«БАҚ туралы заңнамаға өзгерістер әлі де енгізіледі. Бүгінде жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Заңға қатысты сын-пікір айтқан әріптестерімізбен кездесу де жоспарда бар. Заңнама әлі талқылану үстінде. Мәжілістің қарауына әлі жеткен жоқ. БАҚ туралы заңды жетілдіре түсуде Мәжіліске дейін біраз жұмыс істеу керек. Осы орайда заң жобасына қатысты пікір айтып жүрген әріптестерімізді Мәжілістің жұмыс тобына шақырамыз. Айтылып жатқан сындардан хабарымыз бар», — деді Дархан Қыдырәлі Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап бере отырып.
Еске салайық, БАҚ туралы заң жобасы 27 қаңтарға дейін қоғам талқылауында болды.
БАҚ туралы жаңа заңда қандай өзгерістер болатыны туралы жазған едік.
«Заң жобасы аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту жоспарланған. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері туралы заңға түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектейтін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті, сондай-ақ ақпарат саласын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік», — деген еді Ақпарат министрі.