Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сақалды құрылыстар қосымша қыруар қаржыны «жұтып» жатыр - АРҚА АЖАРЫ

Сақалды құрылыстар қосымша қыруар қаржыны «жұтып» жатыр

Бюджеттің бүйірін шығармай, қыруар қаржының бейберекет жұмсалатын бір тұсы соңғы жылдары саңырауқұлақтай самсап тұрған сақалды құрылыстардың төңірегінде деп топшылауға толық негіз бар тәрізді.

Алдымен сақалды құрылыстардың санының күрт өсуіне не себеп болып тұр деген сойылдай сұрақ төңірегінде талдау жасап көрелік. Ең бастысы, алғашқы іргетасы қаланғаннан бастап сапасының сын көтермейтіндігінде жатса керек. Осыдан барып құрылыс жұмысы кешігеді. Ол екі ортада құрылыс материалдарының бағасының өзгеруі де әбден мүмкін. Қазір айта-айта жауыр болған осы сылтау өршіп тұр. Бір ғажабы, бұл тарапта бақылау кемшін. Ойға алған шаруа неге ойдағыдай орындалмады, қол бөгесін болған қай кемшілік, құрылыс компаниялары ырғалып-жырғалып, неліктен жүріп алды? Мәселенің мәнісіне барып жатқан ешкім жоқ. Айналып келгенде осының бәрі  артық ақша жұмсалуға себеп болады.

Алдымен сапа туралы айта кетелік. Биыл облыстағы құрылыс компанияларының сапасыз жұмысына байланысты 30 миллион теңге айыппұл салынды. Тексеріс нәтижесіне қарай 69 әкімшілік іс қозғалды. Бұл орайда, мамандар нысандарды салу  кезінде құрылыс технологиясы тап-тұйнақтай  сақтала бермейтіндігін айтып отыр. Тұрғындар тарапынан жаңадан салынған тұрғын үйлердің сапасына байланысты жиі айтылатын өкпе-наз да осы жерде туындайды. Ал, сақалды құрылыс деген самсап тұр. Қазір құрылыс материалдары күрт қымбаттап кетті деген желеумен миллиардтаған қаржы бағытталған нысандарды салып жатқан компаниялар қайта-қайта алақандарын жайып, қосымша қаражат сұрауда. Осы арасы түсініксіз. Әлбетте, кез-келген құрылыс жұмысының  жобалық-сметалық құжаттары толтырылады. Қаражат та бөлінеді. Тек салыну уақыты ұзап кеткеннен кейін баға өзгеріп кетті деген байбалам шығады. Осы арада жемқорлықтың құлағы қылтиып тұрған тәрізді.

«Аманат» партиясының облыстық филиалының комиссиясы өңірдегі нысандарға мониторинг жүргізіпті. Комиссия алдымен Аршалы ауданындағы Аршалы, Жібек жолы, Жалтыркөл елді мекендеріне көгілдір отын тарту желілеріне назар аударған. Жоғарыда аталған ауылдарда өткен жылдың соңына дейін ұзындығы 382,3 шақырым болатын газ желісін тарту жоспарланған. Алдын-ала екшеліп, бекітілген тізімге сәйкес Целиноград және Аршалы аудандарындағы Аршалы кенті мен Аққайың, Қоянды, Шұбар, Жібек жолы, Жалтыркөл ауылдарына табиғи газ құбырлары тартылуға тиісті еді. Аршалы мен Жалтыркөл ауылдарындағы жұмыс уақытылы жүзеге асырылып, 134,5 шақырым газ желісі төселді. Әйтсе де, құрылыс материалдары қымбаттап кетті деген жаны сірі желеумен 6 жобаның төртеуі бойынша жобалық-сметалық құжат түзетілуге тапсырылған. Мәселенің мәнісіне тереңірек тоқталатын болсақ, Жібек жолы ауылындағы бұл тараптағы жұмыстың тек 48 пайызы ғана орындалған. Сөйтіп, 110 шақырым ғана желі төселген. Аққайың ауылында да дәл осындай көрініс. Алдын ала жасалған жоспар небары 86 пайызға ғана орындалған. Ал, Қоянды мен Шұбар елді мекендеріндегі бұл орайдағы жағдай тіпті қиын. Газ құбырының аз ғана бөлігі төселген болып шықты. Енді қосымша тағы да қаншама қаражат бөлінуі керек. Егер алдын ала жасалған жоспар бойынша бар жұмыс тиянақты атқарылса, онсыз да бүйірі шықпай жатқан бюджетке қосымша жүк болмас еді.

