Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мейірім мен шапағат - АРҚА АЖАРЫ

Мейірім мен шапағат

Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы балалар мекемелеріне барып, ондағы жағдаймен танысты,  жеткіншектерді Жаңа жыл мейрамымен құттықтап, сыйлықтар тапсырды.

Психоневрологиялық аурулары бар мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетін стационарда бүгінде 50 адамға күтім жасалады. Ал, жартылай стационарда 20 адам ем-дом алып жүр.

–Штатта барлығы 143 адам қызмет етеді. Оның ішінде әкімшілік-басқару персоналында – 15 адам, әлеуметтік қызмет көрсететін мамандар саны – 34 адам, ал, медициналық персонал 18 адамнан құралған, оның төртеуі дәрігер. Бұл жерде балалар емделіп қана қоймай, белсенді түрде спортпен және шығармашылықпен айналысады. Оқушылар өз қолдарымен түрлі қолөнер бұйымдарын жасайды, спорттық жарыстарда жүлделі орындарға ие болады, керемет ән айтып, би де билейді, – деп атап өтті мекеме директоры Қуандық Сандыбаев.

Облыс әкімі келесі кезекте көкшелік 122 бала білім нәрімен сусындап жүрген қалалық №4 арнайы мектеп-интернатына барды. Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп қазақ және орыс тілінде білім береді. Бүгінде білім ордасында 94 маман қызмет етеді, оның ішінде педагогтер саны – 63.

–2022-2023 оқу жылында 122 оқушы білім алып жатыр. Оның ішінде: мектепалды сыныптарда 56 оқушы, 1-ден 4-сыныпқа дейін 27 оқушы, 5-тен 10-сыныпқа дейін 39 оқушы, – деп қосты мектеп директоры Алтын Мұстафина.

 

Облыста жетімдер үйінің болмауына барынша ат салысып жүрген Құралай Жұмабекованың еңбегін де назардан тыс қалдыру мүмкін еместей. Көкшетау қаласының «Аналар үйі» ресурстық орталығы бүгінде 6 ана мен 5 балаға көмек көрсетілуде. Бір болашақ ана да сол орталықты мекен етіп отыр. Орталық тағдыр қиындығына тап болған қыз-келіншектер мен олардың нәрестелеріне көмек берумен айналысады. 2014 жылдан 2022 жылға дейін 220 әйел мен 240 бала осы орталықтан көмек алды. Аналар үйіндегі әр жанның өз тарихы мен өткені бар. Осы үлкен отбасындағы балалар тәрбиелі де білімді азамат болып, ертеңгі күні өз жолдарын тапса, сол бақыт.

Өңір басшысы сапар барысында көпсалалы облыстық балалар ауруханасының жай-күйімен де танысып қайтты. 405 орындық ауруханада бүгінде 490-нан астам маман қызмет етеді. Ауруханада түрлі диагноздармен ем-дом алып жатқан бүлдіршіндердің назарына Ермек Боранбайұлы Көкшетау қалалық №2 мектеп лицейінің оқушысы Олжас Бекішті үлгі етіп көрсетті.  Оқушы жуырда бір топ итке таланып жатқан мысықты құтқарып, көптің көзайымына айналған еді. Өзі қорқып тұрса да, жалаң қол бұралқы иттерді қуып, мысықты құтқарып қалған. Ерлігіне тәнті болған облыс басшылығы Олжасқа жаңа жылдық сыйлық табыстады.

Облыс орталығындағы тағы бір көпбалалы, бақытты отбасылардың бірі – Целинко Светлана Васильевна мен Засеков Сергей Михайловичтің шаңырағы. Бүгінде олар 10 баланы тәрбиелеп отыр. Отбасындағы әр бала өнерлі әрі білімді. Тұңғыштары Алексей 2003 жылы 29 желтоқсанда туған. Бүгінде «Арна» колледжінің «техник-электрик» мамандығы бойынша 4 курс студенті. Кенжелері Вероника 2021 жылдың 27 желтоқсанында дүниеге келген. Өңір басшысы іссапар соңында белгілі ардагер Зура Шуатаеваның шаңырағына да барып, келе жатқан мерекемен құттықтап қайтты.

Жалпы, биылғы жыл «Балалар жылы» болып бекер бекітілмеген. Мемлекет басшысы ел болашағы жастардың қолында болғандықтан, оларға дұрыс білім мен тәрбие беру аса маңызды екендігін үнемі айтып келеді. Осы орайда, өскелең ұрпаққа материалдық құндылықпен қатар рухани азық сыйлауды да ұмытпаған жөн. Тағдырдың қиын кезеңіне тап болған жандарға қолдау көрсету, ұлт болып жұмыла көмек беру баршамызға парыз. Осы ретте, өңір басшылығы жақсы үлгі көрсетті деп ойлаймыз.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Суреттерді түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар