи маңызы ерекше. Бұл мекен қазақ халқының тұтастығына, үш жүздің бірлігіне ұйтқы болған қасиеті зор мекен. Бұл таудың арғы-бергі тарихы – бүкіл халқымыздың тарихы. Сондықтан, халықтың бірлігінің ұйтқысы болған осы тауды  қасиет тұтқан халық  Ұлытау деп бекерге атамаған.Ұлытау тарихының небір қалың қатпары арғы заманалар еншісінде жатыр. Тастағы қазақ руларының таңбасы дала руларының бірлік пәтуасына айғақ, тұтастығына белгі, ант беріп, ауыз біріктірген орны екенін көрсетеді. Бұның өзі қазақ руларының ерте заманда-ақ біріге бастағанын, ел болып топтасып, бас құрағанын көрсетеді.
 Мемлекеттіліктің бір күнде орнамайтыны және оны бір ғана ұрпақ құруы мүмкін еместігі белгілі. Қазақ мемлекеттігін құруға сан ұрпақтың сан ғасырлық ғұмыры мен күш-жігері кетті. Осы орайда, Елбасымыз Ұлытау төрінде берген тарихи маңызы зор сұхбатында халқымыздың шежірелі тарихы, көркем де бай, тұнық тілі, рухани діні және сонымен қатар, ел экономикасы мен қазіргі таңда әлемде қалыптасып отырған халықаралық саяси мәселелер төңірегінде өз ойларын ортаға салып, көкейімізде жүрген сұрақтарға жауап берді. Азаттықпен келген шығармашылық бостандық тарих ғылымында түбегейлі өзгерістерге жол ашты. Өйткені, тарих ғылым мен пән ретінде аса маңызды білім саласына жатады. Бүгінгі жас ұрпақ өз елінің, жерінің, ата-бабаларының тарихын жете білуі және оның жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп, қорытынды жасауы керек. Тарихымызды тереңнен тану, оны оқытуды дұрыс жолға қою мәселесінде алдымызда тұрған, атқарылуға тиісті мәселелер де ауқымды. Тәуелсіздікті құрметтеу, тәуелсіз елдің азаматы бола білу оның қадірі мен қасиетін түсінудің айқын жолы. Ол  өз халқыңның жүріп өткен тарихын білуге, құрметтеуге барып тіреледі. Ұлытау төріндегі халқымыздың өткені мен бүгіні жөнінде келелі пікір білдірген Елбасы пікірінің  түп қазығы – патриоттық тәрбиеде жатыр. Мемлекет басшысы бұл жөнінде «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр» деген болатын.
Ұлытау – қазақ үшін Отан ұғымының шығар шыңы болса, Көкшетау жері – еліміздің қорғаны болған хандарымыздың киелі ордасы. Қазақ тарихының түйінді мәселелері шешілген Абылайдың ақ ордасы қонған  Ақмола – Көкшетаудай шежірелі өлке тарихын жете зерттемейінше, қазіргі Қазақстанның толық тарихын жасау мүмкін емес.  Солтүстік өңір, оның ХХ ғасырдағы тарихы қазақ халқының өмірімен аумақтық тұтастығына  қатысты оқиғаларда көрнекті рөл атқарған.  Әсіресе, ХІХ-ХХ ғасырлар тарихы жаңа пайымдауларды қажет етеді, өйткені, бұл өңірде  Ресей империясының отарлау кезеңдеріне байланысты болып келетін мәселелердің кейбір қырлары әлі де толықтай ашылған жоқ.  Мысалы,  бүгінгі таңдағы өңір тарихындағы ең өзекті мәселе, біздің өңірде орын алған полиэтникалық үдерістерге тиісті талдаулар жасалынбай келеді. 
Жер тарихы – ел тарихы десек, қазіргідей түрлі геосаяси қатерлер төнген заманда жер-судың бұрынғы атауларын қайтарып, тарихи шындықты қалпына келтіру кезек күттірмес мәселелердің бірі болып табылады. Осы бағытта Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тарихшы-ғалымдары бірқатар жұмыстар атқаруда. Бұл жұмыстар нәтижелі болуы үшін университет ғалымдары  облыс әкімдігімен бірлесе отырып, «Ақмола облысының тарихи топонимикасы» атты ғылыми-зерттеулер жұмысын  жүргізуді жолға қойса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл арқылы өлкедегі географиялық атаулар,  яғни, елді мекендер, көше, саябақ, өзен-көлдердің аттарының тарихын зерттеуге мүмкіндік туары сөзсіз. Сонымен қатар, тарихшы ғалымдардың өлке тарихына қатысты зерттеу еңбектерін қалың жұртшылыққа таныстыру жұмыстары  белсенді түрде жүргізілсе, қазіргідей жеріміздің тұтастығы мәселелеріне байланысты әртүрлі бағыттағы пікірлердің алдын алу шаралары бойынша бірқатар жұмыстар атқарылар еді.  Бұл жұмыстар жүйелі түрде бір орталықтан басқарылса, нәтижелі болар деген ойдамыз.
Ұлттық тарихты өзінің деңгейіне көтеру үшін тарихи-ұлттық сананы, ұлттық танымды қайта қалыптастыру құралына айналдыруды ойласақ,  бұл мәселелерге  жете назар аударуымыз керек. Саяси және мәдени-рухани саладағы бүгінгінің шешілмей жатқан көптеген проблемалардың түп тамырлары осы кезеңдерде жатқандығы күмәнсіз. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында, оның мемлекеттік мүддесіне сай халықтың тарихи санасын қайта қалыптастыру елдің айқын келешегі мен ұрпақтар сабақтастығы үшін аса қажет екені белгілі. Бұл тұрғыда тарих ғылымының атқарар рөлі де, көтерер жүгі де  ауыр. Елдің ұлттық нышанын, тарихи дәстүрі мен мәдениетін сақтап, келер ұрпаққа жеткізудің жауапкершілігі зор. Бұл мәселеге жете мән берген Елбасы  Қазақстан  тарихы пәнін оқытуды дұрыс жолға қойып, жастарымыздың Отан тарихын білу қажеттігіне  баса назар аударып отыр. Бүгінгі таңда мемлекетіміздің тұғырын биіктетер мәселелер көбейді. Солардың негізгісі болып, тәуелсіз еліміздің біртұтас халқының ортақ мүддесі бекіді. Ол мүдде тәуелсіздігімізді нығайта отырып, Қазақ елінің Мәңгілігін  баянды ету болып табылады.
Тарих – тәуелсіздік тірегі.Тәуелсіздік жолы күрес жолы. Тарихқа тағзым – отаншылдықтың, ұлтжандылықтың белгісі. Ұлттық тарихымыз ұлттық мақтанышты күшейтудің, отаншылдықты, елжандылықты арттырудың қуатты тетігі.  Ал, отаншылдық сезім ұлы істердің бастауы болып табылады.  Сондықтан,  болашақ ұрпақты жасампаздыққа үйрету парыз, ал, жасампаздық білім мен өнер арқылы келеді. Ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы мемлекетімізді алға қарай лайықты түрде алып жүре алатын білімді әрі дарынды ұрпақ  болуы тиіс.   
    Ақбота БЕКСЕЙІТОВА,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің деканы, тарих ғылымдарының  кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар