Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
 «Ақбасымнан» артығы жоқ - АРҚА АЖАРЫ

 «Ақбасымнан» артығы жоқ

Ел ішінде төрт түлік малдың басын көбейтіп, ақадал еңбегімен босағасына береке байлап отырғандар аз емес. Малсақ қауымның осы бір өнімді ісі өзгеге өнеге болуға әбден лайықты.

Жақсының жалпақ даласы мал бағуға біршама қолайлы өлке. Терісаққан төңірегі қара отқа тұнып тұр. Терісаққан ауылының тумасы Сейілбек Жолдыбаев 2007 жылы «София» шаруа қожалығын құрған. Ауқымды істі бірден қолға алмағаны да белгілі. Әуелі қабырғасымен кеңескен. Қарап отыруға болмас, тырбанып тіршілік еткен ләзім. Бірақ, салмағы бесбатпан шаруаны қай тараптан өрістеткен дұрыс, қолынан не келер еді, қай істі бастаса қайтарымы болады деген сан алуан сауал түн ұйқысын төрт бөліп, тынышын әбден кетірген. Ақыры ата кәсіп мал бағуды жөн көрді.

Оның ішінде де бейнеті бесбатпан қара мал. Солтүстікте қыс ұзақ. Қара мал табандатқан жеті ай бойы қолға қарап, қорада тұрады. Қыруар жемшөп қажет. Ал, оны дайындау үшін техникаң сақадай сай болуы керек әрі жайылым мен шабындықтың да жеткілікті болуы шарт. Міне, осы мәселелерді егжей-тегжейлі ой елегінен өткізген Сейілбек мал баға қалған күнде тұқымын асылдандыру керек деп шешті. Кешегі кеңес заманында бұл төңіректе қазақтың ақбас сиыры бағылатын. Мыңдаған малды бағыты белгісіз «бартердің» жұтып қойғаны да шындық. Талай кеңшарлар тақырға отырып қалды емес пе?!

Әуелі аздан бастаған. Әйтсе де, ойына алған шаруа оңынан оңғарылып, тепкен тасы өрге домалай бастады. Енді бір сәт оның серпін берген себебін айта кетелік. Шаруа қожалығының басшысы мал тұқымын асылдандыруға ден қойған. Онда да бағым-күтімін, ерекшелігін, ең бастысы артықшылығын жақсы білетін қазақтың ақбас малы. Негізінде мал баққан қазақ қауымы төрт түлік малын табиғи сұрыптаудан өткізіп, төл туындысына айналдырды десек артықтығы жоқ. Бір ғажабы, мал да табиғатына тартады екен. Мәселен, оңтүстікте, әйтпесе шығыста бағылған сиырлар бойшаң әрі ірі денелі болып келеді.

Табиғаты қаталдау, қуаң аймақтарда өсірілген сиырлардың денесі шағындау болғанымен, табиғаттың қатал сынына төзімді. Ал, ақбас сиыр малшының маңдай терін ақтайтыны даусыз. Оқырманға түсінікті болуы үшін төл малымыз туралы бір ауыз сөз айта кетсек артықтығы болмас. Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, қазақтың нағыз ақбас қара малы түсі қызыл, бауыры мен сирағы ақ болады. Кеудесі кең, мейлінше етті, аяқтары қысқа әрі берік келеді. Малмен көзін ашқан малсақ қауымның айтуына қарағанда, әбден жетілген бұқасының орташа салмағы 800-900 келі төңірегінде. Сиырының өзі 450-500 келі салмақ тартса керек.

–Жеті-сегіз айлық торпақтар 200 келіге еркін жетеді, – дейді шаруа қожалығының басшысы Сейілбек Жолдыбаев, – мен қаңтар айында төл аламын. Сонда бұзауларым күзге дейін әбден көтеріліп, бойларына ет жинап, өсіп қалады. Атам қазақ, мал баққанға бітеді деп тегін айтпаған. Мал басы көбеюі үшін сол малдың ішінде өзің жүріп, бейнетін белден кешсең ғана берекенің ауылы жақындайды. Ілкіден қалған ғибрат осы.

