Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов 11 айдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының оң серпіні және негізгі көрсеткіштер туралы жан-жақты баяндап берді.
Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 21 пайызға артқан. Бұл – республика бойынша ең жақсы көрсеткіштердің бірі. Ал, құрылыс жұмыстарының көлемі 32 пайызға өскен. Жыл басынан бері 570 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, шамамен 5 мың ақмолалық отбасы тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік алған. Сондай-ақ, баяндамашының айтуынша, жыл басынан бері негізгі көрсеткіштер бойынша өнеркәсіптің нақтылы көлем индексі – 110 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығында ол 118 пайыз, инвестициялар бойынша 101 пайыз, құрылыста 108,8 пайыз, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша 104 пайызға орындалады деп күтілуде.
– Ауыл шаруашылығымен қатар, облыс экономикасының үштен бірін құрайтын өнеркәсіп саласы басым сектор болып қала береді. Осыдан екі жыл бұрын облыс кәсіпорындары алғаш рет рекордтық 1 триллион теңгенің тауарлық өнімін шығарса, биылғы жылдың соңына қарай 1,5 триллион теңгенің көрсеткішіне жақындап қалдық. Ағымдағы жылдың 11 айында өндірістің нақты өсімі 10,6 пайыз болды, бұл республика бойынша бірінші орын, – деп атап өтілді баяндамада.
Есепті кезеңде кірпіш өндірісі де қарқынды өскен. Өсімдіктерді қорғау құралдары 1,5 есеге, ұн 44 пайызға, мамандандырылған көліктер 43 пайызға, өсімдік майы 27 пайызға және алтын өндірісі 13 пайызға көбейген. Ағымдағы жылы Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында бір мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, құны 150 миллиард теңгені құрайтын 7 нысан іске қосылған. Бурабай ауданындағы «G Gold», «SGS Brick» серіктестіктерінің кірпіш зауыты және Аршалы ауданында «SGS Beton» ЖШС-нің темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыты іске қосылатын болады. Жыл соңына дейін тағы бір нысан – Аршалы ауданындағы «Ақ-ДалаАгро» серіктестігінің құс фабрикасын пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, болашаққа арналған ірі инвестициялық жобалар да бар. Олар Көкшетау қаласы мен Зеренді ауданындағы «Unicorn Holdings» ЖШС жем зауыты мен құс фабрикасы және мал шаруашылығы кешенінің құрылысы, Аршалы ауданындағы «Борей Энерго» жел электр станциясы, Зеренді ауданындағы «Казах Даймондс» өнеркәсіптік алмаздар өңдеу зауыты және басқа да бірқатар жобалар.
– Ақмола облысы Қазақстанда туризмді дамытуда негізгі рөл атқарады. Ағымдағы жылы туристік объектілердің желісі Бурабай және Зеренді аудандарында 20 данаға кеңейді, – деген Е.Рамазанов, өңірдің туризм саласында 613 кәсіпорын жұмыс істейтінін, 16 санаторлық-курорттық мекеме, жол бойы сервисінің 186 субъектісі, туристік қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар 57 турфирма барын да атап өтті.
Сонымен қатар, Бурабай ауданында «Ақбура Резорт» жобасының, Ақкөл ауданында «Сенім» денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» емдеу-сауықтыру орталығының және «Уиндам Резиденс Акколь Клаб» Вэлнэсс СПА бағыты кешенінің құрылысы сияқты ірі жобалардың жүзеге асырылуын аяқтау жоспарлануда. «Фор сизанс» тұжырымдамасының шеңберінде туристік локацияны танымал ету үшін, 10 мың келушінің жалпы қамтылуымен 12 ірі іс-шара өткізілген.
– Жалпы, облыс бюджеті өткен жылмен салыстырғанда, ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін 1,7 есе өсіммен 494,3 миллиард теңгені құрады. Бұл ретте, бюджеттің әлеуметтік бағдарлануы сақталуда, шығындардың 50 пайыздан астамы әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Келесі жылы бұл көрсеткішті 60 пайызға дейін ұлғайту жоспарлануда, – деген Елдос Рамазанов брифинг соңында журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Рамиль ДУСУМОВ.