Тәуелсіздік мерекесіне орай Көкшетау қаласының №7 жалпы орта білім беретін мектебі жанындағы шағын орталықта «Біз – тәуелсіз елміз» тақырыбында тәрбие сағаты өтті.
Шараның мақсаты балалардың туған өлкемізге деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту, елін, жерін сүюге, Отанын қастерлеуге, шыншылдыққа тәрбиелеу болып табылады. Тәрбие сағаты барысында бүлдіршіндер еліміздің тәуелсіздік алу жолындағы ата-бабаларымыздың ерлігі жайлы мағлұмат алды. Тәрбиешілер Замира Құдабаева мен Камета Дәулетова балаларға желтоқсан оқиғасына қатысқан аға-апалардың ерлігі жайлы баяндап, егемендік еліміздің баға жетпес байлығы екенін, оны баянды ету білімді, саналы, парасатты ұрпақтың қолында екенін айтты. Өз кезегінде балалар да тәуелсіздік тақырыбында өлең жолдарын жатқа айтып, әннен шашу шашты.
Шараға келген ата-аналардың бәрі шаштарына көк бантик тағып, қолдарына көк жалауша ұстаған сүйікті қыздарын да, жүздері сол жалаушаның әсерімен біртүрлі бал-бұл жанған ұл балаларын да танымай қалғандай болды. Өйткені, жас ұрпаққа кішкентайларынан керек осы бір тәрбие сағаты оларды есейтіп жібергендей, кәдімгідей өздері өсіп келе жатқан орта, егемен еліміз жайлы ойға бастағандай көрінді. Сүп-сүйкімді бүлдіршіндерімізді осылай әдемі кейіпке енгізіп, ертеңгілікті мазмұнды да әсерлі ете түскен тәрбиешілердің еңбегі айтуға тұрарлық.
Келесі жылы осындай мерекеде бұл балалар бір жасқа есейеді. Сонда қасиетті тәуелсіздігіміз туралы қазіргіден де көбірек біле түсетіні анық. Орталық қызметкерлерінің осы тұрғыдағы тынымсыз еңбектері бала үшін өсу мектебі болып өз жемісін бере бермек.
Көкшетау қалалық №7 жалпы орта білім беретін
мектеп жанындағы шағын орталық ұжымы.