Сақалды құрылыстың тағы бірі – Аршалы ауданындағы Жалтыркөл ауылында салынуға тиісті 300 орындық білім ошағы. Бұл құрылысқа өткен жылы бөлінуі тиіс 518,1 миллион теңгенің тек 87,9 миллион теңгесі ғана бағытталған. Облыстық бюджеттен бөлінетін 136,4 миллион теңге толық аударылған. Әйтсе де, құрылыс жұмыстары қарқын алып кете алмады. Енді биыл жалғастырылмақ. Құрылыс компаниясының алдын ала жасалған есебіне қарағанда, бар шаруаны тап-тұйнақтай етіп атқару үшін облыстық бюджеттен тағы да қосымша 430,2 миллион теңге қажет екен. Міне, осылайша іс сағыздай созылып, қыруар қаржыны жұтып жатыр.

Көкшетау қаласында да бұл тараптағы ретсіздік менмұндалап, самсап тұр. Жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақхана құрылыстары іркіліп қалған. Енді тағы да бағаның өзгеруіне байланысты түзетулер енгізілмек. Өткен жылы үш бірдей жатақхана жобасының қымбаттауы орын алған. Айталық, Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық колледждің жатақханасын толық аяқтау үшін әлі де 1207,3  миллион теңге қажет. Облыстық бюджеттен  2023 жылы 856,8 миллион теңге  қарастырылып отыр. Бюджетке қосымша тағы да жүк түспек.

Бөлінген қаражат жетпей қалды деген байбалам бала бақшалар құрылысында да бой көтеріп тұр. Айталық, облыс орталығындағы тіл кемістігі бар балаларға арналған 280 орындық бала бақша құрылысына облыстық бюджеттен өткен жылы 251 миллион теңге бағытталған. Оған қоса алдағы жылға 500 миллион теңге қарастырылған. Дегенмен, бала бақша құрылысын толық аяқтау үшін бағаның өзгеруіне байланысты 1120,2 миллион теңге керек болып тұр. Қазіргі уақытта бұл нысанның сыртқы және ішкі қабырғаларын қалау тәрізді жұмыстар жүргізілуде. Облыс орталығының іргесіндегі Нұрлыкөш ауылындағы 280 орындық бала бақша жобасына да түзету енгізіліп, қаражаттың жетіспеушілігінен құрылыс бағасы тіптен шарықтап кеткен. Облыстық бюджеттен  272,5 миллион теңге бөлінгенімен, жоба жалынан ұстатар емес. Биыл тағы да 706,5 миллион теңге бағыттау жоспарланыпты. Қазіргі уақытта ғимараттың ішкі және сыртқы қабырғаларының кірпіші қаланып, екінші қабаты төбесі жабылып жатыр. Уақытында қаржыландырылмағандықтан, ауадай қажет болып отырған нысанда пайдалануға беру мерзімі ұзартылған.

Өңірде мұндай өңі қашқан құрылыс жұмыстары аз емес. Соның бір парасын Бурабай ауданынан кезіктіруге болады. Щучинск қаласындағы көпсалалы спорт сарайы мен 4 тұрғын үйдің құрылысы тоқырап тұр. «Қазбайлық Астана» мердігерлік компаниясы салып жатқан әрқайсысы 45 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенімен, аталмыш нысандар аяқталған жоқ. Тіпті, бар жұмысы өткен жылы бітеді делінген  дәрігерлерге арналған тұрғын үй мен тағы бір 45 пәтерлі үй құрылысы қаңтарылып тұр. Мердігер компания өткен жылы жобаға түзету енгізіп, тағы да қаржы алғанымен, бұл жерде де берекесіздік орын алуда.

Алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін сақалды құрылысы самсап тұрған өңірде жиі-жиі мониторинг жүргізіліп, саланың серпінін жиі бақылап отырған жөн тәрізді. Әйтпесе, қожыраған іс қоң бітірер емес…

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар