Мектепте жүрген кез-келген оқушы баладан анаңа ұқсар жан бар мадегенді сұрай қалсаңыз, олар міндетті түрде өздері жақсы көретін ұстаздың есімін жарыса айта жөнелетіні белгілі. Бала жүрегін алдай алмайсың ғой. Халықтың да көзі қырағы. Жан баласы жақсы мұғалімді анасына балайтыны тегіннен-тегін емес-ау, дейсің мұндайда!
Қосшы қаласындағы ІТ мектеп-лицейінің математика пәнінің жоғары санатты мұғалімі, педагог-шебер, Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Ризагүл Байғанат бар саналы ғұмырын педагогика саласымен сабақтастырып, жүздеген шәкірт жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаздардың бірі. Бойжеткен шағында жүрек қалауымен ұстаздық деген ұлы жолды таңдаған ол күні бүгінге дейін өз мамандығына адалдықпен қарап, абырой биігінен көрініп келеді. Ризагүл Байғанаттың еңбек жолында алған асуы, бағындырған биігі көп. Олардың барлығын санамалап айтып шығу да мүмкін еместей. Бір ғана мысал. Өткен 2022 жылы Ризагүл Байғанат республикамыздағы «Үздік ұстаз» байқауының жеңімпазы атанғанының өзі, ұлағатты ұстаздың білім мен білік дәрежесін айқындап тұрғандай.
1999 жылы Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегі атанған сәттен жолдама бойынша Астрахан ауданының №2 жалпы білім беретін Жалтыр орта мектебіне жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолын осы мектептен бастайды. Ауыл балаларын білімге баулып, қаншама жауқазынды білім нәрімен сусындатты. Мектеп табалдырығын имене аттаған талай бүлдіршіннің алғашқы ұстазы атанып, үлкен өмірге қадам басуына септігін тигізді. Әр баланы жанына жақын тартып, анасындай қамқорлыққа бөледі.
Алғашқыда бір-екі жыл жұмыс істеп қала орталығына қарай ауысармыз деген ниетпен келген жас педагогтердің отбасы осы мектепте табан аудармастан 23 жыл еңбек етсе керек. «Ондағы ауылдың ерекше ықыласы, кеңпейілі жібермеді, ауылға үйреніп кеткеніміз соншалық, ауылдың әрбір баласы өзіміздің туған баламыздай болып кетті. Ел халқына қатты бауыр басып қалдық» деді Ризагүлдің өзі әңгіме барысында. Тәжірибелі маман биылғы оқу жылынан бастап Қосшы қаласына қоныс аударып, осындағы ІТ мектеп-лийеінде еңбек етуде. Бірден айта кеткеніміз абзал. Ризагүл Байғанаттың жанжары да мұғалім. Ол кісі үстел теннисі бойынша жаттықтырушы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі екен. Өнегелі отбасында үш бала дүниеге келіп, бүгінде олардың әрқайсысы ел дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген абыройлы жандар.
– Ұстаз болу бала күнгі арманым еді. Оқушы кезімнен мектептегі ұстаздарымның жүріс-тұрысы, байсалдылығы, парасат-пайымын өзіме үлгі тұттым. Мектепте математика пәнін ерекше жақсы көретінмін. Он бірінші сыныпты тәмамдаған сәтте, әкемнің егіз сыңары бар, сол ағатайым мені шақырып алып, қызым өлең жазуға қабілетің бар ғой, бәлкім журналистика саласына барып, бағыңды сынап көрсең қайтеді, аталарымыздың бізге қалдырған мол мұрасын кітап етіп шығарамыз деді. Бірақ, жүрек қалауым ұстаздық болған соң, әуелгі арманымды жасырмай айттым. Үйдегілердің ақ батасымен арманыма қанат бітіп, арайлы Астанадағы белді жоғары оқу орнының түлегі атандым, – дейді Ризагүл Байғанат бізбен болған әңгіме барысында.
Жалпы жан баласының мерейін арттыратын да, өсіретін де, өшіретін де, жүрегіне үміт отын сыйлайтын да, арманына қанат бітіретін де жылы сөз. Ризагүл де бұл ойды құптап өз басынан өткен жайттарды алға тарта отырды. Ол әңгіме барысында өзі мектеп оқушысы кезінде математика пәнін өте жақсы көретінін бір емес бірнеше рет қайталап өтті. Бұл қабілетін байқаған ұстазы Болат ағай да сыныптағы отыз оқушының ішінде берілген тапсырманы ең шапшаң, ең жылдам орындайтын Ризагүлдің қабілетіне ерекше тәнті болған екен.
