I. Қала сыртына салынған мектеп…

Өткен бейсенбі, жұма күндері кезекті жұмыс сапарымен Бұланды, Сандықтау аудандарын аралаған облыс әкімі Сергей Кулагин осы өңірлердегі істің жайына назар аударып, аудан активтерінде Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын жаңа міндеттерді белгіледі және жылды ойдағыдай аяқтаудың басты мәселелерін қарастырды.

Бұланды өңірінде өндіріс өрге басып, халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді. Мұны ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуынан айқын аңғаруға болады. Бұған Аққайың негізгі мектебінде болғанымызда көз жеткіздік. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға берілген білім ордасында бүгінгі күні 60-тан астам оқушы білім алуда. Мектеп құрылысын салуға бюджеттен 284 миллион теңге қаржы бөлінген көрінеді. Сонымен қатар, мұнда шағын орталық та жұмыс істейді. Онда 20 бүлдіршін тәлім-тәрбие алуда. Осынау білім ордасының пайдалануға берілуі жүзден астам түтіні бар ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болып отыр.
– Мектебіміз қазіргі заманға лайықталып салынған. Осында немеремді әкеліп отырамын. Білім ордасында балалардың тәлім-тәрбие алуына барлық жағдай жасалынған. Балалар ыстық тамақпен қамтылған, –  дейді ауыл тұрғыны Амантай Сүгірбаев.
Бұдан кейін өңір басшысы «Фирма Нанар» серіктестігінде де болып, мал шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынған жұмыстардың барысымен танысты. Сондай-ақ, Макинск қаласында тұрғызылып жатқан 420 орындық жаңа мектептің құрылысы және апатты деп танылған № 4 орта мектептің жағдайына назар аударды. Осы орайда, облыс әкімі Сергей Кулагин жаңа білім ордасының қала сыртына салынып жатқанын қатаң сынға алды.
Сонымен қатар, өңір басшысы Степ-
геология кентіндегі модульдік қазандық-тың, газды бетон блоктарын өндіретін «KVARTA KSI» және базальт негізінде жылу оқшаулағыш материалын шығаратын «POLITERM» серіктестіктеріндегі зауыт құрылысын аралап көрді. «KVARTA KSI» серіктестігінің жылдық қуаты
50 000 текше метр газды бетон блоктарын шығаруға мүмкіндік береді. Мұндағы жобаның жалпы құны 950 миллион теңгеге бағаланып отыр. Қазіргі уақытта, бұл жерде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, нысанды іске қосу 2015 жылдың сәуіріне жоспарланған.
Ал, «POLITERM» серіктестігінде жылына 34 миллион тонна базальт негізінде жылу оқшаулағыш материал өндірілмекші. Бұл жобаның құны 5 миллиард 552 миллион теңгеге бағаланып, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жаңа зауытты итальяндық қондырғымен жабдықтау жоспарланған. Келер жылдың ортасында кәсіпорынды іске қосу көзделіп отыр. 
– Біз отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетеміз, әлі де қолдау көрсететін боламыз. Бұл ретте, сіздердің өнімдеріңізге деген сұраныс арта түседі. Ең бастысы, шамамен 200-ге жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтитын боламыз, – деді өз сөзінде облыс басшысы Сергей Кулагин.
Сапар соңында облыс әкімі аудандық мәдениет үйінде аудан активімен кездесті. Онда аудан әкімі Қуандық Еспергеновтің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі баяндамасы тыңдалып, облыстың дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар бұландылықтар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

II.Оқушылар тілегі ескеріледі

Сандықтау ауданында облыс әкімі Сергей Кулагин Лесной селосындағы Мәдениет үйін аралап көріп, жылу жүйесін тәртіпке келтіруді тиісті басшыларға тапсырды. Село жастары көркемөнерпаздық шығармашылықты дамытуға белсене атсалысып жүр. Мұнда вокальдық, драмалық және би үйірмелері мен әртүрлі клубтар жұмыс істейді. Облыс басшысы мәдениет үйіне қазіргі заманғы музыкалық аппаратура сыйлады. Одан әрі облыс әкімі 316 оқушыға арналған орта мектепке ат басын тіреп, оқу бөлмелерін аралап көрді. Білім ұясы түлектерімен және мұғалімдермен кездесіп, мамандық таңдау жөнінде сөз қозғады. Мектеп түлектері өздерінің педагог, дәрігер және энергетик мамандықтарын таңдағандарын жеткізді. Араларында суретші, шаштараз бен аспазшы боламын дегендер де бар. Әңгіме барысында оқушылар  облыс басшысынан мектеп командасы үшін хоккей формасын сатып алуға ықпал етуді өтінді. Балалардың тілегі Тәуелсіздік күні орындалатын болды. Мектеп өткен жылдары күрделі жөндеуден өтсе, биылғы жылы 150 мың теңгенің ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Мұнда әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін ыстық ас беріледі. Өңір басшысы мектепке 5 «Zinger» тігін машинасын сыйлады. Бұдан соң ол мектепте ашылған шағын орталықта болып, бүлдіршіндерді жаңа ойыншықтармен қуантты.
Облыс басшысы «Балкашинский» асыл тұқымды зауыты» серіктестігіндегі мал шаруашылығы базасында болды. Шаруашылық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Речной селосының автокөлік жолы мен әлеуметтік саланың нысандарын жөндеуге 250 миллион теңге жұмсаған көрінеді. Егістік алқаптарды өңдеу үшін екі «АН-2» ұшағы және жаңа техникалар мен механикаландырылған қырман сатып алыныпты. Кәсіпорын егіншілікпен қатар қазақтың ала бас ірі қараларын өсіретін репродуктор – шаруашылық болып табылады. Бүгінгі таңда шаруашылықта 2176 бас ірі қара мал бағылады. Оның 583-і жылқы. Өткен жылдары жоғары өнімді 580 бас ангус тұқымдас ірі қара сатып алынған. Жыл басынан бері 103 тонна ет өндірілген көрінеді. Облыс әкімі Сергей Кулагин Петровка селосында орналасқан «Сандықтау-Астық» диірмен кешенін де аралап көрді. Мұнда тәулігіне 70 тонна астық өңделіп, 50 тонна ұн тартылады. Диірмен қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған. Дайын өнімдерді сақтайтын қоймалар  бар. Кәсіпорын Астана қаласын, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстанды ұнмен қамтамасыз етуде. Одан әрі өңір басшысы аудандық мәдениет үйіне ат басын тіреді. Жыл басынан бері мұнда бірқатар мәдени шаралар өткізілген көрінеді. Мәдениет үйі қазіргі заманғы музыкалық, жарық және дыбыс қондырғыларымен жабдықталған. Биыл да бірнеше музыкалық аспаптар сатып алыныпты.
Бұдан кейін аудан активінде жұмыс сапарының қорытындысы шығарылды. Аудан әкімі Ербол Сағдиев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. Шара барысында өңір басшысы бір топ озат еңбеккерлерді Құрмет грамотасымен марапаттады.

Сандықтау ауданы.

Суретте: марапаттау сәті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар