Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ даласының Батыры - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ даласының Батыры

Арқаның  көкорай белдері мен қия беткейлері, ұсақ шоқылы таулары мен жоталары бір-бірімен жалғасып жатқан кең жазира даласында жер жәннаты атанған Қарқаралы, Қу тауларының сұлбасы алыстан мен мұндалайды. Осы Қарқаралы мен Қу тауының ортасында Қоянды деп аталып кеткен жазық дала бар.

Бұл жерде 1845 жылы іргетасы қаланған атақты Қоянды жәрмеңкесінің жұрты қалған. Ол уақытта өнер мен білімнің, сауда-саттықтың, небір ығайлар мен сығайлардың басын қосқан, халқымыздың мақтан тұтар ұлдары Қажымұқан, Иманжүсіп, Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Балуан Шолақ, тағы да басқа қайталанбас дара тұлғалардың сауық сайран құрған мекені болды дегенге бүгінгі күні кім сенер.
Атақты Қоянды жәрмеңкесінде сол кезде телеграф, пошта байланысы жұмыс істепті. Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай қажы салған қонақ үй және татар, орыс көпестерінің тастан қаланған сәулетті дүкендері мен ақ шағаладай қаз-қатар салынған хан сарайындай ғимараттары болған. Қазір мұның бәрі аңыз, ертегі сияқты. Кейде естіген естеліктер бойынша ойша жәрмеңкенің кескін-келбетін көз алдыңа елестетесің.
Қарқаралы уезіне қарасты Қу болысында 1886 жылы дүниеге келген әжем Күлиша Омарқызы атақты Қоянды жәрмеңкесінде Қазақ даласының Батыры атанған грек-рим және еркін күрестен дүниежүзінің алты дүркін чемпионы, халқымыздың маңдайына біткен алып күштің иесі Қажымұқан балуанды қалай жүздестіріп, көргенін талай рет әңгімелеп берген еді.
Әжем марқұм 1985 жылы 99 жасында қайтыс болды. Ақтар қашқан жылдар мен 1932 жылдың ашаршылығын, қуғын-сүргінді басынан өткізген, оқымаса да тумысынан зерек, есте сақтау қабілеті жақсы болатын. Әңгімені майын тамызып айтушы еді, иманды болғыр. Бала болсам да әжемнің көптеген әңгімелері есімде қалыпты.
Қоянды жәрмеңкесінде жылдың екі мезгілінде сауда-саттық жүргізіліп ірі-қара,  жылқы, ұсақ мал сатылып, тағы да басқа тұрмыстық қажетті бұйымдар мен жиһаздар тауар айналымына шығарылып отырған. Бірде осындай сауда-саттық қызу жүріп жатқанда елді аузына қаратқан жауырыны жерге тимеген атақты балуан Қажымұқан келеді. Әжем әңгімесін онан әрі былай деп жалғастырады.
– Қажымұқан келді дегенді естіп қатын-қалаш, бала-шаға, үлкен-кішісі бар барлығымыз жапатармағай жүгіріп алдынан шықтық. Халық қара-құрым. Бір-біріне жол бермей, бір-бірін таптап балуанды көруге ынтығуда. Тау тұлғалы, екі иығына екі кісі мінгендей алып, нағыз шойын қараның өзі балпаң басып келе жатты. Балаша мәз болып қызыға қараған жұртта шек жоқ. Балуан десе балуан, мойны жуан, білегінің бұлшық еттері бөлек-бөлек бураның санындай, бәріміз сүйсіне қараймыз. Бір қызығы құлағы, ерні, мұрны жырық, бір дүлей күш жұлып алғандай және өзі қырылдап, барылдап сөйлейді екен. Қажымұқан қымыз ішіп, ет жеп киіз үйдің ішінде отырғанда да есіктен, керегеден сығалап көріп балуанның қасынан кетпей қойдық.
Ол кезде жаспыз. Әлі күнге дейін Қажымұқан балуанның бейнесі көз алдымда, күні бүгінге дейін ұмытқан емеспін   дейтін жасы тоқсаннан асып кетсе де көргендерін жыр қылып айтатын әжем. «Осы Қоянды жәрмеңкесінде атақты әнші, сері Мәди Бәпиұлын да көрдім. Бойшаң, денелі келген қызыл шырайлы, ақ сары өңді, өткір көзді кісі болатын» – дейтін ол.
Үш жүзге аты мәлім әнші Майра Уәлиқызы Қояндыда Қажымұқанды кездестіріп қалып, түйенің үлкендігіндей дәу қара тасты көрсетіп «Үйімнің маңын шаң басып кетті, мынау тастың орнына үй тіксем бе екен» дейді. Сонда Қажымұқан Майраның күшін сынау үшін әдейі айтып тұрғанын түсініп: «Сынасаң сына Майра» деп жаңағы дәу қара тасты жұғын құрлы көрмей орнынан көтеріп, аударып тастайды. Ол туралы Қажымұқан қартайып бойынан күші кетіп, жасы жетпістен асқанда айтқан өлең жолдарында кездеседі.
Бір тас бар, Қояндыда балуан тас,
Жасымнан жыл он екі ай болдым мұңдас.
Сол тастай жұртта қалған мен жатырмын,
Қайран күш бір кеткен соң қайта қонбас.
Қайран күш бір кеткен соң қайта қонбас,
Қанша жыл болсаң дағы жақсы жолдас.
Туған жер, алтын бесік атамекен,
Сүймеген елін, жұртын жігіт оңбас, – дейді.
Қажымұқан бабамыз әлемнің барлық елдерді аралап, тіпті мұхит асып, Америкаға дейін барып, жауырыны жерге тимеген мықты балуандарды жығып, дүние жүзінің алты дүркін чемпионы атанды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында балуан майданға да бармақ болыпты. Бірақ, жасы келіп қалған соң, соғысқа алмайды. Ол ел аралап, цирк ойындарын көрсетіп, ақша жинап ұшақ жасатып, майданға жібереді. Бұл ұшақпен қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаев 120 рет фашистердің үстінен шүйлігіп, бомбалаған.
Соғыс аяқталған соң Қажытай «Қажымұқан» атындағы ұшақпен 1945 жылы 24 маусымда болған Ұлы Жеңіске арналған шеруге қатысады. Әйгілі балуанға республика Орталық Атқару Комитетінің Президиумының Жарлығымен 1927 жылы «Қазақ даласының Батыры» деген құрметті атақ  берілген болатын.
Биыл туғанына 145 жыл толып отырған Қажымұқан бабамыздай алыптар мың жылда бір рет туатын шығар. Қазақтың атын әлемге таратқан батыр бабамыздың есімін туған халқы ешқашанда ұмытпайды.

Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.

Атбасар қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар