Жүздесуге уақыт тапты

Жақында 2000  жылғы Сидней  Олимпиадасының чемпионы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты  Ольга Шишигина Астрахан ауданында болып, спорт сүйер қауыммен әсерлі кездесулер өткізді. 

Аудандық білім бөлімі ұйымдастырған бұл шара барысында ел мақтанышына айналған желаяқ спортшы алдымен, балалар және жасөспірімдер спорт мектебі мен балалар  шығармашылығы үйіндегі мұражайда  болды. Бұдан кейін жылы жүздесу  аудандық мәдениет үйінде  жалғасын тапты. Атақты спортшымен кездесуге ұстаздар мен мектеп оқушылары, аудан басшылары, спорт ардагерлері мен өңірдің бетке ұстар спортшылары, қоғамдық жұртшылық өкілдері көптеп  қатысты.
Аудандық мәслихаттың хатшысы В.Собескийдің құттықтауынан соң көпшіліктің назарына  атақты спортшының осы саладағы толайым жетістіктеріне арналған бейнебаян мен спорттық-музыкалық бағдарлама ұсынылды. Кеш қонағының әңгімесі де жақсы әсер қалдырды. Олимпиада чемпионы өзінің алғаш спортқа қалай келгенінен, аянбай тер төгуінің арқасында биік шыңдарды бағындырғанынан тартымды сыр шертіп, жастарды спортқа, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Ара-арасында жұртшылық тарапынан қойылған әртүрлі  сауалға  жауап берді.
Саңлақ спортшы бүгінгі таңда да еліміздің бетке ұстар қыздарының бірі ретінде Парламент Мәжілісінде белсене қызмет атқарып, әсіресе, елімізде спорт  саласының  одан әрі дамуына лайықты үлесін қосуда. Халық қалаулысының қолы тие бермесе де, уақыт тауып,
астрахандықтармен емен-жарқын жүздесіп кетуі аудан жастарын отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге, спортқа баулуға өз игі ықпалын  тигізе түсетіні анық. Кездесу соңында Олимпиада чемпионы өз тілеулестеріне қолтаңба беріп, олармен естелік суретке түсті.

«Ақмола Медиа Орталығының»
хабары бойынша дайындалды.
Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар