Өскелең ұрпақтың бағыт алар темірқазық нысанасы алдыңғы буын ағалардың адал еңбекпен өрнектелген өмір жолдары. Солар шыққан биікке шығып, солар алқаған абыройлы жолмен жүру өміршең өнегенің өрімдері іспетті.
Жақсының жалпақ даласы жан жадыратар жақсы мысалдарға толы. Оның ішінде бәлкім ең бастысы болар, қоғамға қалтқысыз қызмет ету дәстүрлері. Ілкіден үзілмей келе жатқан осы бір жолды бүгін де жалғап, тұла бойындағы тамаша қасиеттерімен жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын тұлғалар аз емес. Осындай азаматтың бірі – Жарқайың ауданының статистика бөлімінің басшысы Жангелді Жанабеков.
Жангелді Қазтайұлы 1982 жылы Кеңес әскерлері қатарында борышын абыроймен өтеп келгеннен кейін алдында болашақ мамандық туралы тарам-тарам жол тұрды. Қайсысына түсіп, қай мамандықты еңгерген дұрыс. Қай салада жұмыс істесе қоғамға еңбегі көбірек сіңеді. Ол тұста ауыл баласының көпшілігінің көкейінде туған жерімді түлетсем деген ізгі арман жүретіні белгілі. Әрі жанға жақын тұсы да осы. Көз көрген, қол қаныққан шаруа. Осындай ойға берілген Жангелді Қазтайұлы сол кездегі Торғай облысына қарасты Қима ауданының Терісаққан ауылында №1 мал шаруашылығы бөлімшесінің бригадирі, аға зоотехник, селекционер болып жұмыс істеді. Төрт түлік малдың қайсысы болсын таңсық емес, бала жастан ел игілігінің бір пұшпағын илеп, ата-анасына қолғабыс жасап өскен. Кейін Державинск ауданының «Уәлиханов» совхозының бас зоотехнигі қызметін атқарды. Қасиетті Торғай даласы төрт түлік малға қолайлы-ақ жер. Қай тарапқа қарасаң да шалғынға тұнып тұрған шет-шегі жоқ шалқар дала. Мал да өсті, малшыға да барынша қолайлы жағдай туғызылды. Бас зоотехник күндіз-түні тыным таппай еңбек етті. Адал еңбегі елеусіз қалмады. Алғыс арқалады, құрметке бөленді.
Ауыл шаруашылығының жілігін шағып, майын ішетін білікті маманның Чапаев орта мектебінде география және биология пәндерінен сабақ бергені де бар. Кейін іскерлігін байқаған басқарушы органдар талабы күшті, талғамы биік маманды Жаңақала аудандық партия комитетінің нұсқаушылық қызметіне шақырды. Осылайша партиялық жұмыстың ішкі сырын ұғынып, бүге-шүгесіне дейін меңгерудің де сәті түсті. Титов атындағы кеңшарда партия бастауыш ұйымының хатшысы болып, ел ішіндегі саналуан шараға ұйытқы болып та жүрді. Кеңшар директорының өндіріс бойынша орынбасары қызметін де атқарды.
Тәжірибесі толыса келе, әу баста жүрегі қалаған өз мамандығына қайта оралған. Көңіл түкпіріндегі әлдебір сезім жүрек қалауына қапысыз әсер етеді екен. Осылайша Жаңадала ауданының Титов атындағы кеңшардың бас зоотехнигі болып шыға келді. қобалжитын ештеңе жоқ. Ең алғаш еңбек әліппесін бастағаннан бері үйренген, тәжірибе жинақтаған саласы. Оның үстіне мыңғыртып мал баққан Торғай даласындағы есте жоқ ескі кезеңнен бері үзілмей келе жатқан ата дәстүрі. Бірақ, отарлап қой, үйірлеп жылқы, қоралап қара мал бағудың да дәстүрі жаңғырып, жалғасады екен. Бұдан былайғы арада бағымдағы малдың өнімділігін арттыру үшін тұқымын жақсартып, мал үшін бруцеллез тәрізді жұқпалы аурулардан арылту керек. Тұқымы асыл малдың берері де мол болмақ. Жапан далада таңның атысы, күннің батысы мал соңында жүретін малсақ қауымның еңбегі де өтелмек. Бас зоотехник өз міндетіне білек сыбанып кіріскелі кеңшардың бұл тараптағы көрсеткіштері де жақсара түсті.
Кей-кейде үйдегі ойды базардағы нарықтың бұзатыны бар. Бар болмысы дүбірлі дала тынысын қалап тұратын, сол даланың шамшырағын жарқырата жағуға ұмтылғанымен, Жангелді Қазтайұлы 1997 жылдың маусым айында Торғай облысы статистика басқармасы Державинск бөлімшесінің бас маманы болып бекітілді. Мүлде тосын сала, әйтсе де әуел баста жаратқан ие тұла бойына ізденімпаздық, көргенді көңілге түйетін зеректік сыйлағандықтан болар, жаңа саланың да қыр-сырын аз уақыттың ішінде меңгеріп алды. Қалған ғұмыр осы саланың абыройын арттыруға бағышталды. Қызмет барысында да біртіндеп өсе бастады. Ең бастысы бұл саланың халыққа қаншалықты қажет екендігін, әр көрсеткіштің астында қоғамдық өмір тынысы жатқандығын түйсінді. Бұрын байқамайды екен, елдің өрлеуі, экономиканың дамуы, тіпті халықтың әл-ауқаты да көз алдында мөлдіреп тұратын болды. Тұп-тура тіршілік тамыршысы іспетті. Қай жерде де адал еңбектің жанары бар. Адал еңбек бағаланбай қалған емес. Білікті маман өзіне жүктелген жауапкершілікті мінсіз атқарумен қатар, артында өкшесін басып келе жатқан жас толқынға өзінің меңгерген біліктілігін үйретуден жалыққан емес. Күні ертең олар да салаға серпін бітірер қуатты күшке айналады.
Бүгінде Ақмола облыстық статистика басқармасы Жарқайың аудандық статистика бөлімі бастығының міндетін атқарып жүрген Жангелді Жанабеков өз саласының нағыз маманы. Адал еңбегіне орай алғыстан кенде болған жері жоқ. Кейіпкеріміздің өз ойынша ең бастысы қоғамға, жалпақ жұртқа пайдалы іс атқару.
Б.ҚАЙЫРЛИН.