– Сол кездегі мұғалімнің берген ықпалы болған шығар деп ойлаймын. Мадақтап отырып, тапсырманың үстіне тапсырма беріп, менің қабілетімді шыңдап, білімімді арттырғанының арқасында ма, осы салаға деген қызығушылығым арта түсті, – дейді ол.
Сабақ барысында мұғалім сыныптастарына бір тапсырма берсе, Ризагүлге қиынырақ есептерден құралған басқа тапсырма береді екен. Ризагүл мұғалімнің сенім үдесінен шығып, әрдайым берілген тапсырмаларды ешбір қатесіз орындап отыратын болған. Сол есептерді шығарғанша тыным таппай, қосымша ілім іздеп, кітапханаларға барып, білімін толықтыруға тырысатын. Кезінде ұстаздың шапағатын көрген Ризагүл мұғалім бүгінде өз шәкірттеріне де осындай зор қамқорлық көрсектіп отыр. Ұлағаттың ұстаздың тәлімін алған шәкірттерінің басым көпшілігі білім байқауларында үздік атанып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Олардың қатарында аудандық, облыстық республикалық, халықаралық пән олимпиадаларының, білім сайыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
Ризагүл Байғанат «Ақпараттық технологияларды қолдану арқылы оқушыларды шығармашылыққа баулу» әдістемелік тақырыбы бойынша жемісті еңбек етуде. Мұғалімнің білім берудегі жүйесі ақпараттандыру арқылы оқушылардың компьютерлік сауаттылығын арттыру, сөйтіп өзін-өзі дамытуын, мамандық таңдауға мүмкіндігін, уақытты үнемдеуін, өмірлік қажеттілігі мен қызығушылығын, есте сақтау жүйесін арттыруды, біліктілігін көтеруін, көру арқылы ой қорытуын қамтамасыз етеді. Сабақтарында шәкірттерінің ойлау қабілетін, тапқырлығын, шеберлігін, білім, білік, дағдыларын айқындайтын зерттеушілік, шығармашылық тапсырмалар басым: жобалау, электрондық оқулық жасау, тест құрастыру, оны сыныпқа ұсыну, орындау, логикалық есептер, сызбалар мен графиктерді пайдаланып түрлі кескін жасауға баулиды. Ол 2020-2021 оқу жылы республикалық «Теле-сабақтарда» тәуелсіз эксперт қызметін атқарып, министрдің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Ризагүл Байғанат республикамызға танымал ұстаздардың қатарына жатқызуға болады. Өйткені ол өзінің іс-тәжірибесін республикалық әдістемелік басылымдарға және ғаламтор беттеріне жиі жариялап отырады. Өткен жылы білікті маман ретінде «Абай» телеарнасында сұхбат беріп, тәжірибелі ұстаздың жетістіктері республикалық телеарнада көрсетілді. Сонымен қатар, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі іс-шараларға, ғылыми конференцияларға, семинарларға, олимпиадаларға, байқауларға қатысып өзі де, оқушылары да жүлделі орындарға ие болып жүр. Солардың бір парасын ғана тілге тиек етсек, 2020 жылы Ақмола облысы әкімінен «Педагогтің адал еңбегі үшін» атағы мен төсбелгісі және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сертификатқа ие болды.
2021 жылы Республикалық on-line режимінде ұйымдастырылған «Оқу үдерісін ұйымдастырудағы тиімді тәсілдерді қолдану мен даярлау сапасын арттыру шарты ретінде: үздік білім беру тәжірибесі — уақыт талабы» атты форумға белсене қатысып, «Оқыту сапасын, оқыту мен білім беру практикасының тиімділігін арттыру» тақырыбы бойынша оқушылардың білім сапасын арттыруға негізделген озық тәжірибесімен бөлісті.2021 жылы республикалық «Теле сабақтар» жобасына тәуелсіз сарапшы ретінде қатысты. 2019 жылы 8 сыныпқа «Алгебра» оқулығы бойынша «Шешімдер жинағы» жарық көрді. 2019 облыстық деңгейде авторлық бағдарламасы сәтті қорғалып, облыстық білім басқармасының сайтында тіркелді. Мұғалімнің бұдан басқа бірнеше авторлық әдістемелік жинақтары жарық көрген.
Жалпы Ризагүл Байғанаттың осы жылдар аралығында алған марапаты мен атқарған еселі еңбегі бір кітапқа жүк болардай. Барлығын жіпке тізгендей санамалап айтып шығу мүмкін емес. Басты мақсат шәкірт жүрегіне жол тапқан, жүрегі ізгілік пен мейірімге толы абзал жанның еселі еңбегіне алғыс айту. Ұстаз болу ардың ісі. Сол ізгілікті жолда тек жақсылық тілейміз.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қосшы қаласы.