Ілкіден демекші, бағзы заманнан бері төрт түліктің жайын біздің жұрт жетік білген. Кейбір тарихи шығармаларда Алаш даласында көк шалғыны белден келетін жайылымда өскен қазақтың қара малының еті Ресейдің базарларында жақсы бағаланғаны жазылған. Иен даланың төсін төрт түлік толтырғаны да анық.

Мәселен, Торғай өңірінде 1895 жылы бір адамға шаққанда 13 бас сиырдан келген. Міне, осындай құтты өңірде қазір де азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төрт түліктің өз төлі есебінен көбейтіп, мыңғыртып өсіруге әбден болады. Ол үшін тек ынта мен жігер болсын деңіз. Бағымындағы мал басын асылдандырамын деп алға ұмтылған шаруа қожалығының басшысы соңғы он жылдың ішінде бес мәрте асыл тұқымды бұқа сатып әкеліп, табынға қосыпты. Бұл тарапта мемлекеттен көрсетіліп жатқан көмекке де дән разы. Өйткені,  әр бұқа үшін субсидия ретінде шығынының дені өтеліп тұр.

–Қазір мал бағамын деген адамға барлық жағдай жасалған, – дейді Сейілбек Жолдыбаев, – тек ерінбей еңбек ете білу керек. Сонда ғана ырыс үйіріледі.

Қолдағы қара малдың тұқымын асылдандыру үшін герефорд тұқымдас бұқа да әкелген. Малсақ жанның айтуына қарағанда, ақбас екеуінің арғы тегі бір. Қан араласқанның кесірі жоқ, қайта будандасқан тұқым өсімтал келмек.

–Ақбас сиыр нағыз қазақтың төл малы. Біздің табиғатқа әбден жерсінген, қысқа төзімді. Қақаған аязға қыңбайды. Тек өткір желдің өтінде қалмаса болғаны. Төлдері де тез аяқтанып кетеді. Бұзаулары да ертерек ет жинайды. Мал азығының кез-келген түрін жей береді. Ең бастысы, еті мол болғандықтан, еңбегің өтеледі.

Етті бағыттағы мал өсіріп отырғанымызбен, сүтін де сауып, қажетімізге жаратудамыз. Осы арада ақбас сиырлардың сүт көлемі аздау болғанымен, құнарлылығы мен майлылығы жоғары екенін айта кетуіміз керек. Әрине, шаруашылықты ұйымдастырудың өзіндік қиыншылықтары да, қолбайлау болатын тұстары да баршылық. Мәселен, әріге бармай-ақ өз ауданымыз туралы әңгіме өрбітер болсақ, ең алдымен жайылымдық және шабындық жерлердің аздығын айтуға болар, бірақ, қазір мемлекет тарапынан бұл мәселеге қатты көңіл аударылып жатыр.

Бұрынғыдай ұлан-байтақ жерді бауырына басып, не өзінің, не өзгенің кәдесіне жаратпай, босқа иемденудің тамырына балта шабылады екен. Дұрыс емес пе, жер бос жатпауы керек. Ол  – игіліктің бастау көзі. Берекесін ел көрсін. Бірақ, осы арада ел ішінде еңбекке ұмтылыс, адал еңбегімен жанын жалдап күн көремін және сол еңбегіммен жалпы қоғамға пайдамды тигіземін деген ұмтылыс болуы керектігін сыналап айта кетсем, артықтығы болмас деп ойлаймын. Екі қолға бір күрек таба алмай қаңтарылып отырған жастарды көргенде қынжылатынымыз рас. Ақыл айтуға әркім де шебер, бірақ, құрғақ ақыл қырға шығармайды. Адам өзгеге өнеге көрсету үшін өзі еңбек етуі керек.

Шаруа қожалығының бағымындағы жүзге жуық қара малға әбден жететін жайылым және шабындық жерлері бар екен. Мал суаруға қажетті құдықтарын қазып алыпты. Жаз бойы көрші шаруашылықпен бірлесіп мал бағады. Бір-бірінің шаруасына қолғабыс көрсетеді. Ел ішінде отырған соң онсыз тағы болмайды. Ең бастысы, елдің бағымындағы мал тұқымы сәл де болса осындай еңбекқор, тындырымды адамдардың арқасында жақсарып келеді. Демек, табыс та мол болмақ. Асыл тұқымның аты асыл емес пе?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Жақсы ауданы,
Терісаққан ауылы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар