Жаныңа жақын адам туралы өткен шақтан әңгіме қозғау өте қиын. Мына бес күндік жалғанда ешкім мәңгі өмір сүрмейді. Тағдырға амал бар ма? Бірі дүниеге шыр етіп келіп жатса, бірі келместің кемесіне мініп, мәңгілік оралмас сапарға аттанып жатуы – өмір заңдылығы.
Мұны іштей түсінсек те, кеудеде лүп-лүп соққан жүрек сұм ажалдың келгеніне сенбей алқынатыны тағы бар. Өз бойындағы кісілік қасиетімен, адамгершілік кескін-келбетімен маңайдағы адамдарды баурап, жылы шуақ таратып тұратын адамдар болады. Тіршілігінде табиғат сыйлаған қарым-қабілеті арқылы еліне еңбек еткен абзал азамат сыйлы құдамыз Қайреден Кәрібайұлы Кәрібаев Есіл өңірінің тумасы, шағын Толқынкөл ауылында 1936 жылы сәуірдің 18-і күні дүниеге келген. Қазақ халқына орны толмас қайғы-қасірет әкелген нәубет жылдары анасы Орынбасар жұртпен бірге масақ теріп, қызы Айшаны, ұлы Қайреденді аман алып қалған. Өкінішке орай, анасы жұмыста жүргенде бес-алты жасар Қайреденнің інісі Қайролла өзенге шомылуға барғанда суға кетіп, о дүниелік болыпты.
Жылдар өткен сайын қарттарымыздың қатары
сиреп, азайып келеді. Алайда, арамызда жақсылықтың жаршысы болып, бүгінгі жастарға өнегелі өмір жолын салып кеткен жандар аз емес. Сол белсенді аға буындардың бірі – Қайреден Кәрібайұлы.
Қайреден Кәрібайұлы еңбек жолын 1952 жылы өзінің туған ауылы Толқынкөлде, қарапайым тәрбиешіден бастап,
аудан мен облыс басшысына, мемлекет көлемінде саяси қайраткер дәрежесіне дейін көтерілуі ерлікке тең ерекше еңбектің нәтижесі деп білеміз. Жарқын да жайсаң, жасампаз өмірдің ғажайып баспалдақтарынан өткен, марқұм Қайреденнің есімі кең жазира Арқа атырабындағы Ақмола облысына кеңінен тараған. Өйткені, ол адал еңбегімен, ерекше адамдық қасиетімен, халыққа жақындығымен, қайсар мінезімен, парасат пайымымен, облыс жұртшылығының ілтипаты мен ықыласына бөленген адам еді. Сонымен қатар, сұрапыл соғыс кезінде жас бала болса да, өмірдің бір адамға жүк болар соқпағын көріп өскен соғыс баласы. Қайреден Кәрібайұлының қоғамдық өмірге белсене араласқандығы мен адал еңбегі үшін алған екі «Қызыл Ту» (1975,1980), «Құрмет белгісі» (1972) ордендерімен және төрт медальмен марапатталған.
Бұрын Қайрекеңді атын естігенім болмаса, өзін түстеп көрген жоқ едім, онымен бізді тағдырдың өзі табыс-
тырды. Жаңадан Теңіз
ауданы құрылғанда жаңа ауданның партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды, ал, мен болсам, сол аупарткомның хатшысы қызметіне жоғарғы партия мектебінен шақыртылып сайландым. Яғни, Қайрекең басшылықтың тізгінін ұстады, ал, мен болсам оң қолының бірі болып келдім, жүрекпен ұғысып, ақ тілекпен табысып, біріміз аға, екіншіміз інілік парызымызды адал атқардық деп ойлаймын. Адамды түсінен де, ісінен де, жүріс-тұрысынан да айнымай тани білетін осы қасиеті бізді әрдайым таңқалдыратын. Теңіз өңірінде болған 7-8 жылда біздер, бір ауыз сөзге келмей, әрқайсымыз ыммен түсінісіп, бір-бірімізді құрметтей де, сыйлай да білдік. Ақыры төсекте басымыз, төскейде малымыз қосылған мың жылдық құда болдық. Қандай жұмысты қолына алса да, соңына дейін жеткізбей қоймайтын еңбекқор адам еді. Жұмыста талапшыл азамат, отбасында аяулы жар, сүйікті әке бола білді. Жұбайы Роза екеуі Серік, Қабиден, Бауыржан, Бейбіт, Сәбит есімді бес ұлдарын және Зәуре есімді қызын қатарынан қалдырмай, тәрбиелеп өсірді.
Осындай атпал азаматтың о дүниелік болғанына 1 шілде күні сегіз жыл толды. Бүгін арамызда жүрсе 80 жастан асар еді, сұм ажал оны ерте алып кетті. Бірақ, «өлді деу-ге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп ұлы Абай айтқандай, соңында өлмес ісі қалған, көп аудандардың өсіп дамуына сүбелі үлес қосқан, оның ішінде кең жазық са-йын далада, өмірдің талабына сай жаңа Теңіз ауданын құрып, оның экономикасын көтеруге зор еңбек еткен еді. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде қыруар игілікті істердің басын қайырған, өмірге деген көзқарасының, белсенділігінің, еліне деген сүйіспеншілігі мен азаматтығының арқасында елінің елеулісі, халқының қалаулысы бола білген Қайрекең бар саналы өмірін халыққа, ел игілігіне арнап, соңында өшпес із қалдырған айтулы тұлға. Бүгінгі күні еліне өлшеусіз еңбек сіңірген ағамыз, әрі әріптесіміз Қайрекеңді еске алып, жатқан жерің жарық болсын, орның жұмақтың төрінде болсын дей отырып, саналы ғұмырымызда артыңыздан ерген інілеріңіз есімің мен ісіңді мәңгі ұмытпаймыз дегіміз келеді.
Аманкелді ҚҰСАЙЫНҰЛЫ,
Целиноград ауданының құрметті азаматы.