Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Талпынған жан табысты болмақ - АРҚА АЖАРЫ

Талпынған жан табысты болмақ

Соңғы уақытта халықтың әл-ауқатын арттыруға мол мүмкіндік жасалуда. Өңірде өз кәсібін дөңгелетіп, алға ұмтылуға ынтыққан 200-ден астам адам грантқа ие болып отыр. Бір жақсысы, мұндай тәуекелге бел буған адамдардың басым көпшілігі ауылдық жерден.

Жатыпішер жалқауға бүйрегі бұрыла қоймайтын қатал нарықтың талабы әншейінде тәңір өзі жарылқайдыны көп айтатын кең қолтық ауыл адамдарын да қалыпқа түсіре бастады. Жалғыз мал сүмесімен күн көру қиынның қиыны. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп жан бағатын заман келмеске кеткен. Қазір көпшілік қолы қимылдаса, аузы қимылдайтынды түсініп, тырбанып тіршілік ете бастады. Бір жақсысы, тақа масылдық меңдеп кетпесе, алға ұмтылғанды қос қолтығынан періштедей жебейтін мемлекеттік қамқорлық шашетектен. Ауыл адамдары да кәсіп үйренуде. Шарапаты да аз емес. Несібе өздеріне ғана емес, бірге қанаттасып жұмыс істейтін ауылдастарына да бұйыратын түрі бар. Күні кешегі жұмыссыз адам бүгін жұмыс берушіге айналған.

Шалғайдағы Жаңақима ауылының тұрғыны Тілектес Тұрлыбекова білім ошағында отызға жылға жуық технология пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Күндердің бір күнінде бизнеспен айналыссам деген үміттің жанына байыз таптырмағаны. Қолқанаты – қызы. Сенері де сол. Көз көріп, қол жаттықпаған соң күмән да аз болмайды екен. Әуелі өз ісін енді бастайтын болашақ кәсіпкерлермен бірге арнайы курстарда оқыды. Оңы мен солын таразы басына тартты. Қолына қайтарымсыз грант тигеннен кейін тігін машинасын сатып алып, бөлмесін жабдықтады.

–Ел іші болған соң сұраныс болады, – дейді кәсіпкер Тілектес Тұрлыбекова, – біздің ісімізден құлақтанғаннан кейін ауылдастар келе бастады. Біз төсек жабдықтарын, көрпе, әртүрлі әдемі перделер тігеміз. Құрақ көрпе тігіп берші деп өтініш айтатындар бар. Киім тігуге тапсырыс түсе бастады. Ең бастысы адал жұмыс істеу әрі қызметтің қолжетімділігін де ойлағанымыз жөн.

Жергілікті жұрт жақсы іс жайлы бірден құлақтанған. Пысық келіншектер біздің кейіпкеріміз тәрізді өз істерін ұйымдастыруға бейілді. Осы ауылдың тұрғыны Айман Сүменованың айтуына қарағанда, тігіншілікке бел буып отырған жайы бар. Алғашқы табысты іс шағын ауылда екі қолын алдына сыйғыза алмай отырған жастарға кәдімгідей ой салған. «Кім білген, бұлай да табыс табуға болады екен ғой» деп таңданысады олар. Ауданда мемлекеттік гранттың көмегімен 10 адам өз бизнесін дөңгелетіп отыр. Олар автокөлік жөндейтін орталық, тігін цехы, жылыжай ашқан. Тіпті, ағылшын тілін оқытатын мектеп те пайда болыпты. Дәтке қуаты, өз кәсібіңді ашып, өз қолыңды өз аузыма жеткіземін деп ұмтылғандардың арасында мүмкіндігі шектеулі адамдар да бар.

–Әр жыл сайын бизнес ашуға берілетін грант көлемі ұлғайып келеді, – дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ербол Оспанов, – алғашқы жылдары 15-20 миллион теңге көлемінде болса, өткен жылы 130 миллион теңге бағытталды. Биыл 180 миллион теңге берілмек. Жергілікті бюджеттен қосымша 100 миллион теңге қарастырылып отыр.

Шынында да өз ісін бастаймын дегендерге көп-көрім көмек емес пе?  Бір айта кетерлігі, болашағы бар бизнес идеялардың ішінде ең ұтымдысы сараланады екен. Тиімді істің тігісі қашанда жатық болады емес пе?

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар